Accessibility links

Қазақстандағы оппозиция биліктен Ғ.Жақияновты түрмеден босатуды талап етеді


Алдағы қазан айының 2-сі күні Қазақстандағы оппозиция жетекшілерінің бірі, қазір Павлодар облысындағы Шідерті елді мекенінде жартылай қамауда отырған Ғалымжан Жақияновтың сот арқылы 7 жылға кесілген жазасын өтегеніне 3,5 жыл толады.

Осыған байланысты, егер сот тиісті шешім қабылдаса, Ғ.Жақиянов Қазақстан заңы бойынша шартты түрде бостандыққа шыға алады. Алайда, осы уақыт жақындаған сайын Шідерті колониясының басшылығы Ғ.Жақияновты тәртіп бұзды деп, оның жартылай қамауда отыру мерзімін ұзартуға тырысып жатыр деп, Қазақстан оппозициясы сейсенбі күні арнайы мәлімдеме таратты. Мәлімдемеге Қазақстандағы барлық оппозициялық қозғалыстар мен саяси партиялардың жетекшілері және Парламент Мәжілісің мен Сенатының бірқатар депуттары бар - барлығы 26 адам қол қойыпты.

«Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, алдағы қазан айының 2-сі күні Ғ.Жақияновтың түрмеде отырғанына үш жыл алты ай толады, яғни Қазақстан заңы бойынша ол шартты түрде бостандыққа шығу құқына ие болмақ.

«Алайда, қазір билік оны бостандыққа шығармаудың түрлі жолдарын қарастырып отыр. Оған дәлел, өткен аптада ғана Ғ.Жақиянов өзі жаза өтеп жатқан мекеменің әкімшілігі тарапынан тапсырылған жаңа жұмыс - далада мал бағып жүрген жерінен жылы киімін киюге үйіне кеткенін пайдаланып, оған жұмыс орнында 30 минут болмадың, яғни тәртіп бұздың деп, сөгіс жариялаған. Бұл жағдай Ғ.Жақияновты түрмеден алдын ала босау мүмкіндігінен айыру мақсатында жасалып отыр», - дейді Ж.Тұяқбай.

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Зәуреш Батталова соңғы күндері Шідертідегі сот жазасын өтеу мекемесінің басшылығы тарапынан жасалып жатқан әлгіндей жағдайды жоғары биліктің тікелей нұсқауымен орындалып жатқан іс-шаралар деп бағалайды. Ал, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин билік қалайда алдағы қазан айының басында Ғ.Жақияновты бостандыққа шығарғаны жөн деп санайды. Алайда, Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ақпарат бөлімінің жетекшісі Ғалымжан Қасенов түрмеде отырған Ғ.Жақияновтың бостандыққа шығу немесе шықпау мәселесі тек сот арқылы ғана шешілмек дей келе, Жақияновқа жуырда мекеме әкімшілігі тарапынан сөгіс берілгенін растады.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалыс мүшелерінің бірі Әміржан Қосанов:

«Ғ.Жақиянов өзінің саяси көзқарасын өзгертпей, осыншама уақыт түрмеде аса төзімділік танытып отырғанын Қазақстан жұртшылығы тұрмақ, бүкіл әлем қауымдастығы да біліп отыр. Ал билік болса одан өлердей қорқады, сондықтан алдағы қазан айының басында оны түрмеден босатпауға билік қалайда тырысып бағады», - дейді.

Кезінде Қазақстан Республикасындағы ең жас облыс әкімі болған Ғалымжан Жақиянов өзімен пікірлес жаңа бағыттағы саясаткерлермен бірігіп, 2001 жылдың күзінде елдегі билік жүйесіне демократиялық өзгерістер енгізу туралы бастамамен «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған болатын. Алайда, алдымен биліктен қуылып, онан кейін қамауға алынған Ғ.Жақияновты Қазақстан соты 2002 жылғы жазда қызмет бабын дұрыс пайдаланбаған деген айыппен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Қазақстандық оппозициялық ұйымдар мен халықаралық Адам құқығын қорғайтын ұйымдар Ғалымжан Жақияновты саяси көзқарасы үшін қуғын көрген қайраткер деп біледі.
XS
SM
MD
LG