Accessibility links

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Елена Сельченок: «Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу және онымен күресудің тиімді жүйесі жоқ»


Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда тұрмыстық қылмыстардың 85 пайызы отбасында жасалады екен. Бұдан көбінесе балалар зардап шегеді, бірақ, оларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары назардан тыс қалып қояды дейді халықаралық ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілі Елена Сельченок.

Бұған Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оны реттеудің тиімді жүйесі жасалмағаны да себеп болып отыр дейді Е.Сельченок ханым:

«Балаларға қатысты әлгіндей көптеген оқиғалар тіркеусіз қалып жатады. Куә болған немесе зорлықтың обьектісі болған бала көптеген жағдайда ешкімге жүгіне алмайды. Ол оның есінде өмірбақи қалып қояды».

Қазақстан Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздігі басқармасының кәмелетке жетпегендер ісі бойынша аға инспекторы Валерия Кулиеваның айтуынша, ата-аналардың балаларын қараусыз жіберуі жиі кездеседі. Астанада тұратын Хабарова Галина деген әйелдің екі баласы да оқуға бармай қалған. Қазір олар жеті, сегізінші сыныпта оқуы тиіс екен. Әкесі қайтыс болып, шешесі тастап кеткен балаларды мүгедек әжесі қарап отыр. Оған мемлекеттік қолдау да болмаған. Балалардың оқымай қалғандығын жақында медбике анықтаған. Қосымша білім беру жөніндегі республикалық оқу әдістемелік орталығының директоры Нұрлан Жамаділовтың айтуынша, үкімет балалардың бос уақытын қалай өткізетіндігін назардан тыс қалдырған.

«Соның салдарынан балалардың бірі-біріне әлімжеттігі, ұрлық,- қарлық басқа да қылмыстардың көбеюі байқалып отыр. Шымкент пен Таразда балалар арасында атыс та орын алды. Бұл қоғам болып қарайтыс іс», дейді Нұрлан Жамаділов.

Парламент Сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышев мемлекет тек балалардың және аналардың құқығының сақталуын ғана қадағалауы тиіс деп санайды. «Ал, бала тәрбиесіне ата-аналар жауап береді. Мұны бір орталықтан басқаратын мемлекеттік идеология болуы тиіс», - дейді сенатор Тұтқышев. Ал Қазақстанның Адам құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов, қазіргі уақытта Қазақстанда Ішкі істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі балаларға қатысты жұмыстарды өзара үйлестірмей, жеке-дара жүргізіп келе жатқанын айтады.

«Ендігі жерде осы балалар ісі туралы ведомствоаралық комитетті құрып, Білім және ғылым министрлігі жанынан комитет етіп ашып, қадағалаушы орган ретінде балалар ісі жөніндегі омбудсмен енгізу қажет» деп санайды Болат Байқадамов.

Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздігі басқармасының кәмелетке жетпегендер ісі жөніндегі аға инспекторы Валерия Кулиева «қазір тұрмыстық қылмыстардың 85 пайызы отбасыларында жасалады, одан көбінесе балалар зардап шегеді» дейді. Биылғы жылдың алты айында балаларға зорлық-зомбылық жасау жайттары бойынша 47 іс сотқа жеткізіліп, балаларды қайыршылыққа мәжбүрлеудің 14 оқиғасы бойынша сот ісі қаралған.
XS
SM
MD
LG