Ливан бас министрі Фұад Сениора елдің бұрынғы бас министрі Рафик Харириге жасалған қастандықтың ісіне байланысты мемлекеттік қауіпсіздік мекемесінің үш бұрынғы басшысы және президент гвардиясының қолбасшысы қамауға алынды деп мәлім етті. Іс бойынша тергеуді БҰҰ мекемесі жүргізіп келеді. Бұрынғы бас министр Рафик Харириге бомба шабуылы Бейрут қаласында 14 ақпанда жасалған, мұның салдарынан тағы 20 адам мерт болған. Ливан оппозициясы қастандықты көршілес Сирия және Сирияның Ливандағы жақтастары ұйымдастырды деп біледі. Сирия үкіметі айыптауларды жоққа шығарып келеді.