Accessibility links

Алматы қалалық әкімшілік үйі алдында өткен наразылық шеруін полиция күшпен таратып, оншақты адамды ұстап әкетті


Тамыздың екісі күні таңертең жергілікті уақыт бойынша сағат 10 кезінде Алматы қаласының бір топ тұрғыны қаладағы жер саясаты мен баспана, тұрғын үй мәселесіне қатысты өз наразылықтарын таныту мақсатында қалалық әкімшілік үйі алдына жиналып, өз талаптарын қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жеткізуге әрекет жасады. Ал, жергілікті билік өздеріне шағым-мұңын айтып келгендерге қарсы полицияны шығарып, жиналғандардың оншақтысын қаматтырып, қалған жұртты күшпен таратты.

Сейсенбі күні Алматы әкімшілігінің алдына жиналғандар негізінен баспана проблемасына байланысты шағым-арызымен келгендер болды. Алматыдағы сәулет және құрылыс академиясының қызметкерлері Гүлсім Әубәкірова мен Зылиха Молдакәрімова ұзақ жылдар бойы өздері тұрып келген осы оқу орнының жатақханасынан өздерін қуып жатқандарын, ол әрекетті заңсыз деп бағалаған барлығы 80 адамның қолы қойылған арнайы өтініш-хатты қала әкіміне тапсыруға алып келгендерін айтты. Ал, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім, зейнеткер Болат Сағындықұлы, қаладағы Әл-Фараби даңғылы бойындағы жеке меншік үйін жергілікті биліктің жүргізіп отырған жер саясатына байланысты құлатуға жатқызылғанын, бірақ енді өзінің қайда барып қалайша өмір сүретіні жайлы барлық жағдайды айтып, тиісті жауапты қала әкімі И.Тасмағамбетовтың өз аузынан естуге келгенін айтады. Өзбекстаннан келген оралман Қарабек Есепов болса Алматы шетінен өз күшімен үй салып алуға тинемдей болсын жер сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын, ендігі жалғыз үміті осы әкім И.Тасмағамбетовте деп сеніп келгеннін айтты

Әкім кеңсесінің алдына жиналған 35-40 шамалы адамның көбі әйелдер, арасында қолына жас бала көтергендер де көзге шалынды. Сондай-ақ, бұл жерде жуырда ғана құрылған «Өз үйімізді қорғайық» деп аталған қоғамдық комитет мүшелері де тұрды. Олар бұған дейін осы баспана мәселесіне байланысты осы әкімшілік алдында наразылық митингісін өткізбек болғанымен, қала әкімінен рұқсат ала амлаған болатын. Наразылық танытушылар қала әкімі И.Тасмағамбетовпен жолыққымыз келеді деген өтінішіне ешкім құлақ аспады, қала әкімшілігінің шенеуніктері мен полиция олардың алдын кес-кестеп, ғимарат ішіне енгізбей қойды. Жиналғандарға шыққан қалалық әкімшіліктегі ішкі саясат департаментінің бөлім меңгерушісі Назар Балғынбаев әкімнің қалада жоқ екенін, ал жиналғандарды олардың шағымы бойынша әкімнің тиісті орынбасарлары белгіленген күндері қабылдайтынын айтты. Алайда, шенеуніктің сөзіне күмән келтірген жиналған топ өздерінің талаптары орындалмайынша осы жерден ешқайда кетпейтіндіктерін айтты. Бұдан кейін қалалық әкімшілік алдына полиция күштері әкеліне бастады. Жиналған топ алдына қалалық прокуратура өкілі келіп, бұл шерудің заңсыз екендігін айтып, шерушілерді тарауға шақырғанымен оған құлақ асқан ешкім болмады. Ал, біраз уақыттан соң жиналған топқа «Әділетті Қазақстан» қоғамдық қозғалысының Алматы қалалық бөлімшесінің төрайымы, «Өз үйімізді қорғайық» қоғамдық комитетінің жетекшісі Маржан Аспандиярова келіп қосылғаннан кейін, полиция мен жұртшылық арасындағы текетірес басқаша сипат ала бастады. Қолдарына Қазақстан Ата заңы жазылған көк кітапшаны ту етіп ұстаған бір топ әйел әкімшілік үйінің орталық есігі алдына дейін жетіп, «Әкім сыртқа шықсын! Әкім сыртқа шықсын!» деп айқайға басты.

Полиция қызметкерлерінің оншақтысы оппозиция белсендісі М.Аспандиярованы қаумалап, оны ұстап алып кетуге әрекет жасады. Бұған жиналған қауым, әсіресе әйелдер жағы өршеленіп, полицейлермен екі арада кішігірім қақтығыстар орын алды. Ал, алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталған полицейлерге тың күш келіп қосылғаннан кейін, олар әкімшілік алдындағы топты жұлқылап, ығыстыра бастады. Оған қарсылық танытқандарды аяқ-қолдан бұрап, әкімшілік үйі алдына арнайы әкелінген екі автобусқа лақша өңгеріп тией бастады. Осылайша, полиция күш қолдану арқылы опозиция белсендісі М.Аспандирова мен оған араша түсіп ұмтылған оншақты адамды күшпен автобусқа желкелеп кіргізіп, Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті.
XS
SM
MD
LG