Accessibility links

Қазақстанда президент сайлауын қадағалайтын тағы бір қоғамдық комитет құрылды


Қыркүйектің 15-күні Қазақстанның бір топ зиялы қауым өкілдері алдағы президент сайлауын бақылайтын қоғамдық комитет құрғаны туралы жариялады. Бұл комитет өкілдерінің айтуынша, олар республика азаматтарын алда болатын президент сайлауына белсенді қатысуға шақырмақшы. Ал оппозиция өкілдері мұны ресми Астананың жасап отырған арнайы шарасы деп бағалап отыр.

Қазақстанның зиялы қауым өкілдері алдағы желтоқсан айының 4-іне белгіленген президент сайлауын бақылау мақсатын қойып отыр. Олар бұл үшін арнайы қоғамдық комитет құрып, жұмыс істемекші.

«Мұндай ойға ең алдымен Олжас Сүлейменов келді. Ол кісі екеуміз жиі хабарласып тұрамыз. Жақында телефон шалғанда, Олжас Омарұлы, осы сайлау дұрыс өтуі үшін, адам құқығы сақталуы үшін әр адам сайлауға қатысуы керек, деген ой айтты. Осыған байланысты біз арнайы комитет құрдық», - дейді қоғамдық комитеттің жетекшісі, сенатор Қуаныш Сұлтанов.

Өз кезегінде ақын әрі Қазақстанның ЮНЕСКО ұйымындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов бұл қадамын Украина мен Қырғызстандағы болған оқиғалармен түсіндірді. Онда түрлі-түсті төңкерістер сайлау аяқталғаннан кейін орын алды, деді Олжас Сүлейменов:

«Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің арасында Қазақстанда ғана жағдай жақсы, мемлекетте тұрақтылық бар, мемлекет дамып келе жатыр. Сол себептен біз осы жағдай одан әрі сақтала берсе дейміз».

Жаңа құрылған комитетке қазіргі кезде 8 адам мүше, болашақта олардың қатары толығады деп үміттенеді ұйымдастырушылар. Қазірге кезде олар өз жұмысын қандай ақшаға атқаратынын айтпайды, бірақ бұл қоғамдық ұйымның мекен-жайы Достық үйінде орналасқанын айты. Енді демеушілерде табылады деп сенеді олар. Комитет мүшесі академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, олар бұл комитетке оппозиция өкілдерін де шақырады:

«Бұл орталық жүйе болады, сонымен қатар бұл жүйенің кеңейтілген варианттары болады. Кеңейтілген нұсқасы бойынша, жергілікті жерлерде біздің бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Осындай ұсыныс жасап отырмыз».

Алда болатын сайлау әділ әрі шынайы өту үшін телесайыс ұйымдастыруға да дайынбыз дейді, Қазақстандағы жекеменшік “31 канал” медиа-холдинг жетекшісі Арманжан Байтасов:

«Егер телесайыс ұйымдастыру туралы шешім қабылдаса, біздің телеарна оған толығымен дайын. Себебі, біздің телеарнада жұмыс істейтін қызметкерлер, басқа да журналисттер алда болатын сайлау әділ өткенін қалайды деп ойлаймын. Ал телесайыс арқылы сайлауды ашық өткізуге мүмкіндік туады».

Жаңа құрылған қоғамдық комитет мүшелері бұл құрылымның бөлімшелері республиканың барлық аймағында болады деп жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG