Accessibility links

БҰҰ Әндіжандағы қанды оқиғалар тез арада халықаралық тәуелсіз түрде тергелуі тиіс дейді


Біріккен Ұлттар Ұйымы Әндіжан оқиғаларына куә болғандардың айтқанына сүйене отырып, бұдан екі ай бұрын Өзбекстанның қауіпсіздік күштері наразылық танытушыларды жаппай қырып, адам хұқықтарын өрескел бұзды деп мәлімдеді. Ресми Ташкент Өзбекстанның шығысындағы қантөгісте 187 адам қаза болды десе, ал куәгерлер мен хұқық қорғаушылар 750-ге жуық адам өлтірілді дейді. БҰҰ-мы Әндіжандағы қанды оқиғалар тез арада тәуелсіз халықаралық түрде тергелуі тиіс дейді.

БҰҰ-ның адам хұқықтары бойынша жоғарғы комиссары Луиз Арбур мамыр айында Әндіжанда орын алған қанды оқиғалар тезарада тәуелсіз халықаралық түрде тергелуі тиіс деді. Арбур ханым куәгерлердің айтқандарына сүйене отырып, 13 мамырда Әндіжандағы халық толқуын жаппай басып-жаншу кезінде Өзбекстанның қауіпсіздік күштері адам құқықтарын өрескел бұзған деп атап көрсетті. Адам хұқықтары бойынша Жоғарғы коммисардың баяндамасында, бұл айыптауларға негіз бар, өйткені Қырғызстаннан баспана сұраған Өзбек босқындары бұны дәлелдей алады делінген.

Осыған орай, Арбур ханымның өкілі Джозе Дайаз былай деді:

- Өзбекстан күштерінің бейбіт халықты жаппай өлтіргені туралы бізде дәлелдер бар. Біз Қырғызстандағы босқындармен сұхбат жүргізгенімізде бұл туралы білдік. Өзбекстанның қауіпсіздік күштері наразылық танытушыларды қырған, олар адам хұқықтарын өрескел бұзды, - деді Арбурдың өкілі.

Ресми Ташкенттің мәлімдеуінше, Әндіжандағы халық толқуы кезінде ислам экстремистері жергілікті түрмеге шабуыл жасап, тұтқындарды босатып, кепілдікте отырған адамдарды өлтірген.

Өзбекстанның жаңа ресми деректеріне қарағанда, мамыр айында елдің шығысында орын алған қантөгісте өлгендердің саны 187-ге жеткен. Қаза болғандардың көбі террористер дейді ресми Ташкент. Сөйтіп ресми Ташкент Әндіжандағы қантөгістен қаза болғандардың санын 176-дан 187-ге көтеріп отыр. Ал БҰҰ-мы Өзбекстан үкіметінің айтқанын растай алмайды, өйткені ресми Ташкент Әндіжандағы қантөгістің халықаралық тәуелсіз түрде тергелуіне жол бермей отыр деді Дайаз:

- Бізде бұл оқиғаның бір жақ тарапы ғана бар, өйткені Қырғызстанға барған тобымыз Өзбек босқындарынан ғана ақпарат жинаған. Біз бұл оқиғаның шындығын білу үшін оның басқа да жақтарымен танысуымыз керек. Сол үшін Әндіжандағы қанды оқиға халықаралық тәуелсіз түрте тергелуі тиіс деп ойлаймын, - деді Дайаз.

Дүйсенбі күні Өзбекстан үкіметі шетел дипломаттарын Әндіжанға шақырған болатын. Әндіжанға барған делегацияның құрамында Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Пәкістан және Орта Азия елдерінің өкілдері болған. БҰҰ-мы бұл баяндамасын сол делегацияның Әндіжанға сапарынан кейін 2- күн өткен соң жариялап отыр.

“Азаттық” радиосының тілшісі Садриддин Ашуров та сол шетел дипломаттарымен бірге Әндіжанға барған-ды. Ашуровтың айтуынша, билік өкілдерінің айтқан адамдарынан басқа ешкіммен сұхбат жүргізуге мүмкіндік берілмеген.

- Мен Әндіжандағы қарапайым халықпен сөйлескім келген еді, бірақ олармен сұхбат жүргізуге мүмкіндік болмады, өйткені көшелердің әрбір бұрышында полицияның “Нексия” деген машиналарі тұрды. Кейін мен басқа көшеге барып едім, ол жерде де полиция өкілдері жүрді. Егер де қолыңда микрофоныңды ұстап адамдардың пікірін алуға барайын десең, дереу қасыңа екі түсініксіз қызық адам жетіп келеді, - деді Ашуров.

Адам хұқын қорғаушылар және куәгерлердің айтуынша, Әндіжанда үкімет күштері 750-ге жуық бейкүнә адамды атып өлтірген. Президент Ислам Каримов ол толқуларға исламшыл экстремистердің қатысы бар дейді.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG