Accessibility links

Алматының орталығында қала әкіміне наразылық митингісін өткізбек болған тұрғындардың арызын сот негізсіз деп тапты


Шілденің 28 күні Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Алматының орталығында митинг өткізуге рұқсат бермегені үшін қала әкімшілігін сотқа берген жеке үй тұрғындарының арызын қанағаттандырмай тастады. Тұрғындар қала әкімінің жеке меншіктегі тұрғын үйге қатысты саясатына наразылық білдіріп, митингке шықпақ болған еді.

Бейсенбі күні Бостандық ауданының сотында Алматы қаласы әкімшілігінің шешіміне наразы болған жеке үй тұрғындарының арызы қаралды. Алматы қаласының әкімшілігіне қарама-қарсы орталық алаңға шығып, митинг ұйымдастыруға рұхсат сұраған азматтар тобына берген жауабында әкім кеңсесі ол митингті қаланың орталығынан шеткері жатқан “Сарыарқа” кинотеатрының артындағы саябақта өткізуге ұсыныс берген. Бірақ, наразылық жиынын өткізбек болған азаматтар оған келіспеді. Жеке үй тұрғындарының бірі Күнсұлу Қарабекованың айтуынша, әлгі азаматтардың барлығы қала әкімшілігінің маңында тұратындықтан олар сол маңда митинг ұйымдастыруға рұқсат сұрапты.

«Сарыарқаға» біз бара алмаймыз, себебі, біздің қатардағылардың басым көпшілігі зейнеткерлер, оларға қиын болады. Негізінен, біз Бостандық ауданында тұрамыз, неге біз митинг ұйымдастыру үшін Әуезов ауданына баруымыз керек?», -дейді Күнсұлу Қарабекова.

Шілденің 28-күні өткен сотқа жауап беруге келген Алматы қаласы әкімшілігінің заңгері Светлана Красина «әкімшілік алдында митинг ұйымдастырушылар қаладағы қоғамдық көліктің жүруіне бөгет келтіреді, сол себептен оларға рұхсат берілмеді», деген негіз айтты.

Сотқа әділдік іздеп келген азаматтардың басым көпшілігі Алматы қаласы әкімшілігінің маңындағы Мұхамеджан Қаратаев атындағы көше бойында тұратындар. Олар алдағы күзде үйсіз қаламыз ба деп қорқып отыр. Себебі, «Бәйтерек» жауапкершілігі шектеулі серіктестік олардың үйлерін алып тастап, оның орнына ақша береміз, дегенді айтқан.

«Алғашында бізге олар 21 мың доллар береміз деп айтты, біз бірнеше рет соттасқаннан кейін, бұл ақша көлемін 27 мыңға өсірді. Ал, біздің үйде балаларымды қосқанда 6 адам тұрып жатыр. 27 мың доллар кімге жетеді? Біздің үйіміз салынған аудан Алматының орталығы болып саналады, сол себептен оның бағасы да қымбат болуы керек. Мен үйімді бағалап отырған жоқпын, мен жерімді бағалап отырмын. Мәселен, менде 5 сотық жер бар, әр сотыққа 50 мың доллар берсін, сонда мен ол жерден көшуге дайынмын», дейді тұрғындардың бірі Ибагүл Ақылжанова.

Бұл даулы мәселеге байланысты жеке үй тұрғындары қала әкімшілігіне, үкімет жетекшісіне және республика президентіне өз наразылығын білдіріп, талаптарын айтып хат та жазған. Бірақ, одан нәтиже болмағандықтан тұрғындар наразылық митингісін өткізуге бел буған. «Алайда, қала әкімшілігі бұл талапты жартылай орындап отыр», дейді осы сотта жеке үй тұрғындарының құқығын қорғаған, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының белсендісі Маржан Аспандиярова.

«Біз Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен талап етіп отырғанымыз – бізге бейбіт пикетті осы әкімшілік алдында өткізуге рұхсат берсін. Бұл пикетке келетіндер қоғамдық көліктің ары-бері жүруіне еш кедергі келтірмейді, пикетке шығамын дегендердің дені сау, бұл тек өз үйлерін, өздерінің жеке мүліктік құқығын қорғаймыз деген азаматтар», - дейді Маржан Аспандиярова.

Маржан осы азаматтардың жоғын жоқтау үшін құрылған «Өз үйімізді қорғаймыз» атты қоғамдық комитетке жетекшілік етеді. Ол қазіргі таңда дәл осындай жайтты басынан кешіріп отырған азаматтарды тек Алматыда ғана емес, республика бойынша кездестіруге болады дегенді айтады.

«Ондайлардың саны мыңдаған адам. Олардың қатарында үйлері бұзуға жатқызылған азаматтар ғана емес, жатаханасыз қалып отырған азаматтар да бар. Кезінде олар заңды түрде барлығын тіркеп алған, бірақ, уақыт өтісімен сол жатахананы оларға бергендер өз уәделерінде тұрмай, жатаханадағыларды панасыз қалдыратын түрі бар», - дейді М.Аспандиярова.

Алматы қаласы әкімшілігінің маңында тұратын азаматтар, олардың мәселесі күзге дейін анықталуы тиіс деп отыр. Бұл ауданда тұратын Күнсұлу Қарабекованың айтуынша, олар өз талаптарының орындалуын соңына дейін талап етпекші.

«Біз барлығының талабын орындалғанын қалаймыз, сол үшін біз күресеміз», - дейді ол.

Күнсұлу сияқты Алматы тұрғындарының мәселесін шешуді мақсат тұтқан «Өз үймізді қорғаймыз» қоғамдық комитеті келесі айда қала әкімшілігімен соттасатынын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG