Accessibility links

Астананың қозғалмайтын мүлік базарында бірінші рет ескі пәтерлердің әр шаршы метрі 1000 доллардан асты


Астананың қозғалмайтын мүлік базарында бірінші рет ескі пәтерлердің әр шаршы метрі 1000 доллардан асты. Бұл туралы Қазақстандың консалтинг фирмалары хабарлап отыр. Сарапшылардың пікірінше бұл жыл мезгілдеріне байланысты болып тұратын құбылыс, тұрғындар қыс түспей тұрып қоныс тебуге асығады сондықтан пәтерлерге деген сұраныс артып бағалар өсетіні орынды, дейді олар.

Жазғы айларда пәтерлердің бағасы арзандап отырса күзде қайтадан қымбаттай бастады. Қозғалмайтын мүлік базарындағы экономистердің пайымдауынша, жаңа пәтерлердің құны құрылыс материалдарының бағасына орай көтеріледі. Ал, ескі пәтерлердің неліктен қымбаттап отырғандығы түсініксіз, дейді олар. Экономист Валентин Макалкиннің пікірінше, жаңа пәтерлердің бағасы көтерілген соң оған қолы жетпеген адамдар ескі пәтерді алғысы келеді. Ал, сұраныс өскен кезде ескі пәтерлердің иелеріде бағаны көтеріп жібереді дейді ол.

Ал, жаңа пәтерлердің құны әрдайым қымбаттап келеді. Оның бірнеше себебі бар. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар құрылыс компаниялары Қазақстанда құрылыс материалдарының негізсіз қымбаттатылып сатылатындығына, сондай-ақ, Астана, Алматы және Қызылорда қалаларындағы нысандардың республиканың басқа жерлерінде салынып жатқан тура сондай құрылыстарға қарағанда екі-үш есе қымбатқа түсетіндігіне түсінбестік білдіріледі. Бірінші кезекте құрылысшылар тендерлердің тым кеш өткізілетіндігін алға тартады. Экономист Уалихан Қайсаров бұл пікірге қосылып отыр:

«Тендерлер жемқорлық арқасында өтіп отыр. Жергілікті әкімдер, комиссия мүшелері тендерге бөлінген ақшаға дереу 7-10 пайыз «шапкасын» қосып алады да фирмасымен келісіп алады».

Ескі пәтерлердің бағасының көтерілуінде тағы бір себеп бар, дейді сарапшылар. Астана тұрғындары арасында жаңа пәтерлерді салғанда ескі және экологиялық талаптарға сай келмейтін құрылыс материалдары қолданылады, деген қауесет тараған. Сондықтан, Астана тұрғындары жаңа пәтерлерден гөрі ескі пәтерлерді сатып алатын болған. Кейбір сарапшылар бәрі сұранысқа байланысты өзгереді деген пікірде. Олардың айтуынша, ескі пәтерлердің бағалары арзандамайды. «Азаттық» радиосының тілшілері газет бетіндегі хабарландыру бойынша телефон шалған болатын. Астаналықтардың біразы бағаларын төмендетпейтіндігін керісінше көтеретіндігін жеткізді. Мысалы, Астанадағы ескі пәтерлердің бір иесі әр шаршы метріне 1000 доллардан асырып сұрайтындығын жеткізді:

«Пәтерімнің жалпы ауданы 44 шаршы метр, ал, жалпы бағасы 48 мың доллар».

2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап ескі пәтерлерге қатысты ипотека талаптары өзгереді деп хабарланған. Яғни, ережелер қатаң болған соң баға төмендеуі ықтимал, дейді сарапшылар. Бірақ, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Қалталы азаматтар ескі пәтерлерді ипотека несиесіне емес, қолма қол ақшаға сатып алатындықтан ипотека талаптарының өзгерісі бағаға әсер етуі екі талай, дейді олар. Экономист Уалихан Қайсаров болса, арзан пәтер салу арқылы қозғалмайтын мүлік базарындағы бағаны төмендету керек деп отыр. Оның айтуынша, бұл жұмысқа студенттерді қатыстыру керек:

«Жастар өздері ұйымдастырылып өздеріне үй салса еңбекақыны алмай істесе болады. Өйткені, құрылыс нысандарындағы шығынның 60 пайызына жуығы еңбекақыға кетеді».

Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаев студенттер ірі қалаларда құрылыс жүргізе алатындығына сенбейтіндігін жеткізді. Оның айтуынша, Кеңес одағы кезінде студенттік отрядтар құрылып, олар елді мекендерде шағын құрылыс нысандарына жауап беретін. Өйткені, ешқандай мамандығы жоқ жастарды құрылысқа оқытудың өзіне уақыт керек. Ал, қазір құрылыс нысандарына қатысты талаптар өзгерген, дейді Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаев:

«Құрылыс отрядтары Астана, Алматыда жұмыс істей алмайды. 1-2 ай ішінде олар маман болып шыға алмайды».

Ал, Қазақстан үкіметінің жоспары бойынша, арзан пәтерлерді салуға болады. Мысалы, Қостанай облысында көптен бері аяқталмай келе жатқан құрылыс нысандары көп. Жамбыл облысында 70 миллион теңгеге сұйық бетоннан құйып салынатын монолит құрылысына қажет жабдық алынған. Ал, Астана мен Алматы қалаларында президенттің тапсырмасымен әр шаршы метрі 350-450 долларға пәтер салынып жатыр деп хабарланған. Бірақ, бұл пәтерлер сұранысты толық қанағаттандыратыны белгісіз.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG