Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев тағы да президент сайлауына түсетінін айтты


Тамыздың 24-і күні Қазақстан президенті Н.Назарбаев тікелей эфир арқылы телекөрермендер сауалына жауап беру барысында өзінің алдағы президент сайлауына түсетіндігін мәлімдеді. Алайда, сонымен бірге ол, Конституциялық кеңестің президент сайлауы алдағы желтоқсан айының 4-і күні өткені жөн деп тапқан шешіміне вето қою құқығы өзінде бар екендігін де еске салды. Ал, қазақстандық оппозиция өкілдері болса президент Назарбаевтың пиғылын бұрыннан білгенін айтады. Ал бірқатар саясаткерлер Қазақстанды 15 жылдан астам уақыт басқарып отырған Н.Назарбаевтың бұл жолы сайлауға түспегені жөн деп санайды.

Сонымен, президент Н.Назарбаев алдағы сайлауға кезекті мәрте түсетіндігін дүйім жұртқа жариялап, қазақстандықтарды өзіне дауыс беріп, қолдау көрсетуге шақырды. Ал, бұл жолғы дода оның пайдасына шешіле ме деген сауалға қазақстандық сарапшылар түрліше пікірлер айтуда. Қазақстандағы тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің президенті Дос Көшімнің ойынша, ең дұрысы Н.Назарбаев осы жолғы сайлауға түсуден бас тартқаны жөн.

«Ал егер де сайлауға түсемін деп шешім қабылдаса, онда сайлауда жеңіп шығатыны сөзсіз, өйткені мемлекеттік машина ол үшін жұмыс істейтіні айдан анық», - дейді Д.Көшім.

«Руханият» саяси партиясы Алматы қалалық бөлімшесінің төрайымы Тамара Хабиеваның айтуынша, дәл қазіргі кезеңде президент Н.Назарбаев, билік басында қанша жыл отырғанына қарамастан, алдағы сайлауға түсе алады.

«Өйткені, бұл оның Конституциялық құқығы, сондай-ақ ол алдағы сайлауда жеңіп шығады», - «Руханият» партиясының өкілі.

Ал елдегі оппозиция қайраткерлері назарбаевтың сәрсенбі күнгі мәлімдемесін жаңалық деп қабылдап отырған жоқ.

«Н.Назарбаев алдағы президент сайлауына түсу мәселесін осыдан көп бұрын шешіп қойған. Алайда, бұл сайлауға түсуге оның моральдық және заңдық құқығы жоқ», - дейді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

Қазақстанда алда болатын президент сайлауына үміткер ретінде өз кандидатурасын ұсынатынын осыған дейін мәлімдеген тағы бір адам - сенатор Уәлихан Қайсар «президент Назарбаев алдағы сайлауға түспей бас тартса дұрыс болар еді, өйткені, ол билік басында тым ұзақ отырды, енді орнын басқаларға босатса» деген пікір айтады.

Қазақстанның демократиялық «Ақ Жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов болса, сайлауға кім түссе де еркі, тек сайлау әділ өтсе болды деген пікір айтады. Оның өзінің алдағы президент сайлауына үміткер ретінде түсу-түспеуі жайлы журналистердің қойған сұрағына Бәйменов тура жауап беруден жалтарып, ол - баспасөз арқылы жариялайтын емес, партияның мүшелерімен ақылдаса отырып шешетін үлкен маңызды мәселе екенін айтумен шектелді. Ал, Ұлттық зерттеулер Институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов, алдағы президент сайлауына түсуге қазіргі президенттің құқығы жоқ деп біледі.

«Себебі, ол билік басында тым ұзақ - 16 жыл отырды. Алайда, елдің Конституциялық кеңесі оған сайлауға түсуге конституциялық құқығы бар деген шешім қабылдаған болатын», - дейді қазақстандық саясаттаншуы.
XS
SM
MD
LG