Accessibility links

Конституциялық кеңес президент сайлауының мерзімін анықтауды тағы да келесі жолға қалдырды


Тамыздың 12-күні апта басында үзіліс жариялаған отырысын жалғастырған Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі елде президент сайлауының мерзіміне қатысты қорытынды шешім шығаруды тағы да келесі аптаға қалдырды.

Игорь Роговтың төрағалығымен өткен Конституциялық кеңестің Президент сайлауының мерзімін анықтауға байланысты ашық отырысы тамыздың 8-і күні басталып, онда шақырылған сарапшылардың түгел қатыспауына байланысты Конституциялық кеңес өндірісін тамыздың 12-сінде жалғастыру туралы шешім қабылданған болатын. Енді бұл жолғы отырысқа сарапшы ретінде заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Зайғали Кенжеалиев пен Сергей Ударцев қатысып, Конституцияның 41-бабының 1-тармағы мен 94 бабының 1-тармағына байланысты өз пікірлерін ортаға салды. Алайда, екі сарапшының пікірі екі түрлі болып шықты. Зайғали Кенжеалиев Президент сайлауы 2006 жылдың желтоқсанының бірінші жексенбісінде өтуі тиіс десе, Сергей Ударцев Конституцияның кезекті Президент сайлауын анықтайтын негізгі бабы – 41-баптың 1-тармағына сәйкес, сайлау 2005 жылдың бірінші желтоқсанында өтуі керек деген уәж айтты.

Алайда, екі сарапшыны да тыңдаған Конституциялық кеңес мүшелерінің кеңесуге кететіндіктерін айтқан Игорь Рогов мәселенің аса маңыздылығын ескеріп, оның қорытынды шешімі келесі аптаға қалатынын хабарлады.

Сарапшылардың бірі Зайғали КенжалиевКонституциялық кеңесте талқыға түсіп отырған екі баптың бірі, 94-бап – 1995 жылы референдум негізінде қабылданған Конституция бойынша бірінші рет сайланған президентке қатысты деп санайды. Демек оның пікірінше, қазіргі президент 94-бапта көрсетілгендей: «республика президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бір ай ішінде ант береді және жеті жылдан кейін желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті президент сайлауында сайланған республика президенті қызметіне кіріскенге дейін өз өкілеттігін жүзеге асырады». Осы аталған 94-бапқа сүйене отырып, Конституция тек қазіргі президентке ғана жеті жыл он бір ай отыруға мүмкіндік береді. Ал оның бір айында қысқартуға болмайды, - дейді заңгер Зайғали Кенжалиев.

Кенжалиев кезекті президент сайлауының мерзімін 2006 жылдың 20-қаңтарынан кейін ғана анықтау керек дейді. Өйткені, оның пікірінше, бұл уақытта қазіргі президенттің сайланғанына толық жеті жыл толады. Бірақ, сарапшы З.Кенжалиевтің пікіріне қатысты, Конституциялық кеңестің мүшесі Хабылсаят Әбішов өзінің ойын білдірді. Оның сөзінше, Конституциядағы 94-бап тек өтпелі кезеңде жұмыс істейтін бап, ал 41-баптың күші оған қарағанда басым.

«Осыны ескергенде жеті жыл мерзміге 10-11 күн жетпей қалды екен деп негізгі баптың күшін қалай жоямыз?» - деді Конституциялық кеңестің мүшесі Хабылсаят Әбішов сарапшыға.

Оған Зайғали Кенжалиев Констиуциядағы баптардың барлығы тең дәрежеде жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Ал келесі бір сарапшы, заң ғылымдарының докторы Сергей Ударцевтің сөзіне құлақ ассақ, президент сайлауы биыл, яғни 2005 жылдың желтоқсан айында өтуі қажет. Ол Конституциядағы 41-баптың мазмұны нақты әрі түсінікті екендігін айтса, 94-бап керісінше, анық жазылмаған дейді. Ал 41-бапта жазылғандай: «президентті тең және төте сайлау құқығы негізінде республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзміге сайлайды».

«Осы бапты ескерген кезде президенттің заңдық басқару күш-қуаты тек жеті жылға жетеді. Жеті жылдан кейін, оның заңдық күші болмайды», - дейді С.Ударцев.

Ол сонымен қатар президент сайлауының бірінші кезеңге, екінші кезеңге созылатынын да ескеру қажет дейді. Осыларды есептегенде, Конституциялық кеңес президент сайлауын биыл өткізу қажет деген шешімге келу керек деп тұжырымдайды заңгер Сергей Ударцев. Ал Конституциялық кеңестің мүшелері, күн тәртібіндегі мәселенің аса маңыздылығын ескере отырып, шешімді келесі аптада шығарамыз деп хабарлады.

Президент сайлауының мерзімі жөнінде Қазақстанның оппозициясы бір пікірде. Олар Конституцияға сәйкес, президент сайлауы үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өтуі керек деп, президенттікке ортақ үміткер де шығарып үлгерді. Ол бұрынғы Мәжіліс төрағасы, қазіргі «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай. Сондай-ақ, Қазақстанда президент лауазымы енгізілген 1990 жылдан бері осы қызметті үздіксіз атқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев та алдағы сайлауға түсуге өзінің ниеті барын ақпарат құралдары арқылы мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG