Accessibility links

Халықаралық атом энергетика агенттігі Иранның ядролық мәселесін қарап жатыр


Халықаралық атом энергетика агенттігі Иранның ядролық мәселесі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шығарылсын деген талапты қарап жатыр. Ұсынысты Еуропа Одағы кіргізген болатын. Қаулы жобасында Иран ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімді көптеген жағдайда орындамай отыр деп көрсетілді. Ресей және Қытай өкілдері мұндай ұйғарымға қарсы шығып отыр.

Бірден айту керек, қаулы жобасы ресми түрде әлі кіргізілмеген. Қаулы жобасы Халықаралық атом энергетика агенттігі алқасының 35 мүшесі арасында таратылған, құжат бейресми жағдайда талқылануда. Жобада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иранға қайырылып, Иран уран байытуға байланысты барлық іс-қимылдарын тоқтатсын деген талап қойсын, Британия, Франция және Германиямен келіссөздерді қайта жалғастырсын деген талап қойсын делінеді. Иранға әйтпеген жағдайда шектеу шаралары қолданылсын деген сөз жоқ. Жалпы жобада көптеген батыс елдерінің Ираннан көңілдері қалғаны көрініп тұр. Иран мен Еуропа Одағы арасында келіссөздер тамыз айында тұйыққа тірелген соң Иран уран байтудың алғашқы кезеңін қайта бастап кетті. Австралия сыртқы істер министрі Александр Даунер сейсенбі күні Нью-Йоркте журналистерге былай деп мәлімдеді:

- Иран Еуропа Одағымен жасалған келісімді орындауға қазір ниет танытпай отыр деп алаңдаймыз. Олар ядролық бағдарламасын жалғастырғысы келетін көрінеді. Бұл бізді қатты шошытып отыр. Мұның сыртында Халықаралық атом энергетика агенттігі Иран осы ұйымның алдындағы міндеттемелерін барлық уақытта толық орындамайды деп алаңдайды.

Халықаралық атом энергетика агенттігі алқасындағы 20 шақты өкіл Еуропа Одағы кіргізген жобаны қолдайды деген мәлімет айтылды. Бірақ қарсылық танытып отырған мықты мемлекеттер де баршылық. Мәселен – Ресей мен Қытай. Олардың екеуі де БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Иранның мәселесін Қауіпсіздік кеңесіне шығарудың қажеті жоқ, Иран міндеттемелерін бұзып отырған жоқ, Иран ядролық қаруды өндіруге тиім салған халықаралық келісімге нұқсан келтіріп отырған жоқ деді сейсенбі күні.

Иран батыс елдерінің талаптарын қабылдамай отыр, текетіресте беріспейтін бағытта. Иран делегациясының бастығы Әли Ларжани сейсенбі күні Тегеранда жасаған мәлімдемесінде Иранмен жасалған мұнай келісімдерін саралаймыз, мұнай саласында келісім жасаған мемлекеттер ядролық бағдарламамызға қандай көзқарас танытып отырғандарын көрейік деді. Иран бас өкілі, сол сияқты, мәселе Қауіпсіздік кеңесіне шығарылатын болса – уран байытуды одан сайын тездетеміз деді:

- Батыс елдері бізді қорқытқысы келсе, не болмаса Иран мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шығарса Натанз ядролық зауытында уран байытуды бастаймыз. Иран қорқыту сөздеріне тап болса Иранның басқа амалы қалмайды, Иран ядролық қару таратпау келісімінен шығуға мәжбүр болады, уранды байытуға мәжбүр болады. Дегенмен, батыс елдері жөнімен сөйлейтін болса келіссөздерді жүргізуге дайынбыз.

Осылайша Иран ядролық бағдарламасындағы ұстанымын ұлттық намыс деңгейінде көріп отыр. Еуропа Одағы кіргізген жобаны қаншалықты мемлекет қолдайтыны апта соңында Халықаралық атом энергетика агенттігінің алқасы Вена қаласындағы мәжілісін жалғастырғанда анық болмақ. АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райс Иранның мәселесі түптің түбінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шығарылады деп білемін, қашан екені анық емес, бірақ мәселенің барысы соған апара жатыр деп айтып отыр.
XS
SM
MD
LG