Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.08.2005 жыл


Лондонда орын алған террористік актілер Қазақстанда жұма күні жарық көрген мерзімді басылымдар назар қойған тақырып болыпты. Қазақстандық басылымдардың хабарлауынша, лаңкестік оқиғадан кейін Лондонның орталығындағы теміржол вокзалдары мен метро стансаларының бәрі жабылып, қоғамдық көлік пен метропоездардың қозғалысы тоқтатылған. Барлық ауруханалар төтенше жағдай тәртібіне көшірілген.

“Айқын” басылымының жұма күнгі санында жарық көрген бас мақалада бейсенбідегі түс әлетінде Ұлыбританияның астанасы Лондонда ірі жарылыстың болғандығы хабарланыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, жарылыс алдымен метрода болған. Лондонның қаржы орталығындағы алты метро стансасында болған лаңкестік оқиғадан кейін пойыздар бір-бірімен соғылысып, ауыр шығын келген. Газет тілшісінің хабарлауынша, метродағы жарылыстан соң бірнеше минут өткеннен кейін қала орталығында жолаушылар тасымалдайтын екі қабатты үш автобус жарылған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс қуатының күшті болғандығы соншама, автобус екі бөлікке бөлініп көкке ұшқан. Мақала авторының айтуынша, лаңкестік оқиғадан кейін Лондонның орталығындағы теміржол вокзалдары мен метро стансаларының бәрі жабылған. Қоғамдық көлік пен метропоездардың қозғалысы тоқтатылған. Барлық ауруханалар төтенше жағдай режиміне көшірілген. Лаңкестікпен күрес жөніндегі сарапшы Крисс Беланың пікірінше, “бұл алдын-ала жоспарланған террористік акт”. Сондай-ақ “Айқын” басылымында бет қатталып жатқан кезде, Лондондағы болған ірі терактіні “әл-Қайда” джихатының құпия ұйымы” теракті тобының өз мойнына алғандығы туралы ақпарат келіп түсіпті.

“Литер” басылымы да бұл тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Газеттің бірінші бетінде жарық көрген “Лондонда жарылыс болды” атты Иван Петровтың мақаласында “Sky News” телеарнасының автобустың жанкешті-терроршы жарды деп таратқан ақпараты келтіріліпті. Сондай-ақ автор өз мақаласында осыдан бір жыл бұрын “Аль-Мухаджируй” атты радикалды исламдық ұйымның рухани көшбасшысы шейх Омар Бакри Мохаммедтің бірнеше исламдық топтардың Лондонда жарылыс жасауға дайындалып жатқандығын хабарлағандығын атап өтіпті. Мақала авторының айтуынша, ол өз сөзінде бұл терактінің сөзсіз болатындығын, оны бір-бірімен байланысы жоқ ұйымдардың ұйымдастырып жатқандығын хабарлапты. Оның мұндай мәліметті хабарлағанын Лондон полициясының бастығы Джон Стивенс те растапты.

“Караван” апталығында жарық көрген мақалада Лондонда орын алған жарылысқа бірнеше минут қалғанда, Израильдің арнайы қызметіндегі шенеуніктердің террористік актілердің дайындалып жатқандығы туралы мәлімет алғандығы айтылыпты. “Караван” апталығы қалыптасқан жағдайға байланысты Лондонның орталығына әскер енгізілгендігін хабарлапты. Сондай-ақ, “Караван” апталығында Лондондағы жарылыстардан кейін Мәскеуде де қауіпсіздік шараларының қолға алына бастағандығы баяндалыпты.

Ал, “Қазақстан тудей” ақпарат агенттігінің соңғы мәліметтеріне жүгінсек, Лондондағы жарылыстардан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екені айтылып отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінен хабарлапты. “Қазақстан тудей” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, дәл қазір Ұлыбританияда Қазақстанның қанша азаматы бар екені жайында елшілікте нақты мәлімет жоқ екен. «Лондонның орталығында тұратын Қазақстан азаматтары саусақпен санарлық» дейді олар. Олардың айтуынша, қазақстандық студенттердің басым бөлігі Ұлыбритания астанасынан тысқары тұрады.
XS
SM
MD
LG