Accessibility links

Қазақстанда есірткіні тасымалдау және сату үшін кесілетін жазаны өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін күшейту шешімі қарастырылу үстінде


Қазақстанда есірткіні тасымалдау және сату үшін кесілетін жазаны өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін күшейту шешімі қарастырылу үстінде. Бұл туралы Астанада есірткі бизнесіне қарсы мемлекеттік комиссияның отырысында хабарланды. Вице-премьер Ахметжан Есімовтың төрағалығымен өткен жиында Ішкі істер министрлігіне заңдарға өзгеріс енгізіп, қылмыстық жауапкершілікті арттыруды тапсырылды. Аса ірі көлемде есірткі тасымалдап, сатқан және қылмысқа жеткіншектерді қатыстырған қылмысты топ мүшелері өмір бойы бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Бұған дейін, БҰҰ халықаралық комитеті Қазақстанда есірткіге тәуелді болып қалғандар саны 140-мыңға жеткен деген мәлімет таратқан. Ресми көрсеткіштерді тек онға көбейткенде ғана шынайы жағдайды елестете аламыз дейді мамандар. Ал Астананың әлеуметтік реабилитациялық орталығында 9 мыңға жуық адам тіркелген. Оның 7 мыңы ішімдікке салынғандар, 1663 адам нашақор, ал қалғандары токсикомандар. Астана нашақорлардың саны бойынша республикада 4-орынды иемденіпті. Астаналық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының тәрбиеленушісі Сергей орталыққа желім исікегені үшін түскен. Сергейдің айтуынша, наша шегетіндер мектептерде көп. Кейбіреулер тіпті наша шегу өкпені тазартады деген лақап таратқан дейді ол.

Астаналық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының бастығы Евгения Шевченконың айтуынша, орталыққа келетін әр бір бесінші бала желім исікеп әдеттенген. Момент желімі еркін саудада бар және ол баланы ызақор қылады миының дамуына кесірін тигізеді дейді ол.

Дәрігерлердің айтуынша, нашақорлар әрдайым ұлғайып отырады. Сарапшылдардың пікірінше,бұған Астанадағы миграция себепкер. Айналымда жүрген қаражатта көбейген. Еркін саудадағы ішімдік пен темекі бұйымдарының және химиялық заттардың келтіретін кеселі тағы бар. Осының бәрі нашақорлардың көбеюіне әкеп соққан, дейді мамандар. Ал, Астаналық білім департаментінің директоры Әмірхан Рақымжановтың айтуынша, соңғы кезде есірткіге қызығатын балалар санының өсуі тоқтаған:

«Бұған дейін көбейіп келе жатқан қазір тоқтады деп есептейміз. Былтыр 50-60 бала тіркеуде тұрған. Негізгі себеп миграция сосын тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалар көп».

Ал Астаналық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының тәрбиеленушісі Сергейдің айтуынша, наша шегетіндер 6-7 сынып оқушылары, тіпті 5 сынып оқушылары да наша шегеді, дейді ол.

Соңғы мәліметтерді зерттесек, ішімдікке салынғандар, нашақорлар мен токсикомандар ішінде әйелдер мен балалардың саны да күрт ұлғайып кеткен. Балалар нашақорлар мен алуан түрлі химиялық заттарды иіскеп жүргендерге алдымен таңырқап қарап, бертін келе нашақорлықты өздерінің әуесқойлығына айналдырады екен. Астаналық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының бастығы Евгения Шевченконың айтуынша, заңды қаталдатқан дұрыс, бірақ, есірткіні тұтынатындарға емес. Өйткені, олар ауру адамдар, дейді ол. Және кәмелетке толмағандардың бос уақытын өткізу мәселесін шешу керек, дейді Евгения Шевченко.

Қазір Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 47 мыңнан астам нашақор тіркелген. Республикада нашақорларды ықтиярсыз емдейтін 9 орын бар екен. БҰҰ-ның мамандары былтырғы тамыз-қыркүйек айларында Республикада өткізген есірткімен күрес науқаны барысында қоймаларда заңсыз сақталған медициналық есірткі де тауыпты. Бұл Қазақстанда есірткінің барлық түрлерінің айналымда екенін айғақтайды, дейді халықаралық сарапшылар.

Бұған дейін, қазақстанның әділет министрлігі нашақорлықпен күрес туралы заң жобасын жасаған. Заңның мақсаты есірткі бизнесімен күресуге арналған барлық сұрақтарды ортақ заңды актіге біріктіру. Жобаны жасаушылардың пікірінше, заңда нашақорлықтан зардап шеккен адамдарға көрсетілетін көмек және есірткі бизнесімен күрес шараларына ат салысқан адамдардың қауіпсіздігінің кепілдігі туралы сөз қозғалған. Және бұл заңдағы актілердің жүзеге асырылуы бюджет есебінен дербес қаржыландыруды талап етпейді. Ал, соңғы шешім бойынша, Кеден мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, шекарадан өткен адамдарды 3 мәрте тексеру тапсырылды.
XS
SM
MD
LG