Accessibility links

Ресейдің Сыртқы істер министрі Американың Эй-Би-Си телеарнасына жұмыс істейтін тілшілерді бұдан былай тіркеуден өткізбейтіндіктерін мәлімдеді


Министр сейсенбі күні жасаған бұл мәлімдемесінде, мұндай шешімге «Эй-Би-Си»-дің әуесінде Шешенстанның дала командирі Шамиль Басаевпен сұхбат берілгені үшін келгендерін айтады. Ол сұхбат Құрама Штаттарда ғана берілген еді, алайда айтулы сұхбат Мәскеуде айтарлықтай толқыныс тудырған. Негізі, Басаев Ресей азаматтары мен әскери нысандарына қарсы көптеген шабуылды ұйымдастырды деп айыпталып отыр.

Шамиль Басаев Ресейдің қолға түсіре алмай отырған террорисі, оны ұстап берген адамға Ресей 10 млн доллар сыйақы ұсынып отыр. Басаев Ресей тарихының соңғы жылдарында орын алған террорлық шабуылдарды қаржыландырды деп айыпталып отыр. Олардың ең үлкені 2002 жылы Мәскеу театры мен өткен жылы Бесланда болған террорлық әрекеттер. Бесландағы мектепте 330 адам қаза болған еді, оның көбісі балалар болды. Сол себепті Ресей билігі Эй-Би-Си-де Басаевпен шыққан сұхбат үшін өздерінің наразылықтарын тез танытып үлгерді. Сейсенбі күні, Ресей сыртқы істер министрлігі Ресей аймағында тіркелу мерзімі аяқталып қалған Эй-Би-Си-дің журналистерін қайтадан тіркеуден өткізбейтіндіктерін мәлімдеді. Министрлік оған себеп, Басаевпен сұхбат жариялағанның салдары деп түсіндірді. Олардың айтуынша, ол сұхбат терроризмді насихаттап, Ресей азаматтарына қарсы күреске тікелей шақырады.

Ал, Эй-Би-Си телеарнасы үшін бұл күтпеген жағдай болды. Бұл арна сейсенбі күні кешкісін Мәскеудің әрекетіне байланысты өкінішті жағдайда екенін танытқан мәлімдеме берді, бірақ онда жаңалықтың толыққанды және ашық берілуіне қандайда бір үкіметтің кедергі жасауына болмайтыны айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Том Кэсей сейсенбі күні Уашингтондағы журналистерге берген сұхбатында, Құрама штаттар Басаевтың қатысы бар делінген әрекеттерді айыптайды деді.

«Біз әрине, Шешенстандағы нақты террористік топтар әрекеттерінің, Бесландағы мектепке болған шабуылдың және жалғасып жатқан басқа да террорлық әрекеттердің жан түршігерлік екенін білеміз. Біз оны кезінде айыптадық та. Біз айыптауларымызды жалғастырып келеміз. Біз бейкүнә жандарға жасалған бұндай шабуыл түрлері Шешенстанда бола ма, немесе әлемнің қай түкпірінде болса да оған жол бермеу керек деп білеміз. Ол саяси көзқарастарын танытудың заңсыз жолы», - дейді АҚШ департаментінің өкілі.

Бірақ, осы арада Том Кэсей Америка жалпы ақпарат өкілдерін жазалау немесе бақылап отырудың заңды екеніне сенбейтінін айтты.

«Мен бұл жағдайда, Эй-Би-Си-дің Ресейден хабар таратуына тыйым салынуы, сөз еркіндігін танытудың дұрыс қалыптасқан жолы деп ойламаймын», - деген ол.

Өткен аптада Эй-Би-Си телеарнасы сұхбатты көрсеткенде, "Nightline" бағдарламасының жүргізушісі Тед Коппел, кіммен болса да сұхбатты әуеге шығарғанда, ол адамның қандай адам екенін немесе қандайда бір әрекетін тұспалдамайды деп атап өткен. Коппел сондай-ақ, Эй-Би-Си телеарнасы осыған дейін, әрдайым өзіндік тақырыпта пікірталастырып ұрылармен де, адам өлтіргендермен де, диктатор және тіпті балаларды жәбірлеушілермен де сұхбат өткізгеніне тоқталды. Бұл тілшінің жұмысы деп қосады сөз соңында бағдарлама жүргізушісі.

Британияда орналасқан цензура көрсеткішін бақылайтын ұйымның өкілі Рохан Жаясекераның айтуынша, Эй-Би-Си телеарнасының тілшілерін тіркеуден бас тарту туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің шешімі радикалды қадам:

«Ұлыбританиядағы телеарналар Шешен сепаратистерімен жүргізілген сұхбаттарды көрсеткені үшін, Ресей үкіметі Британияның сыртқы істер министрлігіне шағымданған болатын. Ресей бірнеше жылдан бері Шешен сепаратистерінің көзқарасын көрсетілулеріне Ресейдің сонымен қатар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына кедергі жасап келеді».

Басаевпен сұхбат жүргізген Ресейдің осыған дейін соғыс нүктелерінде көп болған журналисті, қазірде «Азаттық» радиосының Прагадағы тілшісі Андрей Бабицкий болатын. Ол сұхбатта Бабицкий қайта-қайта Басаевтың балаларды тұтқын ретінде алған өз әрекеттеріне түсінік беруін сұрады. Жауабына Басаев жалпылама түрде, терроризм дегенді айтты. Бірақ, ол Ресейдің Шешенстандағы қатыгездік әрекеттерін тоқтату үшін жасалып жатыр деп, өзінің әрекеттерін ақтағысы келді.
XS
SM
MD
LG