Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.16.2005 жыл


Қырғызстандағы президенттік сайлау қортындысы сенбі күні жарық көрген қазақстандық газет беттерінде түрлі пікір туғызды. Егер бір басылымдар сайлау кезінде шынайы бәскелестік болған жоқ деген сын айтса, келесі бір газеттер соңғы кезде онда бейберекетсіздіктер орын алмай, Қырғызстанда сайлаудың дұрыс өткендегін айтады.

«Қырғызстандағы сайлауға күмән көп, себебі 90 пайыздық дауыс алу мүмкін емес-тұғын» деп аталады «Ақ жол Қазақстан» газетінде жарық көрген мақала. Автордың пікірінше, «Құрманбек Бакиевтің жеңісі батыстың саясаткерлері тұрмақ, қарапайым халықтың да күмәнін тудырып отыр». Себебі, «Бакиевтен басқа үміткерлердің барлығы 3 пайыз дауысты әрең жинады. Тіпті, Қырғызстандағы мұсылмандар қауымының қошаметіне бөленген «Еркін Қырғызстан» партиясының жетекшісі Тұрсынбай Бәкірұлы да жұрт күткен жетістікке жете алмады. Қырғызстан халқының 74,6 пайызы қатысқан президент сайлауының жеткен жері осы» дейді «Ақ жол Қазақстан» газетінің тілшісі. Мақала соңында автор Қазақстандағы президент сайлауы өзгеше өтеді деп үміттенеді. «Себебі, осы уақытқа дейін демократиясы дамыған мемлекеттерде президент тағынан үміткер болған саясаткерлердің ешқайсысы 90 пайыз дауыс жинаған емес» дейді автор.

Ал «Жас алаш» газеті болса, «Саяси іштарлық» атты мақалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қысқа мерзімді демалысқа шығар алдында Құрманбек Бакиевті жеңісімен құттықтағанын тілге тиек етеді. «Біздегі билік Қырғызстанда демократиялық үлгідегі сайлау өтетініне» сенбесе де, сенгісі келмесе де сондай қадамға барды деп түйеді мақала авторы. Сөзіне дәлел ретінде ол Қырғызстандағы сайлауға оншақты күн қалғанда президент кеңесшісінің сайлаудың дұрыс өтетіндігіне күмән келтірген сөзін келтіреді. «Алайда, Қырғызстанда ешқандай берекесіздік те, тәртіпсіздік те болған жоқ» дейді «Жас алаш» басылымы.

«Литер» газетінің Бішкектегі тілшісінің хабарлауынша, Құрманбек Бакиевті Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің басқа президенттері ғана емес, Қырғызстанның бұрынғы мемлекет басшысы Асқар Ақаев та құттықтаған. «Бакиев өз президент-әріптестерінен құттықтау алып жатқан кезде оның кейбір бұрынғы бәсекелестері сайлау кезінде әкімшілік ресурстың қолданылғандығын айтуда» деді газет тілшісі. Мәселен, президенттікке бұрынғы үміткерлер ішіндегі жалғыз әйел Үметалиева сайлау кезінде лас технологиялардың кеңінен қолданылғандығын айтқан. Мәселен, кейбір сайлау учаскелерінде бір адам бірнеше рет дауыс берген, сайлау нәтижелерін шығару кезінде жарық сөніп қалған. Мақала соңында автор: «Қалай болғанда да, сайлау нәтижелерін өзгерте алмайсың. Президент сайланды. Ал сайлау ешқандай бәсекесіз жағдайда өтті. Жеңмпазға шынайы бақталас болатын адам шынымен де табылған жоқ» деген түйін жасайды.

Ал Бішкектен жолданған келесі репортажда, дәлірек айтқанда, «Жас қазақ» газетіндегі Ержан Әбдіраманның «Үміт пен сенім дағдарысы» аталатын мақаласында сайлау барысында баламаның, яғни, бәсекенің жоқтығы басты сын болғандығына тағы бір мәрте назар аудартады. «Осы сынның даусыз шын екенін дәлелдегендей билбордтар мен плакаттарда қолын айқастыра ұстап, дана адамның образына енген Бакиев қана тұр» дейді автор. Ал «өзге кандидаттардың плакаттары өте аз, болса да, көлемі шағын, тек қабырғаларға ілінген, олардың өзінің жыртылмай бүтін тұрағаны жоқтың қасы» деп, «Жас қазақ» газетінің тілшісі Бішкекте көргендерін осылайша баян етеді. Сонымен бірге ол Қырғызстандағы бұқаралық ақпарат құралдары мен қатардағы қырғыз азаматтарының сайлауға қатысты пікірлері қайшы шығып жатқандығын аңғарғанын айтады. «Мен түсіне алмаған нәрсе осы болды – бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық пікір президенттік сайлауда Құрманбек Бакиев сөзсіз жеңетініне сендірді. Бірақ, сол фаворитті қолдап, жақтап отырған қырғызды кездестіру қиын» деп есептейді мақала авторы.

«Айқын» басылымы «сайлау өтті, енді жаңа басшы Қырғызстандағы қордаланып қалған проблемалары шеше ме?» деген сауал тастайды. Мәселен, қазірдің өзінде «Қырғызстан 37 мың еуро мүшелік жарна төлемегені үшін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұымындағы дауыс беру құқығынан айырылды» дейді мақала авторы Берік Бейсенұлы. Оның айтуынша, оған қоса «әлі күнге дейін Бакиев үкіметі мемлкетті дағдарыстан алып шығу тұжырымдамасын жасаған жоқ». «Көптұғырлы, атап айтқанда, экономикалық, саяси, әскери және демографиялық мәселелер шоғырланып қалған». Қырғызстандағы жағдайды бірқатар халықаралық қаржы институттарының бұл елге қосымша жәрдем беруін қысқарта бастауы, саяси элитаның бірнеше топқа бөлінуі, елдегі өзбек босқындары мәселесінің толықтай шешілмеуі қиындата түседі деп есептейді «Айқын» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG