Accessibility links

Ресей еңбек мигранттарына қатысты саясатын жұмсартпаса қатты ұтылады


Мәскеу қаласында Орталық Азия мен Шығыс Еуропа арасындағы еңбек миграциясының мәселелеріне арналған үш күндік конференция өтті. Конференцияны Халықаралық Миграция ұйымы өткізді, оған ТМД елдерінің, Еуропа Одағының, АҚШ-тың өкілдері қатысты. Еңбек миграциясының мәселелері жайында болашақта кең көлемді бағдарлама дайындалмақ.

Мәселенің ең басты төркіні – Ресейде халық саны жыл сайын қатты қысқарып отыр, Ресейге қанша адам жұмыс іздеп келсе де – барлығының екі қолына бір жұмыс табылып жатыр. Ресейдің тұрақты халқы жыл сайын 750 мың адамға қысқарады. Үкімет мәліметтеріне қарағанда, қазірдің өзінде өнеркәсіп саласында бір миллион жұмыс орны бос. Жалақы өсіп жатса да – жұмыс қолы тапшы. Ресейде экономикалық өсу басталды, бірақ жұмысшылар тапшылығы шешілмесе - өсу тоқтап қалуы мүмкін деп ескертеді экономистер. Орталық Азия Кавказ, Молдова, Украина елдерінен келіп жатқан миллиондаған халық өз елдерінде жұмыс таба алмай, Ресейде күнкөріс тауып жатыр. Халықаралық Миграция ұйымы осы құбылыс өз алдына ерекше көрініс болып табылады, миграция құбылысын реттейтін, оны менеджмент тәсілдерімен басқаратын уақыт келді дейді.

Ресейде қазір кемінде үш миллион, ары кетсе төрт миллион шетел жұмысшысы бар екен. Олардың көпшілігі – ТМД елдерінен келіп жатыр. Осының арқасында Ресейдегі демографиялық дағдарыстың экономикалық кері әсері басылып отыр, Ресейде бала туу күрт төмендеп, керісінше өлім деңгейі өсе түскен. Сарапшылар Ресейдің еңбек мигранттарына қатысты саясаты жақсармаса, Ресей миллиондаған жаңа мигранттарды жөнімен қабылдайтын болмаса – демографиялық дағдарыстың кері әсері мен мұндалап шыға келеді деп ескертеді. Ресейге келіп жатқан жұмысшылардың жартысынан көбі – Орталық Азия, Кавказ, Украина және Молдовадан келіп жатқандар. Олар еш бір жерде тіркелмейді, олардың жұмыс жағдайы адамды кемсіту деңгейінде, заң орындарынан олар еш қорғау көріп отырған жоқ. Екінші жағынан олар ешқандай салық та төлеп отырған жоқ. Ресей Ғылым Академиясы Экономикалық болжамдау институты Миграция зертханасының директоры Жанна Заинчковкая реттелмеген еңбек миграциясы коррупция мен ұйымдасқан қылмыс әлеміне азық болып отыр дейді:

«Еңбек саласы болсын, үй шаруашылығы саласы болсын - еңбек мигранттарына тиісті жағдай жасалмай отыр. Жұмысберушілерге қатысты бақылау әлі күнге шейін әлсіз, жұмыс орындарында ең аз еңбек жағдайының өзі жасалмайды. Жұмысшылар көбінесе қораларда, адам туруға лайықталмаған жерлерде, милиция көрмейтін подвалдарда тұрады».

Жанна Заинчковкая жаңа бағдарламаның концепциясы енді ойластырылып жатыр, сондықтан ресми түрде әзірше түк айта алмаймын дейді. Еңбек нарығында басымдылық не уақытша мигранттарға, не біржолата көшіп келуші иммигранттарға берілу ұсынылмақ. Ресей дүниежүзінде мигранттарды ең көп қабылдайтын мемлекеттің бірі. Бірінші орында АҚШ, екінші орында Германия болса, үшінші орында – Ресей Федерациясы. Ресейге алдағы жылдары миллиондаған жұмысшы қажет болады, оларды тек шеттен қабылдауға тура келеді. Халықаралық Миграция ұйымының үйлестірушісі Клаус Фолден шетелдіктер қаптап кетеді деген қорқыныш Батыс Еуропа мемлекеттеріне қарағанда Ресейде болмауға тиіс дейді:

«Ресей бұрынғы Совет Одағының құрамдас бөлігі болған, сондықтан бұл жерде жағдай өзгешелеу. Ресейге келген және келіп жатқан еңбек мигранттарының көпшілігі – ресейліктердің кешегі отандастары. Ол олма – олардың арасында тіл бөгеті жоқ. Олар көптеген жағдайда, тарихи жағдайда бір біріне ортақ жұрт».

Халықаралық Миграция ұйымының үйлестірушісі Клаус Фолден Тәжікстан азаматтарын мысалға келтіріп, Ресейде күн көріп жатқан тәжіктер елге ақша жөнелтіп отырып, Тәжікстан экономикасын тіреп тұр дейді. Демографиялық ахуал қазір Батыс Еуропада да нашар. Сондықтан Ресей еңбек мигранттарына қатысты саясатын жұмсарту керек, әйтпесе еңбек мигранттарына сұраныс өсе түседі де, жаңа еңбек күшін тарту бәсекесінде Ресей ұтылып қалмақ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG