Accessibility links

Румыниядағы өзбекстандық босқындар мәселесі екі айда шешілмек


БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігі Өзбекстанда мамыр айында орын алған Әндіжан оқиғасынан кейін, Қырғызстанға бас сауғалап кеткен өзбекстандық босқындар, енді Румынияда тек екі айдай ғана қоныстана алады, яғни олардың мәселесі ертерек шешіледі деп айтып отыр. Бұл бастапқыда қоныстандыру үдерісіне алты ай кетеді деген мерзімнен әлдеқайда аз уақыт.

БҰҰ-ның Женевада орналасқан босқындар ісі жөніндегі агенттігінің өкілі, Астрид Ван Гендерен Сторттың хабарлауынша, айтулы агенттіктің өзбек босқындарын Румынияда 6-ай тұрақтандыру жөнінде Бухарестпен келісімі болған. Алайда, бұл кезең бірқатар жағдайларға байланысты өзгермек, демек бұл тұрақты қоныстандыру орнын табу үшін өте аз уақыт болып отыр, дейді Астрид.

«Біздің ойымызша, бұл аз уақыт алуы керек, дегенмен басқа мемлекеттерге қарағанда бірқатар елдерде бұл процесс ұзағырақ болады. Онда кейбіреулердің өз жұмыстарын бітіру үшін екі апта керек болса, енді біреулерге екі ай қажет. Және ол қанша адам келіп, сұхбаттардың қаншаға созылатынына орай, әрі қағаз-құжаттарды реттеу процесіне байланысты болмақ. Бірақ, оның бәрі алты айдан қысқа мерзім болу керек».

Әзірге, тек Құрама штаттар мен Австралия және Канада ғана Румынияның Тимисоара аймағында тұрып жатқан өзбекстандық 439-босқынды өз елдеріне қабылдайтынын мәлімдеген. Бірақ, деректерге қарағанда Румыния жерінде бүгінде Дания, Финляндия, Германия, Норвегия, Швеция, және Ұлыбритания елдерінің өкілдері де жүр.

БҰҰ-ның Женевада орналасқан босқындар ісі жөніндегі агенттігі өкілінің айтуынша, қазірде қанша босқынды қай елдерге жіберіп баспана беру мен бөлу жұмыстары жүріп, талқыланып жатыр.

«Бөлісу жұмыстарына қатысты мәселе әлі шешіліп жатыр. Тұрақты қоныстандыру ісімен айналысатын топтар Румынияға келуде. Және менің пікірімше, алдағы күндерде ол мәселелер тағы кеңірек талқыланатын болады», – дейді Сторт.

Өзбекстандық босқындардың проблемасымен тікелей айналысып жүрген БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссариаттың ресми өкілі Дженнифер Пагонистің сөзіне қарағанда, Румынияда аталмыш ұйым өзбекстандық азаматтарды босқын ретінде тану үшін екінші қайтара зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Онда бірқатар елдерден келген тұрақты қоныстандыру ісі жөніндегі топтар өз зерттеулері мен тексерулерін жасап жатыр.

«Біз бұл босқындарды тұрақты қоныстандыруға ниет танытқан елдермен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Ол елдердің көбі қазір Румынияда біздің қызметкерлерімізге көмектесіп, босқындармен сұхбат жүргізіп жатыр. Ондағы мақсат – осыған дейін де біраз қиындықтан өткен босқындардың ауыртпалығын азайтып, мәселені тез әрі тікелей шешу», - дейді ол.

БҰҰ-ның Женевада орналасқан босқындар ісі жөніндегі агенттігінің өкілі, Астрид Ван Гендерен Сторттың «Азаттық» радиосына айтқанындай, 3 тамыз күні Қырғызстан кеден бекетінде қалған 15 өзбекстандықтың тағы бірі ресми түрде босқын мәртебесін алған. Бұл Қырғызстандағы босқын мәртебесін алған 12-ші адам. Ендігі үшеуінің тағдыры алдағы күнде шешіледі. Ресми Ташкент сол 15 азаматын қайтарсын деп, Бішкекке қатты қысым жасаған еді. Өзбекстандық биліктің айтуынша, олар қылмыскерлер әрі радикалды ислам ұйымдарының өкілдері. Бірақ, 9-шы маусымда Өзбекстанның төрт баспана іздеген босқынды еліне қайтарып алуына мүмкіндік берген Қырғызстандық биліктің сәтсіз әрекетінен кейін, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі бұдан былай Өзбекстанның ондай әрекетіне жол бермеу керек деп шешті дейді Сторт:

«Маусым айынан бері біз сол адамдардан ешбір хабар ала алмадық. Бізге ол адамдармен байланысуға мүмкіндік бермеді. Бізге ғана емес, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі арнайы өкіліне де рұхсат бермеді, біз олар туралы әртүрлі әңгімені естідік. Біздің ойымызша, егер ол адамдар елдеріне оралудан, қуғын-қысымнан қорықпаса неге бізді ол адамдармен кездестірмейді», - дейді БҰҰ-ның өкілі.

1-ші тамыз күні босқындар ісі жөніндегі агенттікке осы төрт адамның біреуі өте ауыр жағдайда Ташкент ауруханасына түсті деген бейресми хабар түскен.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG