Accessibility links

Ресей елбасы Путин үшінші кезекте сайлауға түсе ме?


Ата заң мүмкіндік бергенде үшінші кезектегі елбасылық сайлауларға қарсы еместігінФинляндияға сапары кезінде Ресей елбасы Путин білдірген болатын. Осыдан арада бірнеше күн өткенде Дума депутаты Ата заң бабына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасап отыр.

Финляндияға сапары кезінде Ресей елбасы Владимир Путин “үшінші кезеңге елбасылыққа сайлауға үміткер ретінде қатысар ма едіңіз?” - деген сауалға:

“Менің түскім-ақ келер еді, алайда біздің елдің Ата заңы бұған рұқсат етпейді. Менің ойымша, Ресейге қазіргі таңда ең маңыздысы - елдегі тұрақтылық. Оған тек қана қазіргі заңдар негізінде қол жеткізуге болады”, - деген еді.

Арада бірнеше күн өткенде Приморье аймағынан Думаға сайланған депутат Путинді үшінші кезеңдегі сайлауларға түсуге мүмкіндік беру үшін Ата заңға өзгерістер жасау жөнінде аймақтық заңгерлердің ұсыныс жасап отырғандығын мәлімдеді. Осылайша, тамыз айында бұрқыраған сөздің жаңа легі басталды. Путиннің екінші кезеңдегі елбасылық мерзімі 2008-ші жылы аяқталады.

Қазіргі заң бойынша Путинге мұндай мүмкіндік туғызу үшін Конституциядағы 81-ші бапқа өзгеріс енгізу керек. Ал, ол-оңай емес. Өзгеріс туралы шешімді қабылдау үшін, ұсынысты қолдап Думаның Төменгі шатыры депутаттарының үштен екі бөлігі, ал Федералдық кеңес, яғни Жоғарғы шатырдың төрттен үші және 89 аймақтың заң шығарушыларының үштен екісі қолдап дауыс беруі тиіс. Төменгі шатырдағы депутаттардың үштен екісі, ал Федералдық кеңестің түгелге жуық дерлік мүшелері - Кремль идеяларын қолдаушылар. Аймақтық заң шығарушылардың даусына ие болу оңай емес те шығар, алайда мүлдем мүмкін емес деп айта қоюға болмас. Егер заң орындары рұқсат берсе, ең оңай жол- “Орта Азия соқпағы” деген әдіс. Яғни референдум арқылы елбасылық мерзімді одан әрі ұзартуға болады. Келесі бір сценарий бойынша- Беларусиямен бірігіп, бір мемлекет құрып, сол арқылы Ата заңға өзгерістер енгізу мүмкіндігі бар көрінеді.

Гаагада орналасқан Клингендәл атындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының Ресей бойынша сарапшы- маманы Штефан де Шпигелайердің пікірінше, басты мәселе Путиннің өз ниетінде екен: “Қазіргі елбасы Путин бұл қызметінде одан әрі қала беруге ниет білдірсе, ондай жағдайда заңдық байламдар аса кедергі бола қоймас. Бірақ Путиннің шын мәнінде қызметін одан әрі жалғастырғысы келетіндігіне мен сенімді емеспін”,- деді сарапшы. Егер Путинді үшінші кезекте елбасылыққа сайлау қажет болса, онда бұқаралық ақпарат құралдарында насихат науқаны одан әрі өрістеп, оған қоса аймақтық басшылар тарапынан кең қолдауға ие болады, дейді Шпигелайер мырза.

Мәскеулік саяси шолушы-журналист Маша Липманның пікірінше Путин билігі тұсында елдегі билік пен меншікке иелік деген бірігіп кеткен. Сондықтан билік басындағылар үшін Путин елбасылығының одан әрі жалғаспай қалуы- қиын мәселе. Сондай-ақ үшінші кезеңге сайлану Путиннің өз тілегіне ғана байланысты, деген пікірмен де Липман келіспеуде. Әзірге Ресейде саяси ойындар осылайша жүре тұрмақшы.
XS
SM
MD
LG