Accessibility links

Қазақстанның Курчатов қаласында ядролық технологиялар паркі құрылады


Жуық арада Қазақстанның Курчатов қаласында ядролық технологиялар паркі атты жаңа акционерлік қоғам құрылады. Қазір жобаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласының тура маңынан жер бөлу жоспарланып отыр. Бұған дейін, қаладан 5 шақырым жерде 420 гектар жер бөлу ескерілген болатын. Тіпті атом электр стансасын салмасада ядролық технологиялар саласынан едәуір қарыжы табуға болады, дейді ғалымдар. Бұл орайда кейбір сарапшылар мұнай саласына қарап отырмай болашақ технологияларды дамыту керек десе, келесілері қауіпсіздік шараларын толық ойластырмай жатып технопарк салу ертерек деген пікірлерін білдірді.

Бұл кәсіпорын құнды қағаздарының 100 пайызы мемлекет меншігінде болады деп хабарланған. Технопаркты ұйымдастыруға жауапты энергетика және минералды ресурстар министрлігі кәсіпорының директорлар кеңесін, президентін бекітіп, өндірістік мақсаттарға қажет жер бөлуге тиіс. Курчатов қаласының әкімі Әнуарбек Мұхтарханов хабарлағандай, Қаладағы инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 12 миллиард теңге бөлінеді. Оның сыртында тағы 11 миллиард теңге технопарктің өндірістік кешендерін салуға жұмсалмақ. Мамандардың айтуынша Қазақстанда ядролық технологиялар төңірегінде жұмыс жүргізетін өндірістік шикізат және құқықтық база бар. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің маманы Абзал Құсайыновтың айтуынша, жаңа кәсіпорын қаладан алыс болмайды:

«Тауарлар жасалады ядролық технологиялар бойынша. Ол ректорлар қалада болмайды. Жалпы, жартысы қалада жартысы қаланың сыртында».

Оның сыртында, инженерлік инфрақұрылым және жоғары білікті мамандар жеткілікті. Бұл байлық Қазақстанға Кеңес одағынан қалған дейді олар. Ол кезде ядролық технологиялар саласы құпияда сақталған. Кейін Қазақстаннан көптеген ғалымдар кетіп қалған. Қаржы тапшылығынан көптеген зертханалар жабылып қалды. Ал, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан кезде әскери саладағы барлық жұмыстар тоқтатылған болатын, дейді физик ғалымдар. Әйтседе, ядролық физика институтының бас инженері Александр Борисенконын айтуынша, тіпті атом электр стансасын салмасада ядролық технологиялар саласынан едәуір қарыжы табуға болады. Мысалы, мұнай құбырларын тазалауға, радиофармацевтикада қолданылатын препараттар жасауға және өте мықты қаптағыштар жасауға ядролық технологиялар қажет екен. Ал, саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, осының барлығын ескеріп жобаға қолдау жасау қажет:

«Кеңес одағында болған базаны қалпына келтіре алмасақта айналысу керек. Өйткені, болашақта мұнай емес жаңа қуат көздерімен жұмыс істейтін кезең келе жатыр. Ал, мамандардың деңгейі, шенеуніктердің тазалығы бөлек әңгіме».

Ғалымдардың айтуынша, медицинада қолданылатын радиоизотоптарды Қазақстанда шығарса импорттауға кететін едәуір қаржы үнемделеді. Ал салық Қазақстанға төленеді. Қазақстандық ғалымдар ядролық технологияларды адамның ағзасындағы ауруларды анықтау үшін қолдана аламыз, дейді. Оның сыртында, физиктер қатерлі ісіктерді емдеуде қолданылатын сәуле жіберу жабдықтарын жасай аламыз, дейді. Қазір ол шет елдерден тасымалданады. Сондықтан, науқастарға өте қымбатқа түседі. Сондай-ақ, ядролық технологиялар медициналық материалдарды хирургтарға даярлап тазалауға септігін тигізеді екен. Ал, саясаттанушы Болатхан Тайжанның айтуынша, ядролық технологияларды абайлап қолданбаса қатері көп:

«Мен Курчатовтан шошып қалғанмын, ол жақсылық әкелген жоқ. Кеңес заманынан бері технология халық денсаулығын қорғайды дегенді көрген жоқпын. Сосын ол қалдықтар әлемдегі технологияларға сай көмілмейді, соны анық білемін».

Мұнай саласында да ядролық технологиялар қажет, өйткені құбырлардағы мұнай жерден алынған кезде радиоактивті болады дейді мамандар. Ал, физиктер сол құбырларды тазалап беруге дайын. Тағы бір жаңалық, ядролық технология арқасында ғалымдар синтетикалық каучукті өңдеп, өте мықты шатыр қаптау материалын жасап шығарады. Және оны 20 жыл қолдануға болады, дейді мамандар. Бар әлемде көптеген елдер ядролық технологиялардан орасан табыс тауып келеді. Салыстыратын болсақ Қытайда ядролық технология қолданудың арқасында ел бюджетіне 820 миллиолн доллар табыс түскен. Сондықтан, Қазақстанға көштен қалмау керек, дейді ғалымдар.
XS
SM
MD
LG