Accessibility links

Қазақстанда оппозициялық бағыттағы «Алға» саяси партиясы құрылмақ


Қазақстанның саяси сахнасында жаңа саяси оппозициялық партия пайда болды. Шілденің 23-күні Алматыда тіркеуден өтпеген «Алға, ҚДТ» партиясының құрылтайы өтті. Ұйымдастырушылар есептері бойынша, құрылтайға 1106 адам қатысқанын жариялады. Жиында жаңа партияны «Алға» деп атау ұйғарылды. Құрылтайға қатысушылар алдағы президент сайлауында «Әділетті Қазақстан» қоғамдық қозғалысының лидері Жармахан Тұяқбайды бірауыздан қолдайтындарын мәлімдеді.

Сонымен, бұған дейін алдымен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы, одан кейін ол партия сот шешімімен жабылған соң, «Алға, Қазақстанның демократиялық таңдауы» деп аталған саяси ұйым осы жолы «Алға» деген атпен саяси алаңға шығатындығы мәлім болды. Әлі тіркеуден өтпеген партия жетекшілерінің бірі Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ биылғы жылы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне сәйкес 7 заңға, оның ішінде «Саяси партиялар» туралы заңға өзгерістер кіргені бұл партияның атауын жаңартуға әсер еткенін айтты.

«Соған сәйкес, бұрын жабылған партиялардың аты мен символикасын жаңа партияға пайдалануға болмайды. Ал, осы уақытқа дейін дүниежүзінде сот шешімімен жабылған 3 партияның бірі – Қазақстанда. Ол – «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы. Мінеки, осыған байланысты партияның аты өзгертілетін болды. Ал, «Алға» деген атаудың таңдап алыну себебі – бізге билік көп тосқауылдар қойды, ал біз соның барлығынан сүрінбей, алға жүруге тиіспіз. Біз таңдаған жол - біреу. Ол – ел болашағы үшін күрес жолы. Сіздермен бірге алға басайық. Барлығымыз – үлкен күшпіз. Сондықтан да, тек алға!», - деді Асылбек Қожахметов.

Жоғарыда айтылған заңдарға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес партияның құрылтай съезіне қатысушы делегат саны 1 мыңнан кем болмауы тиіс. Сенбі күні өткен партияның құрылтайында мандат комиссиясы жиынға 1106 делегат қатысып отырғаны туралы мәлімет айтылды. Жиынға елдегі оппозициялық ұйым өкілдері - «Әділетті Қазақстан» қоғамдық қозғалысы, Қазақстанның комумнистік партиясы, әлі ресми тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшілері қатысты. Съезде партия саяси кеңесінің төрағасы болып сайланған Асылбек Қожахметов бұл саяси ұйым алдағы президент сайлауында Жармахан Тұяқбайдың кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді.

Жармахан Тұяқбайдың сайлау додасында жеңіп шығып, президент атанатындығына Польша парламентінің депутаты деп таныстырылған Мариуш Каминский де сенім білдірді.

«Желтоқсан айында болатын президент сайлауында сіздерге қолдау білдіреміз. Ол сайлауда Жармахан Тұяқбай Қазақстан президенті атанады деп сенеміз. Қазақстандағы адам құқығының бұзылуына, саяси қуған-сүргіндерге, жемқор билікке, Мәскеуге іш тартқан президент Назарбаевтың режиміне жол жоқ!», - деді Польшадан келген қонақ.

Жиында сөз алған Жармахан Тұяқбай болса, бұрынғы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы туралы: «Бұл партия ең көп қуғынға түскен, билікке қарсы тұра білген партия», - деген баға берді.

Құрылтайда осы партияны ұйымдастырушылардың бірі болған марқұм Батырхан Дәрімбеттің есімі құрметпен еске алынып, партия тіркеуден өте салысымен №1-ші билетті Батырхан Дәрімбеттің атына жазу жөнінде шешім қабылданды.
XS
SM
MD
LG