КАБУЛ. Бүгін Ауғанстан үкіметі Ливан инженері Ахмад Ризаны тәліптердің тұтқынынан босатуға әрекет жасап көрмек. Забул өлкесі әкімінің өкілі хабарлағандай, Ахмад Риза - түріктердің Ауғанстандағы бір құрылыс компаниясында жұмыс істеген. Тәліптердің өкілі Абдул Хакимидің мәлімдеуінше, өздері жексенбі күні Ризамен бірге алып кеткен 5 ауғандықты тәліптер босатқан, инженердің тағдырын әлі шешпеген көрінеді. Тәліп бүлікшілері 18 қыркүйекке белгіленген парламент сайлауының жақындауымен тосын шабуылдарын үдете түсті. Бұл сайлау – 20 жылдық азамат соғысынан кейінгі Ауғанстан үшін демократияға қарай екінші маңызды қадам болмақшы.