Accessibility links

“Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты республикалық конкурстың мақсаты не?


Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері жастарының арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оны оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру мақсатында “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты республикалық конкурс өткізбекші.

Ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мәліметтерге жүгінсек, аталмыш конкурс екі кезеңнен тұрады. Аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитетінің бас маманы Шүкірбек Кеңесбекұлының айтуынша, іріктеу конкурсы 1-31 тамыз аралығында орталық атқарушы органдар мен облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында, ал республикалық мәре қыркүйек айында Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні мерекесіне орайлас Астана қаласында өткізіледі.

Жалпы, соңғы кездері ресми мекемелер тарапынан мемлекеттік тілге байланысты түрлі шаралардың өткізіле бастауы зиялы қауым өкілдерінің арасында түрлі пікір туғызып отыр. “Ана тілі” газетінің саяси шолушысы Мырзан Кенжебай ресми мекемелердің соңғы уақыттары мемлекеттік тілге қатысты түрлі шаралар ұйымдастыруы саяси науқанмен байланысты деп есептейді екен. Оның айтуынша, қазіргі таңда ресми билік халықты алдарқату үшін, осындай шараларды көптеп өткізе бастаған.

Ал, Қазақстандағы әзірбайжан ұлтының өкілі Асылы Әли Османқызы ресми мекемелердің мемлекеттік тілге қатысты шаралар өткізіп тұруының, қоғамға әсері болады деп санайды. Біз осы мәселеге байланысты Алматы қаласының қарапайым тұрғындарын да әңгімеге тартқанымызда, Лена есімді сатушы әйел, егер де мемлекет тарапынан ақша бөлінсе, қазақ тілін оқуға қуана келісетіндігін тілге тиек етті.

Ал, Ахмет есімді ақсақал өз елінде жүріп орыс тілінде сөйлеуге тура келетіндігіне қынжылатындығын әңгімелеп берді. Диханбек есімді азамат болса, зиялы қауым өкілдерінің арасында қазақ тілінде жақсы сөйлейтіндердің бар екендігін айта келіп, соңғы уақыттары Қазақстанда мемлекеттік тілге қатысты ілгерілеушілік байқалады деген ойын білдірді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тіл комитетінің хабарлауынша, бұл конкурсқа орталық атқарушы органдар мен облыстарда, Астана және Алматы қалаларында өткен байқаулардың жеңімпаздары қатыстырылады. Конкурс жеңімпаздары дипломмен және басқа да бағалы заттай сыйлықтармен марапатталады.
XS
SM
MD
LG