Accessibility links

Әндіжан оқиғаларынан кейінгі аралықта Өзбек-Қырғыз қарым-қатынастары нашарлап кетті


Өзбек елбасы Ислам Кәрімовтың Бас Прокуратура кеңсесі тарапынан құрған арнайы комиссиясы дүйсенбі күні ел Парламенті алдында мәлімдеме жасады. Олардың зерттеу қорытындысы бойынша Әндіжан оқиғаларын исламдық үш топ жоспарлаған-мыс. Олар - Түркістан қозғалысы, Хизб-ут-Тахир және Акрамия қозғалыстары. Босқындарды қайтарудан бас тартқан көршілес Қырғызстанға қарсы Кәрімов өкіметі жаңа майдан ашқалы отырған сыңайлы.

Өзбек өкіметі 1999-шы жылғы Ташкенттегі бомбалық жарылысқа да, 2004-ші жылғы жарылыстар тізбегіне де шапшаң түрде исламдық қозғалыстарды кіналай салуға бейім. Соңғы оқиғадан кейін ресми Ташкент өкілдері “лаңкестік топтар Қазақстанның оңтүстігінде әскери жаттығудан өткен” деп, айыпты таға салған болатын. Сондай-ақ биыл мұндай айып көршілес Қырғыз еліне де жабылған еді. “Бахром Шакиров пен оның балалары Ошқа жақын Теке ауылында осы жылдың қаңтар-көкек айларында арнайы әскери дайындықтан өткен” деген Өзбек бас прокурорының 26-шы тамызда жариялаған айыптауы 5-ші қыркүйек күні басталған Парламент алдындағы тыңдауларда қайталанды. Алғашқы күдікке ілінген 15 адамның үстінен істің сотқа жөнелтілгенін де олар айтып отыр. Зерттеу комиссиясы сондай-ақ Түркістан, Хизб-ут-Тахрир және Акрамия атты қозғалыс мүшелері Қырғызстанда арнайы жаттығулардан өткен. Ал, тағы 60-тай арнайы жаттыққан адамдар шекараны бұзып, өзбек жеріне кіріп, екі шекарашыны кепілдік тұтқынға алып, содан кейін мамырдың 13-14-дегі Әндіжан оқиғаларына белсенді қатысқан”, деп отыр.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі бұл айыптаулар жөнінде көзқарастарын білдіре қойған жоқ. Дей тұрғанмен, Ош қаласы ішкі істер басқармасының басшысы Рүстем Мырзаматов мұндай тағылған кіналарды жоққа шығаруда. Сондай-ақ Теке ауылы қауымдастығының басшысы Әлімбек Бойғазиев те ол хабарды өтірік деп отыр.

Тамыздың 31-де журналистерге берген сұхбатында елбасы Ислам Кәрімов алғашқы сот үдерісінің 20-шы қыркүйектен басталатындығын айтқан еді. Алайда, ол сотқа кімдердің тартылатындығын және онда Шакуров отбасының мәселесі қаралатын, қаралмайтындығын Өзбек өкілдері айта қойған жоқ.

Бахром Шакиров болса айыптауларды жала деп отыр. “Бұл - барып тұрған жала. Қаңтар айында біз Әндіжандағы үйімізде болдық. Үндістаннан, Швейцариядан үйімізге көптеген журналистер келді. Біз ол күндері қызу жұмыс үстінде болдық. Оның бәрі құжатпен тіркелген” деді Б.Шакиров. Оның баласы Хуссанның айтуынша, өткен қыста олардың отбасы мүшелері белгілі 23 іскер азаматтар сотына қатысқан. Ол сот үдерісіне наразы болған Шакуровтар мен басқа да азаматтар шеруге шығып, оның соңы 11-ші мамырға дейін жалғасқан. Одан кейінгі 12-13-і күндері атақты Әндіжан оқиғалары басталып кеткен еді.

Сарапшылардың пікірінше, егер Қырғыз жерінде бой тасалап жүрген Шакуров және басқа да өзбек азаматтарының сыртынан сот ісі жүргізіліп, үкім шығарлыса, ондай жағдайда Қырғыз өкіметіне “азаматтарымызды қайтар” деп қысым жасау үшін ресми Ташкентке сылтау құралы табылмақшы.
XS
SM
MD
LG