Accessibility links

Ауғанстан: Сайлау бюллетендерінің ерекшелігі - үміткерлердің қайталанбас белгілерінде


Осы жексенбі күні ауған халқы соңғы 30 жылдан да көп уақыттан бергі бірінші ұлттық парламентін сайлайтын болады. Дауыс беруге барған халық бюллетенге жазылған үміткерлерді олардың аты-жөндерінен ғана емес, сондай-ақ әр үміткерді оның арнайы белгісімен де таңдап дауыс беретін болады. Мұндай белгілер қажеті бар. Өйткені ауған халқының басым көпшілігі сауатсыз, хат танымайды.

Сиыр, үйрек, қос доғалақты велосипед немесе сымсыз телефон. Бұлар – осы жексенбідегі сайлауда дауыс беруге келген ауғандықтардың бюллетендерінің бетінен көре алатын арнайы белгілер немесе рәміздер. Ондай белгі-рәміздерді сайлаушылар бюллетендердегі үміткерлердің фотосуреттерінің жанынан көре алады. БҰҰ-ы мен Ауғанстанның бірлескен сайлау басқармасы осындай белгілер хат танымайтын адамға қалаған үміткерін таңдап дауыс беруіне көмектеседі деп санайды. Сайлау басқармасының өкілі Әлім Сыдық осылай деп түсіндіреді.

“5800 үміткер дауысқа түсетін сайлауға осындай бюллетендерді басып шығарудың ең басты мақсаты: біз үміткерлерді осылайша көрсету арқылы сайлаушылардың өздері қалаған үміткерін оңай танып, тезірек дауыс беруіне жағдай жасау болды. Ауғанстанда біз үшін сауатсыздық ерекше бөгет болды. Ауғанстандағы сауаты жоқ әйелдердің үлесі 85 пайыздан да асуы мүмкін, ал хат танымайтын ерлердің үлесі 55 пайызға барады. Міне осылайша, сайлаушыларға көмек беру үшін дауыс беру бюллетендерінің ең маңызды ерекшелігінің бірі - сайлау күні таңдаған үміткерлерін қиналмай тануы үшін олардың белгілерін қостық”, - деді Ә.СЫДЫҚ.

Өткен жылдың қазан айында өткен президент сайлауындағыдай, бюллетендерге әрбір үміткердің суретімен бірге аты-жөні және оның ерекше белгі-рәмізі басылады. Бірақ президент сайлауында 18 үміткер ғана бақ сынаған болатын. Біріккен сайлау басқармасының пікірінше, бірнеше мың үміткер түсетін парламент сайлауында үміткерлердің суреттері ғана берілсе, ол дауыс берушілерді шатастыруы әбден мүмкін. Әлім Сыдықтың айтуынша, 2003 жылғы Лойа Жирғаны сайлаудың барысында қолданылған нөмірлеу жүйесінің тәжірибесі көрсеткендей, сауаты жоқ сайлаушылардың көбі 10-ға дейінгі бірлік санды әзер таниды. Сол себепті сайлау басқармасы парламент сайлауына үміткерлердің аты-жөні, суреті, үміткерлердің саны мен олардың қайталанбайтын белгі-рәміздері берілген бюллетендерді ұсынбақшы.

“Сайлау бюллетендерінің біз енгізген тағы бір ерекшелігі - әрбір үміткердің суреті оның аты-жөнімен және нөмірімен қатар тұрады. Үміткердің суреті мен оның айрықша белгісі немесе символы, біздің ойымызша, дауыс беретін күні сайлаушыға таңдаған үміткерін тез табуына көмектеседі”, - деді Ә.СЫДЫҚ.

Өз кезегінде үміткерлер бюллетенге басылған өздерінің белгі-рәміздерін сайлаушыларға таныстыру үшін жарнама парақтарын, үгіт-насихат қағаздарын таратумен шұғылданды. Олардың кейбірі тәліптердің режимі кезінде тыйым салынған дыбыс таспасы, теледидар немесе футбол мен крикет сынды спорттық ойындардың жабдықтарын белгі етіп алды. Кабулда Мухаммад Сыдық Чакари өзінің белгісі етіп сымсыз телефонды алса, аятолла Аллахиярдың рәмізі - түйе, Абдул Ғафур Дауи болса – жылқыны алыпты. Парламент сайлауына түсетін санаулы әйелдің бірі Анахита Адар кәдімгі қайшыны өзінің рәмізі етіп алған. Саид Илми – Кабул қаласының орталығында шағын дүкен ашып, мата мен тастан қашап жасаған бұйымдар сатады. Оның айтуынша, үміткерлерді рәміздермен белгілеу жақсы идея.

“...белгілер Ауғанстан халқы үшін өте керек. Өйткені халықтың 80 пайызы оқуды жазуды білмейді. Ал белгі-рәміздер көркем суретке ұқсайды. Демек олар өз үміткерлерінің белгісін танып, оларға дауыс бере алады. Мысалға, теледидардың бейнесі Юнус Канунидің белгісі екенін мен білемін. Ауғанстанның ұлттық телеарнасы халыққа өз үміткерлерін таныту үшін күні-түні хабар береді”, - деді С.ИЛМИ.

Үміткерлер өз белгілерін өткен жылғы президент сайлауы барысында да қолданды. Ол сайлауда үміткерлерге белгі-рәміздерін өздерінің таңдап алуына рұқсат етілді. Сайлау басқармасы парламент сайлауында белгі-рәміздерді өзі жасап ұсынатын болды. Өйткені, деп түсіндіреді Әлім Сыдық, үміткерлердің көбі Ауғанстанның мемлекеттік жалауы немесе құран сынды мәдени және тарихи маңызы бар рәміздерді алуы мүмкін. Кейбір үміткердің орынсыз басымдық алуына жол бермес үшін, тарихи немесе діни рәміздерді қолдануға тыйым салынды. Тәуелсіз үміткер ретінде дауысқа түсетіндерге проблема туғызбас үшін саяси партиялардың рәміздеріне де тыйым салынды. Үміткерлердің тым көп болуына байланысты Біріккен сайлау басқармасы кейбір рәмізді 2, тіпті 3 рет қолдануға рұқсат етіп отыр. Яғни, алманы белгі етіп алған үміткер 2 немесе 3 алмасы бар үміткермен бақталасып дауысқа түсуі мүмкін. Міне осындай белгі-рәміздердің жүйесі ауған халқының ішінде сайлаушылар туралы “автокөлікті немесе ұшақты рәміз етіп алған үміткерді қолдап дауыс берген адам сыйлыққа автокөлік немесе ұшақ аламын деп дәмеленбей ме?!” деген әзіл де туғызды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG