Accessibility links

Арал ауданында аштық жариялаған 21 адам әкімшілік жазаға тартылды


Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш қыстағы маңындағы «Аралтұз» кәсіпорны алдында аштық жариялаған 9 ер адам сейсенбі күні 5 тәуліктен 9 күнге дейін қамауға алынып, 12 әйелге айыппұл салынды. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосына Арал аудандық ішкі істер басқармасы бастығының қызметін атқарушы Ерболат Айдабековтің сөзінен мәлім болды. Ал наразылық танытушы топ мүшелері өздерінің ешқандай тәртіпсіздік жасамағандарын, тек өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуды талап еткендерін айтады. Қазіргі кезде 15-16 адам аштық жариялауды жалғастыруда деді наразы топ жетекшісі Жомарт Қартбаев сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына. Ол, егер әлеуметтік талаптар орындалмаса, онда саяси талаптар қойыла бастайтынын айтты.

Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш қыстағында 5 мыңға жуық адам тұрады. Олардың көпшілігі «Аралтұз» кәсіпорнында жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Ал 6 баланың анасы Райхан АЙТМАМБЕТОВА болса, жақында үлкен отбасына жалғыз демеу болып отырған күйеу баласынан оқыста айырылып, отбасының жағдайы қиындап кеткенін айтып шағынады. Оның айтуыша, «Аралтұз» кәсіпорнында телефон байланысшысы болып істейтін 35 жасар күйеу баласы қызмет барысында қаза тапқан соң оның артында 2 баласы жетім қалыпты. Енді кімнен көмек күтерімізді білмейміз дейді Райхан Айтмамбетова көзіне жас алып:

«Өткен айдың 19-ында үстіне бағана құлап жұмыс кезінде қайтыс болды. Бауыры езіліп қалған, жеті қабырғасы сынған. Басы мылжаланып қалған менің баламның. Қызым екі баласымен үйде жылап отыр».

Ал кәсіпорын болса жұмыс кезінде қаза тапқан қызметкерінің отбасына 50 мың теңге берумен шектелген:

«Мен енді не істеймін? Сол баланы қалай іздеуіме болады, айтыңыздаршы?! Ақшамен оның орны тола ма? Тамыздың 20-сында «қырқы» болады. Соның азық-түлігін сұрап, «Аралтұз» басшылығына айтсақ, «біз 50 мың теңге бердік. Болды!»- дейді».

Райхан Айтмамбетова, кәсіпорын басшылығы мен қатардағы жұмысшылардың тұрмысы арасындағы айырмашылық зор деп отыр. Сондықтан, ол егер кәсіпорынды қайта мемлекет қарауына берсе, мұндай бейберекетсіздіктерге жол берілмес еді деп санайды:

«Жекеден гөрі үкімет болса, әйтеуір, жағдайым жақсаратын шығар. Әйтпесе, қазіргі халіміз мүшкіл. Егер олар күнде машинаны көйлекше ауыстырса, біз екі көйлекті алмастырып киіп жүре береміз».

Бүгінде оның жұмысшы ұлы жұмысын тастап, аштық жариялаушылар қатарына қосылған. Мұндай азаматтар қатары күн санап ұлғайып жатыр дейді, тамыздың 17-күні телефон арқылы «Азаттық» радиосы хабарласқан «Аралтұз» кәсіпорны әкімшілігіне әлеуметтік талаппен наразылық білдірушілер тобының жетекшісі Жомарт ҚАРТБАЕВ:

«Бүгіннен бастап жұмысшылар цех-цех болып жұмыстарын тастап, осында келіп жатыр. Олар: «Біз аналарымыздың талабын қолдаймыз! Соңына дейін барамыз! Аналарымыз аш жатқан кезде жұмыс істеуге біздің дәтіміз бармайды!» деп отыр. Қазірдің өзінде жұмысшылардың 70-80 пайызы келді».

Ж.Қартбаевтың айтуына қарағанда, «Аралтұзды» жекешелендіру кезінде кеткен заңсыздықтар қайта қаралсын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы түзелсін» деген талаптармен аштық жариялағандар саны қазір 16 адамға жеткен. Тамыздың 5-інде басталған осы наразылық акциясына қатысушылардың басым бөлігін тамыздың 16-күні полиция қызметкерлері ұстап алып кетті дейді Райхан АЙТМАМБЕТОВА:

«Ауданның барша полициясы – бір автобус, үш машинамен таңғы 7-ден 15 минөт кеткенде сонда жатқан адамдарға жетіп келді. Жаңағы жатқан адамдардың барлығын ауылдан автобусқа салып, тиеп алып кетті».

«Аралтұз» кәсіпорнының байланыс телефондары тамыздың 17-күні жауап бермеді. Ал кәсіпорын алдында наразылық жиынын өткізгендердің әкімшілік жауапқа тартылғандарын Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының қызметін атқарушы Ерболат АЙДАБЕКОВ «Азаттық» радиосының сауалына берген жауабында растады:

«Олар прокурордың рұқсатынсыз «Аралтұз» комбинатына өз ой-пікірлерін айтып, рұқсатсыз «забастовкаға» шықты, аштық жариялады. Әуелі 7 адам болды, одан кейін көбейіп-көбейіп 21 адам болды. Соттың шақырғанына келмегіндіктен, оларды сотқа мәжбүрлеп алып баруға тура келді. Сот өз құзыры шеңберінде 9 адамды әкімшілік қамауға алды. Біреуіне – 10 тәулік, үшеуіне – 7 тәулік, қалғанына – 5 тәуліктен берді. Жалпы сотқа барған 21 адам ғой. Яғни, 9 ер адам әкімшілік қамауға алынса, 12 әйел адамға айыппұл салынды.

Полиция басшысы, мұндай наразылық акциясы ешқандай заң шеңберіне сыймайды деп санап отыр:

«Өйткені, олар комбинаттың алдына әртүрлі плакаттар іліп, төсектерін қойып жатып алды ғой. Бірнеше күн бойы біз түсіндіріп айттық. Учаскелік полиция өкілі де айтты. Олар енді заңға қайшы әрекет жасап отыр ғой?! Біз - мемлекеттік қызметкер болғандықтан, президенттің адамымыз, президентке бағынамыз, заң шығып отыр, сондықтан, заңға бағынамыз! Олар болса, заңсыз әрекетке барды, онысы дәлелденгендіктен, сот арқылы шара қабылданды.

Ал Қазақстан Конституциясының 32-ші бабы Қазақстан азаматтарына бейбіт түрде жиналуға, митингілер мен шерулер, пикет өткізуге кепілдік береді.
XS
SM
MD
LG