Accessibility links

Ұлттық бағыттағы қоғамдық ұйымдар наразылық жиынына полицияның күшін қолданған билікті сынға алды


Тамыздың 11-і күні Алматыда “Желтоқсан”, “Алаш”, “Лад” славян қозғалыстарының өкілдері бас қосып тамыздың 2-сі күні Алматы қаласы әкімінің кеңсесі алдында болған наразылық жиынын полицияның күшімен таратқан жергілікті атқарушы биліктің іс-әрекетін сынап, мәлімдеме жасады. Мәлімдеме таратқан қоғамдық ұйым өкілдері: “Өмірлік маңызы зор мәселемен алаңға жиналып, мұң-мұқтажын айтқысы келген халыққа қарсы күш қолданған билікті айыптап, болашақта мұндай жағдай қайталанaтын болса қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтың қызметінен кетуін талап етеміз” деді.

Тамыздың 11-күні Алматыдағы «Демократия үйіне» жиналғандар алдында аталмыш қозғалыстар атынан сөйлеген, өздерін Кеңес одағының Коммунистік партиясымыз деп есептейтін партия жетекшілерінің бірі - Арсен Апалимов:

«Тамыз айының 2-сі күні баспана мен ұлтарақтай жер үшін Алматы қаласы әкімшілігінің алдына жиналған бейбіт халықтың билік тарапынан қысымға ұшырап, қамауға алынғандығы бізді бей-жай қалдырмады. Иманғали Тасмағанбетов жер саясаты мен тұрғын үй мәселесіне қатысты өз наразылықтарын жеткізуге әрекет жасаған халықтың шағымын тыңдап, болған оқиғаны бейбіт түрде шешуге ынта білдірмеді. Өз халқына қарсы билік қана осындай әрекетке барады”, - деді.

Апалимов мырза ел Конституциясының 32 бабында: “Қазақстан азаматтары қарусыз бейбіт жиын өткізуге құқылы” деп көрсетілгенін атап айтады. Алайда, оның айтуынша, билік заңның “қоғамдық тәртіп бұзуға, адам өмірі мен оның бас бостандығына қауіп төндіретін, мемлекет тыныштығын бұзуға үндейтін жиындарға жол берілмейді” деген бабын басшылыққа алып, Қазақстан азаматтарының құқығын шектеп отыр.

“Биліктен халықтың баспана, жер, су мәселесіне қатысты туындап отырған мәселесін қарап, бейбіт түрде шешіп беруін талап етеміз. Тамыздың 2-сі күнгі оқиғаға жан-жақты тексеру жүргізіліп, кінәлілер жазалануы тиіс. Егер мұндай акциялар тағы да қайталанатын болса қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің қызметінен кетуін талап етеміз”, - дейді Арсен Апалимов.

Алайда, Апалимовтың бұл сөзіне жиынға қатысушы, бұрынғы полиция қызметкері Әлихан Бектасов мынадай пікір айтты:

«Иманғали Тасмағанбетов орнынан кетуі керек деген мәселеге қарсымын. Ол жаңа әкім. Істеп жатқан жұмыстары көңілге қонымды. Ол бастаған ісін аяқтауы керек. Үлкен лауазымды орында отырған адамға орынды босат деуге болмайды».

«Желтоқсан» қоғамдық ұйымының белсендісі Үміт Кенжебаева: «Билік басындағылар алдына келіп тұрған халықпен санасуы керек. Баспана мен жер саясаты мәселесін билік шешпегенде кім шешеді?”, - дейді.

Ал тамыздың 2-сі күнгі оқиға ортасында болған «Алаш» қозғалысының белсендісі Ержан Жәмеңке қоғамдық ұйым өкілдері таратып отырған мәлімдемеге мынадай пікір білдірді:

«Бұл ұйымдар өздеріне бір саяси ұпай жинау үшін мәлімдеме таратып отыр деп ойлаймын. Себебі, оқиға қалай болды одан бұлар хабарсыз. Мен өзім сол оқиғалардың бел ортасында жүрдім. Шаңырақта 5 мыңға жуық адам жиналды. Енді олар жерді билік заңды түрде берсе берді, бермесе - басып аламыз деп жатыр. Бұл процесті билік бейбіт шешкісі келмейді. Оппозиция мен қоғамдық ұйымдар істі реттеуге ынталы болғанымен оған билік тарапынан қолдау болмай отыр. Жиналған халықты полиция тарпа бас салып қуады. Сонымен жағдай шиеленісіп тұр».
XS
SM
MD
LG