Accessibility links

“Отан” партиясының кезектен тыс VIII құрылтайы өтті


Қыркүйектің 9-күні Алматыдағы “Республика” сарайында таңертеңгі сағат тоғыздан бастап, “Отан” партиясының кезектен тыс сегізінші құрылтайына дайындық жұмыстары басталды. Әсіресе, “Отан” партиясының жейделерін киіп алған жастар, құрылтай басталмай жатып-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алуға айрықша дайындалды. Қолдарына жалаушаларын ұстап алған олар, “Отан!”, “Нұрсұлтан!” деп жарыса ұрандап, айғайлаумен болды.

Таңертеңгі сағат онда құрылтай жұмысын бастаған “Отан” партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов, алдағы сайлауға үміткер ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдағандығын хабарлады. Осыдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз алды. Биылғы жылғы желтоқсан айында өткелі отырған президент сайлауына “Отан” партиясының атынан түсуге келісімін берген мемлекет басшысы, Қазақстан Президенті ретінде алдағы сайлаудың әділ, әрі ашық өтуі үшін бар мүмкіншіліктің жасалатындығын мәлімдеп, оны қамтамасыз ету үшін қыркүйектің 9-күні "Қазақстан азаматтары үшін еркін, әділетті әрі бәсекелі сайлау өткізуді қамтамасыз ету құқығын жүзеге асыру шаралары туралы" жарлыққа қол қойғандығын хабарлады.

Құрылтай барысында сөз сөйлегендердің арасында сайлауға қатысуға ниет білдіріп отырған оппозиция өкілдерін сынға алғандар да болды. Мысалы, құрылтайда сөйлеген депутат Нехорошев, бүгінгі таңда ресми билікті сынап жүрген оппозиция өкілдерінің көбінің үлкен жолға шығуына мемлекет басшысының ықпал еткендігін айта келіп, былай деді:

«Бір рет сатқандар, оны әлі талай рет жасайды. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтан артық тұлға жоқ. НАН, яғни, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - бәрінің басы”.

Құрылтай жұмысын “Отан” партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов қорытындылап, мемлекет басшысына алдағы сайлауда “Отан” партиясының атынан түсуге келісімін білдіргені үшін, алғыс айтты. Біз съез делегаттарына “алдағы президент сайлауының әділ өтетіндігіне сенесіз бе?” деген сауал қоған едік. “Отан” саяси партиясының құрылтайына келгендердің бірі, Алматы қаласындағы №3 қалалық емхананың бас дәрігері Мұсағали Меңдіғалиев “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, өзі 1999 жылы сайлау учаскесін басқарғандығына тоқталып, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа 85-87 процент дауыс алып беру үшін, «күні-түні жұмыла жасайтындықтарын» әңгімелеп берді.

“Отан” партиясының құрылтайына қонақ ретінде қатысқан “Патриоттар партиясының» төрағасы Ғани Қасымов болса, алдағы президент сайлауының әділ өтетіндігіне сенбейтіндігін айтты. Оның себебін Ғани Қасымов сайлау комиссиясында жұмыс істейтіндердің барлығының да бір партиядан ғана жасақталғандығымен, олардың қатарында басқа партия өкілдерінің жоқ екендігімен түсіндірді. Құрылтайға қатысқан жазушы Сәбит Досановтың мемлекет басшысының өз баяндамасын ресми орыс тілінде жасағандығына көңілі толмапты.

“Отан” партиясының кезектен тыс VІІІ құрылтайына негізінен жастар көп жиналды. Алматыдағы “Республика” сарайына арнайы автобустармен жеткізілген олардың кейбіреуі “Отан” партиясының құрылтайын көру үшін өз еріктерімен келгендерін айтты. Ал, біз әңгімеге тартқан жастардың тағы бір тобы, алдағы президент сайлауының әділ өтетіндігіне сенбейтіндіктерін білдірді. Олардың айтуынша алдағы президент сайлауы әділ әрі ашық өтуі үшін Қазақстанда демократиялық қоғам орнауы тиіс.

«Бізде демократия бар дегенімен, іс жүзінде бәрі басқаша. Бұл билік тұрған жерде сөз бостандығы болуы мүмкін емес», - деді, олар.

Сондай-ақ олар осы құрылтайға өз еріктерімен келмегендіктерін де жасырған жоқ.
XS
SM
MD
LG