Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.04.2005 жыл


Мерзімді басылымдарда сейсенбі күні баспанасынан айырылуға шақ тұрған адамдардың қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен көмек сұрап, ортанқол шенеуніктерден көрген зәбірлерін айтып, араша түсуді өтініп, әкімшіліктің алдына жиналғаны үшін соққыға жығылғандығы баяндалыпты.

«Жас Алаш» басылымында жарық көрген Шадияр Естемірұлының «Алаңдағы аласапыран» атты мақаласында сейсенбі күні баспанасынан айырылуға шақ тұрған адамдардың қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен көмек сұрап, ортанқол шенеуніктерден көрген зәбірлерін айтып, араша түсуді өтініп, әкімшіліктің алдына жиналғаны үшін соққыға жығылғандығы баяндалыпты. Автор өз мақаласында әкімшіліктің алдына жиналғандар санының 150-200-дей ғана адам болғандығын айта келіп, бүгінде солардың ішінен 12 адамның қамауға алынып, сотталып жатқандығын тілге тиек етіпті. Мақала авторының айтуынша, алаңға жиналғандар әкімнен тек баспана мәселесін шешіп беруді, осы мәселе бойынша әкіммен қашан кездесуге болатынын білуді ғана өтінген. Сондай-ақ осы мақалада алаңның алдына жиналғандардың қолында Қазақстан Республикасы Конституциясынан басқа ештеңенің де болмағандығы айтылып, полиция қызметкерлерінің әйелдердің қолындағы Қазақстан Конституциясын жыртып, аяққа таптағандығы баяндалыпты. Ал, «Жас Алаш» басылымында жарық көрген «Тығылма Тасмағамбетов» атты мақалада бесінші күн бойы «Шаңырақ» ықшам ауданында халықтың наразылық білдіріп жатқандығы айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, «Шаңырақ» ықшам ауданында осындай жағдай орын алып жатқанда Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ол жерде бір рет те төбе көрсетпепті.

«Литер» басылымы болса Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың жер мәселесін қадағалайтын қалалық қызмет басшыларымен кездесіп жиналыс өткізгендігін хабарлапты. Осы жиналыста Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 90 жылдардың басында учаскелерді заңсыз иемденіп алғандардың бар екендігін айтып, оған жергіліктің биліктің ықпал жасағандығына тоқталыпты. Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша әкімшілік жер туралы заң шеңберінде жұмыс істеп отыр.

«Айқын» газеті болса соңғы күндері Алматыда тұрғын үй төңірегіндегі даудың өткір мәселеге айналғандығын айта келіп, жер мен құрылыс салу мәселесі төңірегінде ой бөліскен Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «қала аумағында бір телім жер түгіл, бір шаршы метр де бос жер жоқ» деп мәлімдегендігін атап өтіпті.

«Свобода слова» басылымы болса сейсенбі күні әкімшіліктің алдындағы алаңға жиналғандардың ішінде «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы белсенділерінің бірі Маржан Аспандиярованың да болғандығына және оны полиция қызметкерлерінің күштеп алып кеткендігіне айрықша тоқталыпты. Мақалада мысалға келтірілген деректерге жүгінсек, қалалық әкімшілік мемлекеттің қажеттілігі үшін деген желеумен үйлерін бұзып жатқан азаматтардың 40-50 мың доллар тұратын баспанасы үшін бар-жоғы 10 мың доллар ұсынып отыр.

Ал, «Куб» интернет-парақшасында сейсенбі күнгі әкімшіліктің алдында өткен наразылық шарасына қатысқаны үшін полиция қызметкерлері күштеп алып кеткен «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы белсенделерінің бірі Маржан Аспандиярованың Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жазған ашық хаты жарияланыпты. Өз хатында Маржан Аспандиярова қалалық әкімшіліктің алдына жиналған халықты күштеп таратқан полицейлердің Қазақстан Республикасының Конституциясын аяққа таптағандығын айтып, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке сіз қай елдің заңы бойынша өмір сүріп жатырсыз, деген сауал қойыпты.

«Московский комсомолец в Казахстане» басылымының хабарлауынша, сейсенбі күні Алматы қаласы әкімшілігінің алдында жиналғандардың арасында жарақат алғандар да бар. Автор өз мақаласында әкімшіліктің жүздеген азаматтарды үйлерін сатқызуға мәжбүрлеп жатқандығын айта келіп, сейсенбі күні Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбовтың осы мәселеге орай жиналыс өткізіп, «Біз Парламент қабылдаған заң жүзінде ме, әлде тобырдың заңы бойына өмір сүреміз бе?» деп мәлімдегендігін хабарлапты.
XS
SM
MD
LG