Accessibility links

Баспасөз шолуы. 09.24.2005 жыл


Сенбі күні жарық көрген республикалық басылым беттерінде алдағы президент сайлауының қалай өтіп, оған кімдер қатысатындығы талқыланыпты. Кейбір газеттер президенттікке үміткерлердің бірі мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды концерт алаңына айналдырды десе, келесі бір басылымда үмікерлер ұсынған саяси ұйымдар артында қаржылық топтар тұр деген пікірлер келтіріпті.

«Жас алаш» газетінің алғашқы бетінде саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының «Мүлгіп кеткен «милар» мен қалғып кеткен «ақыл-ойлар» жөнінде» атты көлемді мақаласы жарияланыпты. Онда ол ақын Олжас Сүлейменовтің президент «сайлауының әділ өтуіне ат салысу үшін Еуропадан кенеттен келгенін» тілге тиек ете отырып, бірнеше сауалдар қояды. «Егер шынымен әділ сайлау өтуін қаласа, онда неге ол биліктің өз қарсыластарын ығыстыруын сын тезіне алмайды? Олдардың БАҚ-да бірдей тең дәрежеде жариялануын, атқарушы биліктің, полицейлердің араласуын тоқтатуды неге талап етпейді? Егер ол шынымен әділ сайлау өткізуді жақтаса, онда былтыр ең әділетсіз лас сайлау өткенде қайда қалды?» - дейді бұрынғы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы. Сонымен бірге ол Олжас Сүлейменовтің қазіргі президентті насихаттауға кіріскендігін сөз етеді. Ал қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар басылымдарда алдағы президент сайлауына ең көп ұсынылған үміткер ретінде аталуда.

Мәселен, «Айқын» газетінің хабарлауынша, «120 мыңнан астам мүшесі бар Азаматтық партия президенттікке Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынуды жөн санапты». Бұл партияның жұма күні Павлодар қаласында өткен съезінде сонымен бірге партияның Назарбаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияға қосылуы қаралған. «Айқын» газеті сол күні Астанада кезектен тыс 6-шы съезін өткізген «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің өздерінің «демократиялық таңдау жасағандарын» мәлімдегенін жазады. «Ауыл мәселесін бірінші болып көтерген қазіргі президент. Ендеше оның ісі жалғастырғанын қалаймыз. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын алдағы сайлауға үміткер ретінде ұсынамыз», - депті Ғани Қалиев. Ал кезектен тыс съездерін қыркүйектің 27-сінде өткізуді жоспарлап отырған Аграрлы партияның да Назарабевты сайлауға ұсынатындығы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Ромин Мадиновтің сұқбатынан мәлім болып отыр.

Ал Қазақстан демократиялық «Ақ жол» партиясы жексенбі күн өтетін съездерінде партия төрағасы Әлихан Байменовті үміткер ретінде ұсынуы мүмкін. Әлихан Байменовтің өзі «Ақ жол Қазақстан» газетіне берген «Бізге ешқандай әмиян әмірін жүргізе алмайды» деген сұқбатында ондай мүмкіндікті жоққа шығармайды. Алайда, ол алдағы сайлаудың «элиталық-қаржылық топтардың жарысына айналып кету қаупі бар» екенін айтады. Оған қазірдің билік пен кейбір саяси топтардың мол қаржы шашып отырғандығын тілге тиек етеді. «Кейбір көрші елдердегі оқиғалар көрсетіп отырғандай, егер мемлекет басшысын билікке алып келуге 1-2 қомақты қалта жұмыс істесе, онда ертең сол қалталар өздерінің шығындарын 10 есеге қайтарып алмай, мемлекетке реформа жасатқызбайды. Өйткені, елде сасяи реформа жүрсе, олар үшін ерекше жағдай жасаламйтындығы, яғни, олардың ақшасын қайтарып алмайтындығы аян», - дейді Әлихан Байменов «Ақ жол Қазақстан» газетінде.

«Экспресс К» газеті жұма күні «Орталық сайлау комиссиясының уақытша концерт алаңына айналғанын» айтады. Мемлекеттік тілден емтихан тапсырған эколог Мэлс Елеусізов ұзақ жылдан кейін «алғаш рет емтихан алдында қатты қобалжығанын» айтса, Мейрамкүл Қожағұлова деген жұмыссыз үміткер мемлекеттік комиссия алдында өзі шығарған мемлекеттік гимнді орындап, «көңілді кішкентей адам кейіпіндегі Конституцияны ұсынғанын» баяндайды «Экспресс К» газеті.

Ақтөбелік үміткерге «Жас алаш» газеті кеңірек тоқталады. «Өзіңізді президент болуға лайықтымын деп санайсыз ба» деген сұраққа: «Ия, мен президенттікке 20 жыл бойы дайныдалдым», - депті Мейрамкүл. Қатты дайындалғаны соншалық, ел басқаруға жоғары білімінің жоқтығы кедергі емес деп есептейді екен», - деп жазады «Жас алаш». «Президент бола қалдыңыз делік, не істейсіз?» деген сауалға ол: «Елтаңбамыз дұрыс емес, соны өзгеруге күш саламын», - деп жауап берген. Мақала авторы бұл үміткердің түсуі «Орталық сайлау коимиссиясына әйел үміткер өтініш білдірді деп жаһаннамға жар салу үшін маңызды деп қалдық. Бұл біздің еліміз демократиялық мемлекет, кез-келген адам өзін ел басшысы ретінде көре біледі дегенді көрсетуге талпынушылық», - деп қорытады мақаласын «Жас алаш» газетінің тілшісі.
XS
SM
MD
LG