Accessibility links

Көтерілісшілердің Ирақ жеріне өтіп кетуіне жол бермеуге байланысты АҚШ ресми билігі Сирияға ескерту жасап отыр.


Көтерілісшілердің Ирақ жеріне өтіп кетуіне жол бермеуге байланысты АҚШ ресми билігі Сирияға ескерту жасап отыр. Құрама Штаттарының Ирақтағы елшісі Залмай Халилзад “Сирияға байланысты шыдам шегіне жетіп қалды”, мәселені қарау күн тәртібіне қойылмақшы, деді Уашингтонда сөйлеген сөзінде. Шекарадағы Тәл-Афар қаласына бақылау орнатуға АҚШ күштері ұмтылуда. Осыған орай әлгіндей ескертулер көбейе түскен.

АҚШ-тың Ирақтағы елшісі Залмай Халилзад дүйсенбі күні Уашингтонда сөйлеген сөзінде “Біздің шыдамымыз және ирақтықтардың шыдамы таусылуға жақын. Дамаскінің шешім қабылдайтын уақыты жетті”, деген болатын. АҚШ Мемлекеттік департаментінде журналистер алдында сөйлеген сөзінде елші мырза Сирияға осы ескертуін жасаған еді. “Әл-Қайда тарапынан теріс бағыт алған Сауд Арабиясы, Йемен және Солтүстік Африка жастарының Дамаск халықаралық әуе жайына келуіне ресми Дамаск рұқсат бермеуі тиіс”, деді Халилзад мырза. Алайда Сирияға байланысты АҚШ-тың қандай шаралар қабылдауы мүмкін екендігін бұл өкіл нақтылап айта қойған жоқ.

Сирияның Уашингтондағы елшісі Имад Мұстафа болса “Халилзад мырзаның айтқандары- 100 пайыз бос сөз”, деді. Оның сөзіне қарағанда, бұдан бұрын ресми Дамаск осы проблеманы ақылдасуға АҚШ және Ирақ ресми өкілдерін шақырған екен. Алайда оған жауап бола қоймаған. Халилзад мырзаның бұл ескертпесі АҚШ-тың қолдауындағы Ирақ күштері Тәл-Афар қаласы маңында шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын аяқтаған кезге сәйкес келіп отыр. Ирақ өкімет басшысы Әл-Жафари аталған қалаға дүйсенбі күні келген болатын. “Бұл сапарым осы бір төзімді қаланы лаңкестерден тазалаудың әскери шараларымен тұспа-тұс келіп отыр. Ол лаңкестер аталған қаланы террорлық әрекеттердің таралар орынына айналдырғысы келді. Себебі, Тәл Афар қаласы- шекарадан заңсыз өтушілер келетін Сириямен шекаралас. Бір жақсы жері армиядағы көңіл-күй жоғары екен. Олар елді мекендерге зақым келтірмей, тек дұшпандарды ғана нысанаға алуда”, - деді Ирақ өкімет басшысы.

Ирақ әскери қолбасшыларының айтуынша, Тәл Афардағы шаралар басталған 10-шы қыркүйектен бері 200-ден аса көтерілісшілер өлтірілген. Мұнда 300 бен 500 аралығында көтерілісшілер болғанға ұқсайды. Олардың біразы шабуылдарға дейін қаладан шығып кеткен екен. Дүйсенбі күні Ирақ әскерилері өздерінің алғашқы шығындары бар екендігін, сондай-ақ алты қарапайым азаматтың қаза болғандығын хабарлаған болатын. 5000 мыңдай Ирақ және үш жарым мыңдай АҚШ солдаттары аталған қаланы мұқият тексеріп шыққан еді. Оның нәтижесінде бомба жасайтын зауыт, жерасты жолы және қару-жарақтың мол қоймасы табылған. Журналистердің айтуынша Тәл Афар қаласы тұрғындарының 90 пайызы қала сыртындағы шатыр қалашықты паналаған екен.
XS
SM
MD
LG