Accessibility links

Батыс Әзірбайжанда парламенттік сайлау ашық және әділ өтсін деп талап қойып отыр


Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев жоғары билікті әкесі Ғейдар Әлиевтен мұраға алған. Әзірбайжанда ашық саяси ойларға әлі жол берілмей отыр. АҚШ басшылығы Әзірбайжанда осы күзде болуға тиіс парламенттік сайлау ашық және әділ өтсін, әйтпесе Әзірбайжан халықаралық оқшалануға тап болады деп ескертті.

АҚШ-тың бұрынғы сыртқы істер министрі Мадлен Олбрайт ел астанасы Бакуде екі күн болып, алдағы парламенттік сайлау мәселелерін талқылады. Мадлен Олбрайт қазір АҚШ-та орналасқан "Ұлттық демократиялық институты" ұйымын басқарады, директорлар кеңесінің төрайымы. "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Мадлен Олбрайт Америка Құрама Штаттары және үкіметтік емес ұйымдар 6 қарашаға белгіленген парламенттік сайлауға қызығушылық танытып отыр, Әзірбайжан халқына өз таңдауларын білдіруге мүмкіншілік беретін жағдай бар, осы жағдай ең маңызды деді. Өткен аптаның басында Бакуде Еуропа Одағының Оңтүстік Кавказ жөніндегі арнаулы елшісі Хейкки Талвити болған, ол алдағы парламенттік сайлаудың дұрыстығына мән берді. Еуропа Комиссиясының Әзірбайжандағы арнаулы өкілі Антониус де Уриес алдағы сайлаудың демократиялық тәртібіне Еуропа Одағы мен Әзірбайжан қатынастарының барысы тәуелді болады деді. Еуропа Одағы Парламенттік Ассамблеясының зерттеу жүргізген өкілдері парламенттік сайлау әділ өтпесе Әзірбайжанды ұйымнан шығарып тастау керек деп ұсынды.

Соңғы бірнеше аптада Бакуде үш үлкен демонстрация өтті. Оған оппозиияны қолдаған мыңдаған халық қатысты. 10 шілде күнгі митингте сөйлеген "Халық Майданы" партиясының басшысы Әли Керімлі, мәселен, былай деді:

- Біз әр жағдайда толық бейбіт мағнада күресетін боламыз. Бұл Әзірбайжан демократтарының нақты ұстанымы екенін әр бір адамға білдіріп отырмыз.

Грузия, Украина және Қырғызстанда орын алған билік өзгерістерінен соң Әзірбайжандағы демократиялық ұйымдардың белсенділігі артты, олар ел басшылығына ескерту жасап отыр, сайлау әділ өткізілмесе оның арты халық толқуына әкелетінін еске салып отыр. Жыл басынан бері Әзірбайжан үкіметі 200 ден аса саяси тұтқынды түрмелерден босатты. Оппозициялық топтарға демонстрацияларды өткізуге мүмкіншілік берілді. Бірақ жалпы оппозициялық топтардың қолдары байлаулы. Мәселен, сайлау комиссияларының құрамдары үштен бірі оппозиция өкілдерінен жасақталсын делінді. Бірақ сайлау комиссияларында қандай да бір шешім қабылдау үшін комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қолдау керек. Ал комиссиялардың үштен екісін дәл үкімет адамдары құрап отыр. Мадлен Олбрайт оппозиция өкілдерімен кездескен соң былай деді:

- Орталық сайлау комиссиясының нақты тәуелсіз комиссия болғанына ерекше назар аударып отырмыз. Мұндай комиссия сайлауды әділ, еркін және ашық өткізуге септігін тигізеді. Ол комиссия әр түрлі саяси топтардың өкілдерінен құралса деген ниет бар.
XS
SM
MD
LG