Accessibility links

Ауғанстандағы БҰҰ қызметінің жетекшісі ел ішінде қақтығыстардың белең алуы - келесі айда өткізілгелі отырған Парламент сайлауына өз кедергісін тигізуі мүмкін деп ескертті


Қауіпсіздік кеңесі алдында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның өкілі Жан Арно Ауғанстанның оңтүстігі мен шығысында шабуылдардың көбейіп тұрғаны сайлауға қауіп төндіреді деп атап көрсетті. Ал көршілес жатқан елдердің өкілдері мен ауған жерінде жасақтары тұрған елдер дауыс берулер кезінде Ауғанстанда тұрақтылықтың орнауына көмектесеміз деп уәде еткен болатын.

Жан Арно Қауіпсіздік кеңесі алдында Ауғанстанда парламент сайлауының өткізілуіне үш аптадай ғана уақыт қалып тұрғанда мұндағы қауіпсіздік мәселесінің ең басты алаңдаушылық туғызып отырғандығын айтты. Ол Ауғанстанның оңтүстік-шығысы мен шығысында қақтығыс, шабуылдардың кең етек алып тұрғаны этникалық пуштундар басым тұратын аймақта оларды сайлауға қатысып, дауыс беретін азаматтық хұқтан айыруы мүмкін деген алаңдаушылығын жасырмады.

«Бұл жерде сайлау алдында және дауыс берулер кезінде, сайлау өткеннен кейін де оған қандай да бір кедергі келтірулер болмайды деп айтуға әзір тым ертерек. Елдің шығыс шекарасындағы аймақтарда қақтығыстардың басылмай тұрғаны - осы облыстарда сайлау қалай өтеді деп алаңдауға негіз болады», - деді Жан Арно.

Дүйсенбі күні БҰҰ мен Ауғанстанның адам хұқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссиясы осы жаз айларында кандидаттар мен сайлау қызметкерлеріне, қоғамдастық басшылары мен әскерилерге қарсы экстремистік шабуылдардың жиілеп кеткені турасында хабарлама жариялады.

Осы аптада Тәлібан өкілі сайлау өтетін 18 қыркүйек күні көтерілісшілер дауыс беру учаскелеріне шабуыл жасамайтын болады деп атап көрсеткен-ді. Алайда, ол Тәлібан күрескерлері сайлауға дайындық барысына кедергі келтіруге тырысып бағады дегенді айтқан болатын.

БҰҰ-ның Ауғанстандағы қызметінің басшысы Ауғанстанның 30 мыңға жуық ұлттық полициясы 6300 дауыс беру орталықтарында бірінші шеңбердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмыс істейтін болады деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Испания мен Нидерландыдан, Румыния, АҚШ-тан келген халықаралық күштер де қажетті қауіпсіздік шараларына қол ұшын беретін болады дейді ол.

Жан Арно сондай-ақ халықаралық донорлардан сайлаудың түрлі шараларын ұйымдастыруға әлі де 30 миллион доллар қажет болып отыр деген.

БҰҰ-ндағы Пәкістан елшісі Мұнир Акрам Қауіпсіздік кеңесіне өз елінің Ауғанстан шекарасынан күдікті элементтердің өтіп кетпеуіне тосқауыл қойып, қолдан келген барлық шараны жасап жатқанын айтты. Ол сонымен қатар өздері жұмсаған мұндай күш-жігердің БҰҰ-ның көңілінен шықпағанына қайран қалғанын да жасырмады.

«Шекара бойына 700 пост қойылды. 4 мыңдай жасақ Ауғанстандағы парламент сайлауының қауіпсіздігін қосымша өз міндетіне алады. Біздің күштеріміз шекара бойына орналасты, еске сала кетейін, Президент мырза, олар Ауғанстандағы халықаралық және ұлттық күштерден де мықты деуге болады», - деп атап көрсетті ол.

Пәкістан бұдан бұрын Ауғанстанға өтетін бүлікшілердің шекара бойындағы шабуылдарын даярлайтын мекені ретінде байқалған болатын. Өткен күзде Ауғанстанда болған президенттік сайлау кезінде Пәкістан әскерлерінің елеулі күш-жігер жұмсауы - көтерлісшілердің қимыл-әрекетіне біршама тосқауыл қойған еді.

Сейсенбі күні Нью-Йоркта Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде сөйлегендер 18 қыркүйекте Ауғанстанда Парламент сайлауын бейбіт жағдайда өткізудің маңыздылығына айрықша тоқталды. Дегенмен де сөз алушылардың бірқатары сайлаудан кейінгі стратегиялық даму мәселелерін де естен шығармау қажеттілігін атап көрсетті.

БҰҰ-ндағы Иран елшісі Жавад Зариф өз елінің Ауғанстандағы апиын өндірісінің өркендеуіне жол бермеу шараларын қолға алып жатқандығын айтты.

«Ауғанстан үкіметінің қолданған шаралары арқасында кейбір аймақтарда көкнәр өсіріп, апиын өндіру азайған уақытта, бір түсінбейтін жайт, біздің елмен шекараласатын аймақтарда, әсіресе Фара облысында апиын өндірісінің әлі де дамып отырғаны. Бұл біздің алаңдаушылығымызды тудырып отыр», - деген Иран елшісі, Ауғанстан үкіметінің соңғы екі онжылдық көлемінде Иранға барып паналаған миллиондаған ауған азаматтарын қайтаруға асықпай отырғанына да тоқталып өтті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG