Accessibility links

Оралда 8 адам баспана үшін аштық жариялағанына 4 күн болды


Осы аптаның басынан Орал қаласындағы арматура зауытының жатақханасында аштық жариялап жатқан 8 адам бейсенбі күні наразылық акциясын уақытша тоқтатты. Олар осы кезге дейін өздері тұрып жатқан жатақханадағы бөлмелерді өз жеке меншігіне сатылсын деген талап қойған болатын. Шілденің 14 күні Орал арматура зауытының басшылығы және қала әкімі Сағымбек Мұташев бұл мәселені шешу үшін аштық жариялағандардан бір апта уақыт мұрсат сұраған екен.

Аштық жариялауға тұрмыстық жағдайымның сын көтермейтіндігі себеп болды дейді жалғыз басты ана Күнсұлу Ғабдешева «Азаттық» радиосына телефон арқылы. Оның Оралдағы арматура зауытында жұмыс жасап келе жатқандығына 21 жыл болыпты. Отыз сегіз жастағы ана осы уақытқа дейін баспанасыз жүргеніне шағымданады.

- Бір ұлым бар, 15 жаста, Осы зауытта 1986 жылдан бері жұмыс жасаймын. Содан бері осы жатақханада тұрып жатырмын.

Күнсұлу Ғабдешова, қалалық әкімшілік пен тұрғындар арасында Оралдағы арматура зауытының жатақханасын жеке меншікке өткізу туралы келісім-шарт жасалғанын айтып, бірақ зауыт басшылығы тұрғындарға ескертпей, жатақхананы өз меншігіне аударып алған деп кінә артып отыр.

- Енді бөлмелерді тұрғындардың қайтарып алуына мүмкіндік бермей отыр, -дейді ол.

Сонымен қатар, Күнсұлу Ғабдешова зауыт басшылығы 146 отбасы тұратын тоғыз қабатты жатақхананы несие алу үшін «АТФ банкке» кепілдікке салып қойғанын айтып отыр.

- Банкке біздің басқарма бастығымыз өзі салып отыр. Кезінде біздің бұрынғы бастығымыз, қазір әкімнің орынбасары болып отырған Качалый деген адам бізге ескертпестен осы жатақхананы толығымен өзінің иелігіне өткізіп алып, 2004 жылы банкке кепілдікке салып қойды. Қазіргі уақытта, Орал арматура зауытына жаңа басшылық келіп, жатақхананың бір шаршы метрін 72 теңгеге сатып алыңдар деп талап қойып отыр, - дейді аштық акциясына қатысушы ана.

Сол кезден бастап, барлық құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғанын, бірақ әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің «мәселені шешеміз» деген уәдесінен шаршағанын айтқан тұрғындар, сондықтан, шілденің 10-күні осы жатақхананың сегіз адамы жұртшылықтың назарын аудару мақсатында аштық жариялауға мәжбүр болғанын айтады.

- Біздің талабымыз – осы бөлмелерімізді банктен өз ақшамызға сатып алу болып отыр.

Осы айтылған жайттарға байланысты шілденің 14-күні бірнеше мәрте Оралдағы арматура зауытының басшылығымен тілдеспекші болған әрекетіміз сәтсіз болды.

- Қазір мекемеде жоқ. Мен білмеймін оның қашан келетінін. Қайта-қайта телефон соғып тұрыңыз, - дегеннен өзге жауап болмады.

Сонымен қатар, Орал қаласы әкімінің аппаратына хабарласып, бұл жағдайдың қалай шешіліп жатқандығын, тұрғындардың арыз-өтінітеріне қандай жауап болатыны жайлы да тұщымды жауап алудың сәті түспеді.

- Біздің әкім жұмысқа кіріскеніне бір апта ғана болды. Жаңа әкім. Сондықтан, ол барлық жермен танысып жүр. Қазір оны орнынан табу қиын, - дегеннен басқа ештеңе айтпады әкім хатшысы.

Ал, түстен кейін Оралда аштық жариялап жатқандармен тағы хабарласқанымызда, олардың бірі - Күнсұлу Ғабдешова аштық жариялауды уақытша тоқтатқандарын айтты. Оның айтуына қарағанда, Оралдағы арматура зауытының басшысы Андрей Брюханов пен қала әкімі Сағымбек Мұташев мәселені шешу үшін бір апта уақыт мұрсат беруін сұраған соң, тұрғындар осындай шешім қабылдапты.

- Әкімдердің сұрағанын тыңдамас едік. Жатақхананың басқа тұрғындары сұрағаннан кейін уақытша тоқтатын болып шештік, - деді Күнсұлу Ғабдешова.

Алайда олар, егер Орал қаласының әкімі мен арматура зауытының басшылығы өз уәдесінде тұрмаса, тұрғындар аштық жариялауды қайта қолға аламыз деп отыр.
XS
SM
MD
LG