Accessibility links

Қазақстанда діни ұйымдармен жұмыс істейтін арнайы мемлекеттік орган құрылмақ


2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстаннның Әділет министрлігінің қарамағында Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі комитет құрылады. Діни бірлестік өкілдері осындай жаңа орган шет елдерден енетін діни ағымдардан қорғану үшін керек десе, кейбір саясаттанушылар жаңа орган арқылы билік діни конфессияларды қадағалауға алмақ деген пікірде.

Қазақстан Әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосыновтың айтуынша, бұған дейін, премьер-министрдің кеңсесінде діни бірлестіктермен байланыс бөлімі ғана болған және ол тек кеңес беретін орган болатын. Ал, жаңа комитет аймақтарда бөлімдері бар өкілетті орган болады, дейді С.Бекбосынов. Оның айтуынша, өкілетті орган бұрын болмаған, алайда «Діни бірлестіктер және сенім бостандығы» туралы заңда өкілетті орган ескерілген деп хабарланады. Ал, жаңа комитет ұйымдастырылған соң осы олқылықтың орнын толтырамыз, дейді Сабыржан Бекбосынов. Дінтанушы Мұртаза Бұлытай, жаңа органды құру туралы шешімді орынды жасалған деп санайды:

«Қазақстанда бүгінге дейін мемлекет ұйымдары дін және мемлекет бөлінген деген желеуді алға тартып, премьер-министрдің кеңсесіне бағынатын діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестен тыс басқа ұйым болған жоқ еді. Сондықтан, бұл қуанышты жағдай».

Вице-министрдің айтуынша, комитет діни бірлестіктерді тіркеуден басқа діни бірлестіктермен байланыс жұмыстарының барлығын өз мойнына алады. Комитет құрамына конфессиялар мен мемлекеттік орган мүшелері кіреді. Ал, саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстан билігі діни бірлестіктерді қадағалауға алғысы келеді деген пікірде:

«Мемлекеттік аппарат басшылығы, министр арқылы Қазақстанның бас мүфтиін таңдады. Яғни, бүкіл дін идеясын мемлекеттің табан астында қалдырғысы келіп отыр. Меніңше, бұл дұрыс емес».

Діни бірлестік өкілдері болса, жаңа орган керек деп отыр. Православ ипархиясының хатшысы Андрей Литовканың айтуынша, Қазақстанды әртүрлі экстремистік ағымдар мен ұйымдардан шектеу керек. Олар өздерін діни ағымдар деп атап бет перде кигендей жұмыс істейді. Ол барлығына белгілі, дейді ол. Діни басқарма өкілдерінің айтуынша да, қазір Қазақстанда неше түрлі діни ағымдар көбейіп барады. Сондықтан, Қазақстан діни басқармасы жер-жерлердегі мешіттердің барлығын өзінің бөлімшелері етіп қайта тіркеуден өткізуде. Бірақ, бірқатар мешіттер әзірге бөлек заңды тұлға болып қалған. Қазақстанның бас мүфтиінің көмекшісі Сүлеймен қажы Жаңбырбайдың айтуынша, кейбір мешіттер басқармаға бағынудан бас тартқан:

«Қазақстанда 1700-ден астам мешіт бар. 200-ден астамы діни бірлестіктер өздерінше бір тұлға. Олар өздерін бізбен тең құқылы санап, өздерінше заң шығарып жүрген қауіптері бар».

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының хабарлауынша, жалпы, Қазақстан бойынша 1700-ден астам мешіттің 200-ден көбі республиканың әділет министрлігінде тіркелмеген. Бұл мешіт имамдарының кейбіреуі Қазақстандағы бас мүфтиге бағынбаймыз деген екен. Кейбір дінтанушылар ол жерде зікір салатындар жұмыс істейді және Қазақстандағы дәстүрлі мұсылман дінінен өзге бағыттарды уағыздайды деп отыр, бұл өз кезегінде бейберекетсіздікке әкеліп соғады, деген пікір бар. Ал, саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, Қазақстан үкіметі дінді өз саясатына қолайлы болу үшін жаңа орган құрып, бақылап отырғысы келеді:

«Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан діні бөлініп шықаннан кейін діни мекемелер үкіметпен өз ара қатынасын үзген жоқ. Мемлекет дінді өз саясатына байланысты қадағалап, бақылап отыр. Бірақ, оның нақты, заңды түрдегі орны не мекемесі болмаған. Сондықтан, бұл бұрынан келе жатқан жағдайды заңдастыру сияқты».

Православ ипархиясының хатшысы Андрей Литовка бұл пікірмен келіспей отыр. Оның айтуынша, Кеңес одағы кезінде дін мемлекеттен бөлек деген тұжырым болғанына қарамастан өкілетті органдар діни конфессияларды қадағалап келгені рас. Бірақ, қазір билік дінді қадағаламайды дейді ол.

Осылайша діни ұйымдар шет елден келетін эмиссарлардан қорғану үшін жаңа орган керек деп отыр. Ал, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтуынша, шет елден келген дін уағыздаушылар жақсы дайындалған. Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстаннан 30 эмиссар шығарылған. Және олар шет елден қаржыланады, деді бас мүфти. Сондықтан, Қазақстанда ислам дінінің насихатын күшейту керек деген тұжырым жасалды.
XS
SM
MD
LG