Accessibility links

Өзбекстанның “террористерді қолдады” деген айыптауы қырғыз лидерлерін жікке бөлді


Қырғызстан үкіметінің өкілдері көрші Өзбекстан билігінің “Әндіжандағы халық толқуын исламшыл топтар Қырғызстанда орналасқан базасында жоспарлады” деген мәлімдемесіне байланысты бір-біріне қарама-қайшы келетін пікір білдіріп отыр. Атап айтқанда, Қырғызстанның қорғаныс министрі мен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қырғызстанда ислам лаңкестерінің ешқандай базасы жоқ деп үзілді-кесілді жоққа шығарған болса, таяуда ғана үкімет басына отырған қырғыз премьер-министрі Ф.Кулов “ондай мәлімдемеге белгілі дәрежеде негіз бар” деп мәлімдеді.

Осы сейсенбі күні Қырғызстанның қорғаныс министрі Ысмайыл Исақов Өзбекстан прокуратурасының Бішкекті “исламшылдар Әндіжандағы халық толқуын Қырғызстанның оңтүстігінде орналасқан базасында жоспарлады” деп айыптауына ешқандай негіз жоқ деп мәлімдеді.

“Қырғызстан территориясында (қайсыбір террористік базада) ешбір экстремистік топ немесе оқытушы ешкімді оқытқан жоқ және елде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да өзбек прокуратурасының айыптауына еш негіз жоқ. Біздің ойымызша, олар (өзбек жағы. Ред.) өздері жіберген қателігі үшін кімді болса да айыптауға дайын”, - деді Ысмайыл Исақов.

Ы.Исақовтың бұл сөзі өткен айдың соңында Өзбекстан прокуратурасының таққан айыбына қырғыз жағының берген бірінші жауабы болды. “Азаттық” Радиосына 26-ыншы тамыз күні берген сұхбатында Өзбекстан Бас прокурорының өкілі Светлана Ортикова: “2005 жылдың қаңтар-сәуір айлары ішінде Қырғызстанның Ош қаласы маңындағы Теке ауылындағы құмды жерге орын тепкен әскери базада қылмыскерлердің тобы соғыс тактикасына, соғыс қимылдарын жүргізуге, қопарғышты қолдануға үйренді”, деп мәлімдеген болатын. Олардың мақсаты, деп түсіндірді Ортикова, Өзбекстандағы конституциялық билікті құлату болды”.

Осы аптаның басында Өзбекстан парламентінің комиссиясы алдында өзбек прокуратурасының тергеушілері де С.Ортикованың осы мәлімдемесін сөзбе-сөз қайталады. Сондай-ақ, тергеушілердің мәлімдеуінше, “жаттыққан және жақсы қаруланған, орталарында қырғыз азаматтары да бар тағы 60 лаңкес Өзбекстанға басып кіріп, 2 шекарашыны кепілдікке алып, мамырдың 13-інен 14-іне қараған түні болған террористік шабуылға тікелей қатысқан” көрінеді. Өз кезегінде Ы.Исақов қорғаныс министрлігіне қарайтын Текедегі әскери-жаттығу базасы әлі жұмыс істейтінін және ол базаға бөтен ешкімнің кіре алмайтынын атап көрсетті.

Осы сейсенбі күні Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесі де өзбек жағының әлгі айыбын түбегейлі жоққа шығарды. Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Вячеслав Хан өзбек жағының айыптауы ешқандай дәлел-айғаққа сүйенбейді деп атап көрсетті. Оның айтуынша, өзбек жағы Қырғызстан мен оның қауіпсіздік күштеріне таққан айыбын дәлелдейтін кез-келген құжатты беретін болса, Қауіпсіздік кеңесі онымен танысуға дайын.

Алайда өзбек үкіметінің таққан осы айыбына Қырғызстан премьер-министрі Феликс Құловтың берген жауабы өзгешелеу болды. Оның айтуынша, ондай айыпқа шекара күзетінің нашарлығы мен жалған төлқұжатты сатып алу мүмкіндігінің бар балғаны себепті “белгілі бір дәрежеде негіз бар”.

“Әндіжан оқиғасына қатысқан қайсыбір лаңкес Қырғызстан азаматы болыпты” деген айыптауға тоқталсам, оған мен былай жауап бере аламын: олай деп айтуға белгілі бір дәрежеде негіз бар. Неге десеңіз, біздің еліміздің азаматы болып табылатын және біздің азаматымыз емес кейбіреулердің пара беріп біздің паспортымызды – Қырғызстан азаматының паспортын алған жайттар болды. Ондай жайттардың бұрын болғаны рас”, - деді қырғыз премьер-министрі Ф.Құлов.

Дегенмен де осындай жайттар, С.Ортикованың айтқанындай, таяуда болды ма әлде Өзбекстан мен Қырғызстанның оңтүстігіне “Өзбекстанның ислам қозғалысы” басып кірген 1999 бен 2000 жылдары, яғни осыдан бірнеше жыл бұрын болды ма, Би-Би-Си-дің қырғыз редакциясына берген сұхбатында Ф.Құлов оны түсіндірмеді. Оның есесіне осы бейсенбі күні қырғыз сыртқы істер министрінің орынбасары Еркін Мамқұлов:

“Қырғызстан – террористер үшін ешқашан база болған емес және Өзбекстан билігі Әндіжандағы халық толқуының себептерін Өзбекстанның өз ішінен іздестіруге тиіс”, - деп мәлімдеді.

Ол, сондай-ақ, Би-Би-Сиге айтқан Ф.Құловтың пікірі бұрмаланып берілді деп атап көрсетті. Ош қаласында тұратын әскери сарапшы Руслан Байбосыновтың пікірінше, Қырғызстанның “ит мұрыны батпайтын” таулы аймағында кейбір базаның болуы да мүмкін. Бірақ ол Теке ауылындағы әскери базаның Әндіжандағы халық толқуына қатысқан лаңкестерге пана болуы мүмкін емес деп санайды.

“Егер де олар (яғни Өзбекстанның Бас прокуратурасы. Ред.) террористердің базалары таудың Алай немесе Нооқат сынды биік шыңында орналасыпты десе, онысы шындыққа әлдеқайда жақын болар еді. Бірақ өзбек прокуратурасының мұндай мәлімдемесі - Қырғызстан мен қырғыз үкіметінің атына қасақана кір келтіру әрекеті ретінде қабылданады”, - дейді әскери сарапшы.

Теке ауылының тұрғындары мен С.Ортикованың сөзінде “Текеде жаттыққан террористер” болып сипатталған Әндіжан оқиғасына қатысқандар да өзбек жағының әлгі айыптарын үзілді-кесілді жоққа шығарады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG