Accessibility links

Республикалық «Асар» партиясы алдағы сайлауда қазіргі президентті қолдау үшін халықтық коалиция құруға шақырады


Республикалық «Асар» партиясының саяси кеңесі Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтарды алдағы президент сайлауында қазіргі президент Н.Назарбаевты қолдауға шақырып, осы мақсатта Қазақстан халықтық коалициясын құру жөнінде қыркүйектің 8-күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мәлімдеме жасады. «Асар» саяси партиясының төрайымы, парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева, Қазақстан халықтық коалициясын құруға қатысты арнайы құжат -меморандумды партияның саяси кеңесі сәрсенбі күні кешкісін қабылдағанын, енді осы құжатты ең алдымен президентті қолдауға әзір барлық саяси партиялар мен қозғалыстар және үкіметтік емес ұйымдар назарына ұсынатындығын жеткізді. Ол құжатта Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаудағы және өтпелі қиындықтардан өтудегі, сондай-ақ ұлтаралық тұрақтылықты сақтаудағы рөлінің орасан зор екендігі айтылыпты.

«Асар» партиясы тарапынан ұсынылып отырған бұл ұсыныс идеяны ең алғашқы болып қолдайтындығын білдірген «Асар» партиясымен бір одақтас партия Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев:

«ТМД кеңістігінде орын алған түрлі-түсті төңкерістерді зерттеп көргенде, бұлар осы президент сайлауы бола ма, жоқ әлде парламент сайлауы бола ма - соларға қатысты шыққаны мәлім. Сондықтан, сайлау алдында ел тыныштығын ойлау тұрғысынан болсын, қазіргі президенттің елі алдында сіңірген еңбегін бағалау тұрғысынан болсын, осындай халықтық каолиция құру идеясы күн тәртібіндегі мәселе», - деді.

Қазақстандағы оппозицияның бүгінгі жағдайы жөнінде өз пікірін білдірген «Асар» партиясының төрайымы Д.Назарбаева «алдағы сайлауда оппозиция жеңіске жете алмайтындығына толық сенімдемін, олар өз араларында бір-бірімен келісе алмай, бастары бір жерге симай жүргенде қалай ел басқара алмақшы» деді.

Алайда, президентшіл партиялардың коалиция құру туралы ұсынысына қазақстандық оппозиция сыни пікір айтады.

«Егер де Қазақстанға коалиция керек болса, оны өткен наурыз айының басында құрғамыз. Оның аты - «Әділетті Қазақстан үшін» деп аталады. Ол қозғалыс бүгінгі күні барлық оппозициялық партиялар мен қозғалыстардың басын біріктіріп отыр және алдағы президент сайлауына түсетін ортақ кандидат ретінде парламент мәжілісінің экс-спикері Ж.Тұяқбайдың кандидатурасын қолдап отыр», - деді «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төралқа мүшесі Әміржан Қосанов.

Белгілі болғанындай, қыркүйектің 8-і күні «Асар» партиясының басшылары Алматыда тағы бір кездесу өткізген. Бұл жолы жұма күні өзінің кезектен тыс құрылтайын Алматыда өткізгелі отырған «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов пен «Асар» партиясының төрайымы Д.Назарбаева баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы сайлауда қазіргі президентті қолдауға қатысты Қазақстан халықтық коалициясын құру жөніндегі ұсынысты екі жақ та өздерінің кезектен тыс құрылтайларында талқылайтындарын айтқан.
XS
SM
MD
LG