Accessibility links

Астана сотында Асылбек Қожахметовтің арызы қанағаттандырылмады


Дүйсенбі күні Астана қалалық Сарыарқа аудандық соты «Алға» халықтық партиясын ұйымдастырушы комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметовтің «Аграрлық Қазақстан» партиясы жетекшілерінің үстінен түсірген шағым-арызын қанағаттандырған жоқ.

«Өйткені арызданушы жақтың заңдық негізі жоқ. Шағымданушы таратылған партияның немесе әлі тіркелмеген саяси ұйымның атынан арыздана алмайды деп жазылған соттың шешімінде», - дейді Аграрлық Қазақстан партиясының баспасөз қызметкері Сәбит Малдыбаев. Ал «Алға!» халықтық партияны ұйымдастырушы комитетінің мүшелері мұнымен тоқталмаймыз. Қалалық сотқа шағымданамыз,- дейді.

Асылбек Қожахметовтің шағым-арызын қараған Сарыарқа аудандық сотының судьясы Отан Тәшетовтен сот шешіміне қатысты нақты жауап ала алмадық. Өйткені хатшы қыз судьяның орнында жоқ екенін, Жоғарғы сотқа жұмыстарымен кеткендігін айтты.

Кейін бірнеше қайтара телефон соққанымызда да жоғарыдағыдай жауап алдық. Алайда дүйсенбі күні шыққан соттың шешімінен «Алға!» партиясының мүшелері де хабарсыз болған. Өйткені сотқа арызданушы Асылбек Қожахметовтің өзі келмегендіктен, оның қол-хатына қарамастан сот шешімін Асылбек Қожахметовтің көмекшілеріне бермеген. Керісінше, Сарыарқа аудандық сотынының шешіміне «Аграрлық Қазақстан» партиясының мүшелері хабардар. Аталған партияның баспасөз қызметкері Сәбит Малдыбаев «Сот Асылбек Қожахметовтің арыз-шағымын негізсіз деп тапты», - дейді:

«Арыз-шағымның ешқандай заңдық негізі жоқ. Өйткені ресми таратылған не болмаса әлі тіркелмеген саяси ұйымның атынан жеке азаматтық тұлға сотқа арыздана алмайды. Ондай арызды тек ғана прокуратура немесе әділет министрлігі ғана бере алады».

Сонымен қатар «Аграрлық Қазақстан» партиясының баспасөз қызметкері Сәбит Малдыбаев сот арызданушы жақ кінәләуші жақтың баспасөз мәслихатында сөйлеген сөздерін толық көрсетпеген дейді:

«Асылбек Қожахметов арызында «Аграрлық Қазақстан» партиясының жетекшісі Ромин Мадинов «бұл сценарий Қазақстанда болмайды. Егер қажеттілік болса қолымызға қару алып, тәуелсіздігімізді қорғаймыз» деп айтқан деп отыр. Ал, кейіннен жазбаның видео түсірілімін қараған кезде Аграрлық Қазақстан партиясы жетекшісінің орынбасары Шалышовтың «Егер қажеттілік болса, қолымызға қару алып, тәуелсіздігімзді, біздің құқығымызды және еркін таңдауымызды қорғаймыз!,- деген сөздері болды.

Бірақ, «Аграрлық Қазақстан» партиясының баспасөз қызметкері Сәбит Малдыбаев Шалышовтың сөздеріне лингвистикалық сараптау жүргізгенде филологтар оның сөздерінде экстремистік іс- әрекеттер жоқ деп тапты дейді.

Алайда «Алға!» халықтық партиясын ұйымдастырушы комитетінің мүшесі Рафқат Каманов сот кезінде судья «Аграрлық Қазақстан» партия жетекшісінің орынбасары Шалышовтың жоғарыдағы сөздерін артық пікір деп санады. Өйткені Асылбек Қожахметов арызды тек партия жетекшісі Ромин Мадионвтың үстінен жазған деп отыр, - дейді Рафқат Қаманов. Рафқат Қамановтың сөзінше, Аграрлық Қазақстан пен Азаматтық партия жетекшілері өткізген баспасөз мәслихатынан кейін 50-ден астам бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Ромин Мадионв айтты деп жазған. Бірақ Рафқат Қаманов «Сотқа арызданар кезде Ромин Мадиновтың сөздерін таба алмадық. Өйткені сұрау салған журналистердің дені жазбаны өшіріп тастапты»,- дейді.

Ал сот процесінде куәгер ретінде келген «Алматы Инфо» газетінің тілшісі Махамбет Әбжан сотта өтірік айтты, - дейді Аграрлық Қазақстан партиясының баспасөз қызметкері Сәбит Малдыбаев. «Ол Шалышовтың сөздерін егер керек болса, қазіргі жүйені қолымызға қару алып, қорғаймыз деп бұрмалады», - дейді Сәбит Малдыбаев.

«Азаттық» радиосы «Алматы Инфо» газетінің тілшісі Махамбет Әбжанға хабарласқан еді. Бірақ, оның қол телефон жауап бермеді. Ал «Алға!» халықтық партиясын ұйымдастырушы комтиетінің мүшесі Рафқат Қаманов мұнымен әлі тоқтамаймыз. Қалалық сотқа арызданамыз деп отыр.

Үстіміздегі жылдың көктемінде Қырғызстанда болған төңкерістен кейін наурыздың 25-күні Аграрлық Қазақстан мен Азаматтық партия жетекшілері Астанада баспасөз мәслихатын өткізген. Онда олар ТМД-ның бірқатар елдерінде орын алып отырған төңкерістерге қарсы халықтық майдан қозғалысын құратындығын мәлімдеген. Осыдан кейін «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының мүшесі Асылбек Қожахметов баспасөз мәслихатында айтылған сөздер экстермистік пиғылда деп сотқа арызданған.
XS
SM
MD
LG