Accessibility links

Қазақстандық заңгерлер жаңа қозғалыс құрмақ


Тамыздың 26 күні Қазақстанның бір топ заңгері әділ сайлау үшін күресу үшін жаңа қозғалыс құратыны туралы мәлімдеді. Осы мақсатта олар арнайы қоғамдық бірлестік құрып, отандастарының құқықтық сауатын ашуға күш салатынын жеткізді. Ал қарапайым қазақстандықтар елде әділетті сайлау өту үшін арнайы қоғам құрудың қажеті жоқ, тек сайлау барысында бұрмалаушылық пен заң бұзуға жол берілмесе болды, деген пікір айтады.

Қазақстанда ресми түрде президенттік сайлау науқаны басталған жоқ. Алайда республиканың бір топ заңгері алда болатын сайлаудың әділ өтуі үшін арнайы қоғамдық бірлестік құрғанын жариялап отыр. Жаңа бірлестіктің басқарма төрағасы Қалимулла Халиқов “Заңгерлер әділ сайлау үшін” атты бірлестіктің басты мақсатын былайша сипаттады:

«Бір мақсат, бір міндет. Біздің қазіргі Конституциямыздың мүмкіндігі толығымен пайдаланып болған жоқ. Сол негізгі заңды ары қарай дамытатын демократиялық жол бар. Ал ол демократиялық жолдың ең бастысы – сайлауды әділ өткізу. Әділ сайлау тек алдымыздағы президенттік сайлау ғана емес, болашақта болатын сайлаулар. Ол президенттің сайлауы болсын, парламенттің сайлауы болсын, жергілікті әкімнің сайлауы болсын - қандай сайлау болса да, сол сайлаудың заңға сәйкес өтуіне атсалысу. Негізігі, басты міндетіміз осы».

Бірлестік басқармасына 7 заңгер маман мүше. Олардың арасында Анатолий Матюхин, Арықбай Ағыбаев, Виктор Малиновский және Өмірәлі Қопабаев сияқты заңгерлер бар. Бұлар Қазақстанда алдағы болатын сайлау барысында түрлі ұйымдармен, бақылаушылармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтады. Сонымен қатар, бұл қоғамдық бірлестік бір жыл ғана емес, бірнеше жыл жұмыс істейтінін айтты. Бірлестіктің басқарма мүшесі Өмірәлі Қопабаев жұмыс барысында олар азаматтардың құқықтық сауатын ашуға көмектесетінін айтты.

«Конституция бойынша, біз құқықтық мемлекет құрамыз деп айтамыз ғой. Сол құқықтық мемлекеттің ерекшелігі – заңның үстемділігі. Сол себептен қазір заңгерлердің белсенділігі артып келе жатыр. Кеңес Одағында, өздеріңіз білесіздер, заңгерлердің еңбегі айтарлықтай құнды болған жоқ. Сол себептен біз өзіміздің заңгерлерімізді көтеріп, Алматыдағы, Астанадағы, аудандардағы заңгерлердің белсенділігін арттырғымыз келеді. Солар арқылы кемшіліктерімізді реттегіміз келеді», - деді жаңа бірлестіктің мүшесі Өмірәлі Қопабаев.

Қазақстан соттарында түрлі оппозициялық тұлғалардың құқығын қорғап жүретін заңгер Мұстақым Төлеев өз әріптестері құрып отырған жаңа қозғалысқа мүше болуға қарсы емес. Алайда, оның ойынша, ол өзінің қоғамдық көзқарасына байланысты заңгерлер оны бірлестікке шақырмайды деп санайды.

«Егер олар алдын ала мен олармен үзілді-кесілді келіспейтінімді білетін болса, мендей тұлға оларға керек емес», - дейді заңгер М.Төлеев.

Ал “Заңгерлер әділ сайлау үшін” атты бірлестік өкілдері өз жұмыстарын бейтарап түрде атқаратынын айтып отыр. Мәселен, бірлестік мүшесі Өмірәлі Қопабаев оның бұл бастамадағы әріптестері ешбір саяси топқа жатпайтынын жеткізді.

«Бір партияны ғана қолдап отырған жоқпыз. Біз ғалымбыз, заңгерлердің көбі - ғалымдар. Біз өзіміз бірнеше бастама жасадық, оны бізге ешкім былай жасаңдар деп айтқан жоқ», - дейді Ө.Қопабаев.

Ал, заңгер маман Мұстақым Төлеев өз әріптестерінің атқаратын жұмысына айтарлықтай сенбейді. Ол қозғалыс құрып жатқан азаматтар ресми Астанаға жақын тұлғалар деп санайды.

«Мен білемін, олар президент әкімшілігінің қолшоқпарлары ғой. Олар әрдайым президент әкімшілігі айтқанын іске асырады. Олар бар Конституцияның мүмкіндігін толық пайдаланған жоқпыз дегенді жиі қайталайды. Алайда, бұл тұжырымды президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоққа шығарып отыр», - дейді М.Төлеев.

Қалай болғанымен, қазақстандықтардың әділ сайлауға қол жеткізуін қамтамасыз етеміз деп құлшынып отырған заңгерлер, халыққа Конституцияны насихаттап, сайлау, референдум туралы түсініктеме беретінін айтады. Осы мақсатта біз Алматы тұрғындарының кейбірінің пікірін білген едік.

- Жаңадан дүниеге келгенде түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлестіктер халыққа үйіп-төгіп уәде береді, соңынан олардың бұл айтқандары іске аспай қалады. Негізінен, әділ сайлау үшін арнайы ұйым құрудан бұрын заң бұзушылық пен бұрмалаушылық болмауы керек, сонда ғана біз әділ сайлауға қол жеткіземіз, - дейді Алматы тұрғыны, 58 жасар Айтбай Қалымбетов.

- Қазақстандықтардың құқықтық сауатын ашу үшін заңгерлердің бірлестігі міндетті түрде керек, - дейді Азамат есімді жігіт.

- Менің пікірімше, әділ сайлау болу үшін арнайы ұйымның керегі жоқ. Себебі, қазіргі кезде халықтың өзі сауатты, - дейді Әмина Қосымбетова деген әже.

“Заңгерлер әділ сайлау үшін” атты қоғамдық бірлестіктің қатарында заңгерлерден өзге сайлау комиссиясының мүшелері мен бұрынғы депутаттар бар.
XS
SM
MD
LG