Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.02.2005 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдардың басым көпшілігі Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан парламенті палаталарының біріккен отырысында сөйлеген сөзі, жасаған мәлімдемелеріне ерекше назар беріпті.

«Айқын» басылымы өзінің жұма күнгі санында «Саяси реформаның сағаты соқты» деген тақырыппен газет тілшісі Айхан Шәріптің көлемді мақаласын жариялапты. Газет тілшісінің жазуынша, президент Н.Назарбаевтың бұл жолғы парламент алдындағы баяндамасы бұрынғыларға қарағанда өте-мөте өзгерек болған, яғни мемлекет басшысы бұған дейін істелген, қол жеткізілген істерге есеп берген. Сондай-ақ, мемлекет басшысы алдағы 2005-2011 жылдары елде демократиялық реформалар жүзеге асыру мақсатындағы бағдарламаны жалпыхалықтық референдум талқысына салуды ұсыныс еткен және алдағы президент сайлауын әділ, еркін өткізуге уәде еткен. Сондай-ақ, Н.Назарбаев өзінің төрағалық етуімен «демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау бойынша мемлекеттік комиссия құрылатындығын, оның құрамына депутаттар, президент әкімшілігінен және үкімет пен партиялар, сондай-ақ бейресми ұйымдардың өкілдері кіретіндігін мәлімдеді» деп жазады газет тілшісі. Осы «Айқын» басылымына берген сұқбатында мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов Қазақстанда саяси реформа жасаудың артта қалып қойғанын, ал президенттің айтқан ойлары үлкен іске қарай жасалған кішкентай қадам екендігін айта келе бұл саяси реформаларды баяғыда жасау керек еді деген өзінің өкінішін білдіріпті.

Ал «Апта.kz» басылымы өзінің жұма күнгі санында газет тілшісі Шәріп Құрақбайдың жазған «Үлкен сайлау алдындағы үлкен жарнама немесе репетиция аяқталды, енді нағыз күрес басталады» деген тақырыппен мақаласы жарияланыпты. Газет тілшісі елде Қазақстан президентінің жақында тікелей эфирде өткізген «сыр-сұхбатының» қызуы әлі басылмағандығын себебі алда жақындап келе жатқан президенттік сайлау тұрғысынан алғанда бұны елбасының сайлау алды үгіт науқанының бастамасы деп санау керек екендігін айтады. «Президенттің тікелей эфирде халықпен кездесуі бүкіл републикаға тарайтын барлық 10 телеарнадан, радиолардан және «Каспионет» спутниктік телеарнасынан 3,5 сағат бойына үзбей көрсетілуі және де елдегі үкіметке тәуелді барлық БАҚ арқылы осы сұқбатты насихаттау науқанының жүріп жатуы кімді де болсын осындай ойға жетелейді» дейді газет тілшісі.

Апталық «Жұма-Таймс» басылымы президент Н.Назарбаевтың халықпен болған тікелей эфирде бұған дейін қазақтарда мемлекет де болған емес, шекара да болған емес оның бәрін осы жылдары жасадық деп айтқанына байланысты «Әділетті Қазақстан» қоғамдық қозғалысының төрағасы Ж.Тұяқбайдың президент Н.Назарбаевқа жазған ашық хатын жариялапты. Хата: «Назарбаев мырза, сіздің бұл айтқаныңыз еш шындыққа жатпайды әрі қазақ қалқының ар намысына тиетін сөз, сондықтан ең дұрысы осы үшін өз халқыңыздан кешірім сұраңыз» делініпті.

Ал «Сеть. kz» өзінің жұмалық санында «Ашық мінбер» айдарымен газет тілшісі Анатолий Ивановтың Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетовпен өткізген сұхбатын беріпті. Алматы қаласының әкімінен сұқбат алу үшін алдын ала дайындалған сұрақтарды әкімнің көмекшісіне факстеуден бастап, оның жауабын сарыла күткен бірнеше күнді өткізудің қандай қиын жұмыс екендігін жазуды жөн көрген газет тілшісі, ақыры бұған әрең деп қол жеткізгенін айта отырып, әкімге Алматы қаласында соңғы уақытта орын алып отырған бірқатар проблемалар, атап айтсақ - жер мәселесі, баспана, жатақхана мәселелеріне қатысты сұрақтар қойыпты. Әкім И.Тасмағамбетов өз жауабында бұл мәселерді дүрліктіріп жүрген оппозиция сондықтан да бұған солар кінәлі депті. Ал «Наурыз банк» оқиғасы мен Байқоңырдың миллиондаған доллары төңірегіндегі әңгімеге байланысты ол: «бұған ешқандай қатысым жоқ, оған қатысы бар тиісті адамдардан сұраңдар. Бұл мәселені де дүрліктіріп жүргендер оппозициядағылар, олар Тасмағамбетов деген фамилияның елде әйгілі, өзіндік салмағы бар екенін жақсы біледі, сондықтан да оны жемқор деп әшкерлеу арқылы өздеріне саяси ұпай жинағылары келеді» деп жауап беріпті.
XS
SM
MD
LG