Accessibility links

Украина парламенті президент В.Ющенкоға жаңа соққы берді.


Осыдан 2 апта бұрын президент В.Ющенконың жарлығымен өзінің үкіметі таратылып, премьер-министрліктен кеткен Ю.Тимошенко сәрсенбі күні елдің тұрақтылығы мен бірлігі мүддесі үшін жаңа коалициялық үкімет жасақтауға дайын екенін мәлімдеді. Ю.Тимошенко мен В.Ющенко – осы айдың басында жігі ажырағанға дейін “Қызғылт-сары төңкерістің” 2 символы әрі жақын одақтас болып келді. Ю.Тимошенко соңғы мәлімдемесін Украина паламенті премьер-министрлікке В.Ющенко ұсынған Юрий Ехануровқа қарсы дауыс беріп, елде билік дағдарысы басталған сәтте жариялап отыр.

Ю.Тимошенконың сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесі ерекше саяси қадам болды. “Қызғылт-сары” төңкерістің қайталанбас бір бейнесі (Ю.Тимошенко) екіншісіне (В.Ющенко) көмек қолын созғандай болды.

“Мен Виктор Андреевичке, жай ғана, бір-бірімізге қайта бет бұрып, күшімізді біріктірейік, біздің стратегияларымызды қосып жаңа үкіметті жасақтайық дегенді ұсынғым келеді. Бұл қауқарлы үкімет болуға тиіс – шынайы коалициялық үкімет”, - деді Ю.Тимошенко.

Осы мәлімдемеден туатын басты сауал – президент В.Ющенко Ю.Тимошенконың ұсынысын қабылдауға дайын ба? - 2 апта бұрын В.Ющенко күні кешегі жақын үзеңгілесін үкімет басынан босатқан кезде олар бір-бірінің бетіне ащы сөздер айтты. Осы сейсенбі күні Украина парламенті – Жоғарғы Рада алдында сөйлеген сөзінде президент Ю.Тимошенконың премьер-министр лауазымындағы іс-әрекетін сынға алып, оның қазіргі билікті құлатқысы келген іс-қимылын қойсын деген ойын астарлып жеткізді.

“Украинада қазіргі билікті құлатуды көздеген арам жоспар жүзеге аса бастады. Оның ішінде “Тәуелсіздік алаңына” шыққандардың кейбіреулері және сол алаңға шыққандарды қуып таратпақ болғандар да бар”, - деді В.Ющенко.

Президенттің бұл сөзін Ю.Тимошенко көңіліне алған болса-дағы, келесі күні өткізген баспасөз-маслихаты барысында ол өкпе-назын сездірмеді.

“Егер де президенттің ықыласы болса, өзіміздің ынтымақтастығымызды, Украинаның мүддесі үшін жоспарлаған барлық бағдарламамызды қайта жаңғырту мақсатында онымен келіссөзге отыруға мен дайынмын. Менің жүрегімде еліміздің президентіне деген жаман сезім жоқ. Мен онымен қайта тіл табуға дайын сезімімде қалғым келеді”, - деген еді Ю.Тимошенко.

В.Ющенко экс-премьер Ю.Тимошенконы үкімет басына қайта шақыратын болса, онда оның саяси абырой-беделіне зор нұқсан келтіріп, алдағы наурыз айында өтетін парламент сайлауында экс-премьер-министрдің ықпал-беделін керісінше күрт көтерген болар еді. Алайда үкіметке өзге тұлғаны шақырса – ол одан да ауыр болуы мүмкін. Осы сейсенбі күні В.Ющенко парламентті Ю.Тимошенконың орнына Юрий Ехануровты премьер-министр етіп бекітуге шақырды. Өз сөзінде ол елдегі тыныштыққа қатер төніп тұрғанын жасырмады.

"Бұл – Ю.Ехануровтың премьер-министр бола ма, болмай ма деген тағдыры емес, осы күні қатер төнген елдің тағдыры. Бұл – қазіргі жағдайға төтеп беріп, Украинаның тұрақты дамуына кепілдік бола ала ма деген президент пен парламенттің тағдыры. Бұл парламент үшін үлкен сынақ болмақшы”, - деді президент В.Ющенко.

Дегенмен де президенттің бұл жүрекжарды сөздері парламент депутаттарының көңілінен шықпады. Ю.Ехануровты қолдамай қайтарған парламент президент әкімшілігін қиын жағдайға қалдырды. Украина ендігі жерде наурыз айындағы парламент сайлауына дейін екпінді үкіметсіз отыруы да әбден мүмкін. Міне осындай жағдайда, бір қарағанға, Ю.Тимошенконың үкімет басына оралуы ең ұтымды болып көрінуі де мүмкін. Ю.Тимошенконың үкімет басында отырған кезінде оның сыртқы саясат бойынша кеңесшісі болған Григорий Немирия да “Қызғылт-сары төңкерісінің” 2 символын (рәмізін) жікке бөлуден гөрі, бірігуге жетелейтін жайттар басым деп санайды. Бірақ, оның пікірінше, В.Ющенконың кеңесшілері екеуінің арасына қасақана от тастап отыр.

“...президенттің көмекшілері мен кеңесшілері оның құлағына: “Президент мырза, Сіздің беделіңіз төмендеп жатқанда, керісінше премьер-министрдің абыройы өсіп келеді. Парламент сайлауының қарсаңында ол Сізді сатып кетеді. Сол себепті де Сіз шапшаң қимылдауыңыз керек”, деп сыбырлаумен келеді. Мұның бәрі жеке бастарының қамын ойлаудан, қызғаныштан шығып отыр”, - дейді Г. Немирия.
XS
SM
MD
LG