Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев: «АҚШ, Франция секілді дамыған елдерге қарағанда Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен»


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықпен тікелей эфир арқылы жүздесуінде Қазақстан коррупцияға ең шырмалған мемлекеттердің бірі деген әңгімені үзілді-кесілді жоққа шығаратынын мәлімдеді. Сонымен қатар, әр деңгейдегі 350-дей әкімнің сыбайлас жемқорлыққа батқаны үшін жауапқа тартылғанын жасырған жоқ.

Тамыздың 24-інде республиканың бірқатар телеарналарынан көрсетіліп, Астанадағы резиденциясынан өткізілген тікелей эфир сұхбатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев коррупция жөнінен Қазақстанның алдыңғы қатарда екені туралы айтылып жүрген әңгімелерді жоққа шығарды. Сыбайлас жемқорлықтың кез-келген мемлекет үшін күрделі проблема екендігін айта келіп: «Әзірге бұл кеселді жеңдім деген еш мемлекет жоқ. Соңғы төрт жылда Қазақстанда 350 әкім сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы үшін қылмыстық жауапқа тартылды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілгі комитеті төрағасының орынбасары Ирак Елекеев көптеген мемлекеттік мекемелердің жанынан құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар арқылы басшылардың сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғандығын айтады. Қазақстанның Демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «биылғы жылғы халыққа Жолдауынан кейін Президенттің тікелей тапсырмасымен елде коррупцияға қарсы күрес барлық салада пәрменді жүргізіле бастады», - дейді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирдегі халықпен жүздесуінде: «Оппозициялық партиялар мен тәуелсіз ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлардың түсін түстеп, атын атасын. Факті расталмаса жалақор ретінде ақпарат таратқандар сотқа тартылсын», - деді. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Астана қалалық ұйымының төрағасы Серікбай Әлібаев болса, оппозиция нақты адамдарды көрсеткенімен, билік оған құлақ аспай отыр деген пікірде. Коррупциялық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаевтың айтуынша, «Петро-Қазақстан» фирмасы бюджетке 8 миллиард теңге, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 40 миллион доллар, «Наурыз банкі» 33 миллион доллар көлемінде шығын келтірген. Осы фирмалар бойынша қылмыстық іс аяқталып келеді дейді заң өкілі.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Президенттік сайлау қарсаңында коррупцияға қарсы күрес барынша қарқынды жүргізілетіндігін, оның саяси технологияға жататындығын алға тартады. Коррупциялық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаевтың айтуынша, биылғы жылдың алты айында бюджетке 20 миллиард 600 миллион теңге шығын келтіргендердің үстінен 730 қылмыстық іс қозғалған. Ал, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирде АҚШ, Франция секілді дамыған елдердегі коррупциямен салыстырғанда Қазақстанның деңгейі төмен деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG