Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.17.2005 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар төңкерістің арқасында Қырғызстандағы билік басына келген Құрманбек Бәкиевтің инаугурациясының қалай өткендігіне тоқталыпты. Қырғызстан президентінің иннаугурациясына бұрынғы Кеңестер одағының құрамында болған мемлекеттердің ішінен тек Нұрсұлтан Назарбаев қана қатысыпты. Сондай-ақ сәрсенбі күнгі мерзімді басылымдарда Қазақстанда президент сайлауының жақындап қалғандығы және Қазақстанда төңкерістің арқасында биліктің ауысуының мүмкін емес екендігі туралы сараптамалық мақалалар жарияланыпты.

“Аргументы и факты” апталығының “Қазақстан” қосымшасындағы ақпараттар ағымында Қырғызстан мемлекетінің жаңа президенті - 56 жастағы Құрманбек Бәкиевтің инаугурациясының қалай өткендігі баяндалыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Құрманбек Бәкиевтің ант беру рәсімі Бішкектегі “Ала Тоо” алаңында өткен. Инаугурация рәсімі аяқталғаннан кейін, Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Құрманбек Бәкиев өз командасының ең бірінші кезекте қандай нақты істерді атқаратындығына тоқталған. Мақала авторының пікірінше, Құрманбек Бәкиевтің кадрлық саясаттағы жасаған жаңа қадамы ретінде премьер-министрдің қызметін атқарушы етіп Феликс Куловты тағайындауын айтуға болады. Ендігі уақытта оның кандидатурасын Парламент мақұлдауы тиіс. Автор өз мақаласында Қырғызстан үкіметінің инаугурация рәсіміне жақсы дайындалғандығына тоқталып, Үкімет үйінің жанындағы фонтанды жөндеуден өткізу үшін ғана 12 миллион қырғыз сомының жұмсалғандығын сөз қылыпты. Мақала авторының хабарлауынша, Қырғызстан президентінің инаугурациясына бұрынғы Кеңестер одағының құрамына болған мемлекеттердің арасынан, Нұрсұлтан Назарбаев қана қатысқан.

«Салтанатты инаугурацияға барлығы үш мыңнан астам заң орындарының қызметкерлері қатысты. Ал, революциядан кейін Қырғызстан мемлекетінің басына келген жаңа президент Құрманбек Бәкиев адал қызмет етуге ант берді» деп жазыпты “Газета kz” апталығы да бұл тақырыпқа айрықша назар аударып. Сондай-ақ, автор өз мақаласында, президент ант берердің алдында Қырғызстанның жеті облысынан әкелінген арша бұтақтарының түтінімен, елдің ежелгі дәстүрі бойынша Құрманбек Бәкиевті аластау рәсімінің өткендігіне айрықша назар аударыпты. Ал, ант бергеннен кейін, Құрманбек Бәкиевке оның президенттік құжаты мен мемлекет басшысының төсбелгісі табыс етіліпті.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасы мен “Газета kz” апталықтары Қырғызстанда орын алған төңкерістің арқасында мемлекет басына келген Құрманбек Бәкиевтің ресми қызметіне кірісу рәсімінің қалай өткендігіне тоқталса, “Литер”, “Экспресс К” және “Айқын” басылымдарында Қазақстанда президент сайлауының жақындап келе жатқандығы және Қазақстанда төңкерістің арқасында биліктің ауысуының мүмкін емес екендігі туралы сараптамалық мақалалар жарияланыпты.

Мысалы, “Литер” басылымының 17-тамыз күнгі санындағы Павел Проскуриннің мақаласында Қазақстанда түрлі-түсті төңкерістің болуы мүмкін емес екендігін шетелдік сарапшылардың да мойындай бастағандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, әлемге аты әйгілі Джордж Соростың өзі де Қазақстанда түрлі-түсті төңкерістің орын алуы мүмкіндігін жоққа шығарып отыр. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, республикада бірінші басшының арқасында орташа тап қалыптасқандықтан, олар Қазақстандағы жағдайдың тұрақты дамуын қалайды.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген саясаттанушы Алтынсары Сәкеновтың талдау мақаласында түрлі-түсті төңкеріс орын алған ТМД-ның кейбір елдерінің басынан кешіріп отырған бүгінгі ахуалы сөз болыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, түрлі-түсті төңкерістің арқасында билік ауысқан Грузия халқының 80 проценті кедейшілікті басынан кешіріп отырса, Украинадағы төңкерістен кейін, ол елдегі экономиканың құлдырай бастағандығы байқалған.

Саясаттанушы Ерлан Қарин “Айқын” газетіне берген сұхбатында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президент сайлауында жеңіске жететіндігіне сенімді екендігін білдіріп, келесі жеті жыл Нұрсұлтан Әбішұлы басқарған дәуірдің ақырғы кезі болады дегенді айтыпты. Ерлан Қариннің айтуынша, келесі дәуір Назарбаевтың басқару кезеңінің ақырғы кезеңі болғандықтан, ол өздігінен дамитын саяси жүйенің механизмін жасап кетеді.
XS
SM
MD
LG