Accessibility links

Ресей президенті В.Путин теледидар мен радиодан тікелей сауалдарға жауап берді


Сейсенбі күні Ресей президенті В.Путин мемлекет басшысы болып сайланғаннан бері төртінші рет теледидар мен радиодан тікелей қойылған сауалдарға жауап берді. Телефон арқылы, Интернет және SMS-хабарлары арқылы мұнай экспортынан түсіп жатқан табысты халықтың жағдайын жақсартуды талап еткен 100 мыңдаған ресейлік В.Путинге сауалдарын жолдады. Ол сұрақтардың басым көбі айлық жалақы мен әлеуметтік жеңілдіктер, өтемақы мен коммуналдық төлемдер, денсаулық сақтау мен білім беру сынды әлеуметтік проблемаларды көтереді. Бірақ сыртқы саясат проблемалары да сөз болды.

Келіп түскен сауалдарға жауап беруге кірісуден бұрын президент В.Путин Ресейдің экономикалық өсу қарқынын жоғары бағалап, оны халық тұрмысын жақсартудың және ел ішіндегі тұрақтылықты сақтаудың кепілі деп атады. Ресейдің экономикалық даму қарқыны, президенттің пікірінше, оны дамыған елдердің қатарына қосты.

“Соңғы барлық жылдың барысында Ресей экономикасының өсуі шамамен 7 пайызды құрап келді, жыл сайын. Бұл – дамыған елдердің және экономикасы өтпелі кезеңді бастан кешіп жатқан елдердің басым көпшілігіндегі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Біз, әрине, бірден-бір лидер емеспіз, бірақ лидерлердің қатарындамыз”, - деді В.ПУТИН.

Әлеуметтік проблемаларға қатысты сауалдарға тіл қата келіп В.Путин үкімет Ресейдегі жұмыссыздықпен күресіп, денсаулық сақтау мен білім беру және жалпы әлеуметтік саланың ахуалын жақсартуға жақсы ықпал етті деп атап көрсетті. Сонымен бірге Ресей президенті елдегі нәсілдік кемсіту, ұрып-соғу оқиғаларының көбейіп кеткеніне алаңдап, нацизм мен экстремизмге қарсы күресті күшейтуге сөз берді. Дегенмен де жұртшылықты В.Путиннің президент тағында отырған екінші мерзімі аяқталатын 2008 жылдан кейінгі жоспары әсіресе қызықтырған тәрізді.

“Мен өзімнің міндетімді ел басшылығына жас та сауатты әрі екпінді басқарушылардың келуін қамтамасыз етіп, елдің ұзақ болашаққа негізделіп дамуына жағдай жасау деп білемін. Сол себепті де заң жүйсіне, ең алдымен Ресей Федерациясының конституциясына үлкен өзгеріс енгізуді мен негізсіз деп санаймын. Ал енді жеке өзіме келетін болсам, әскерилердің сөзімен айтсам, мен өз орнымды таба аламын”, - деді В.ПУТИН.

Ресей президентіне жолданған кейбір сауал бүкіл елмен орнатылған “бейнебайланыс” арқылы тікелей Чешенстаннан келіп түсті. Бір чешен әйелі соғыстан қираған республикада бірнеше жыл бұрын өз ұлының хабарсыз жоғалғанын айтып, өткен 10 жылда республикадан қауіпсіздік күштері ұстап алып кеткен мыңдаған адамның із-түссіз жоғалғанын мәлімдеді. Өз сөзінде В.Путин хабарсыз жоғалғандарды іздеу мен кісі ұрлаған адамдарды жауапқа тарту жұмыстары жалғаса беретінін мәлімдеді.

“Менің сөзіммен келісесіздер ғой деп үміттенемін: көбіне мұндай қылмыстардың соңында кімдердің тұрғанын анықтаудың өзі мүмкін емес – олар әлде киім ауыстырып киген қарақшылар ма, әлде олар құқық қорғайтын ресми мекемелердің өкілдері ме... Қалай болғанда да біз хабарсыз жоғалғандарды табу және ондай қылмыстарға кінәлі адамдардың ізін кесу жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз”, - деді президент В.ПУТИН.

Ресей президентіне қойылған сауалдардың басым көпшілігі елдің ішкі проблемаларын қозғады. Бірақ сыртқы саясат та ұмыт қалмады. В.Путин Тынық мұхитындағы 2-нші дүниежүзілік соғыстан кейін Совет армиясы басып алған, бірақ осы күні Жапония даулап жатқан Курил аралдары мәселесіне де тоқталып өтті. Ол Курил аралдарының Күншығыс еліне қайтарылмайтынын тағы да бас атап айтты.

“Олар тәуелсіз Ресей Федерациясының құзырына қарайды. Ол халықаралық ережелермен бекітілген. Бұл 2-нші дүниежүзілік соғыстың нәтижесі. Осы тұрғыдан келгенде біз еш нәрсені талдайын деп отырған жоқпыз. Міне осы құқықтан шыға отырып келіссөз жүргізуге дайынбыз және жүргізіп келеміз. Біз барлық көршімізбен, оның ішінде Жапониямен барлық даулы мәселені шешіп алуды көздейміз”, - деді В.ПУТИН.

Балтық теңізі жағалауындағы Латвияны мекендейтін орыс әйелдерінің де В.Путинмен тілдесуге мүмкіндігі болды. Латвия үкіметінің көшелерде бейнетсюжет түсіруіне тыйым салуына байланысты ол әйелдер Рига қаласындағы Мәскеудің мәдени орталығының шатырына жиналып тұрды. Өз жауабында В.Путин Латвия үкіметіне “еш жемісін бермейтін іс істеп жатыр” деп дүрсе қоя берді.

“Бұл адамдарға біз өкпелемей-ақ қоямыз... біздің барлығымыз - “Совет Одағы” деп аталған баршамызға ортақ “Үлкен үйде” туып өскенбіз. Сол себепті болар, кешегі кейбір одақтас республика басшыларының бетінде советтік дәуірден қалған “туған белгілері” – қал мен меңдері әлі қалған болса керек. “Ешкімге және ештеңеге рұқсат бермеу”, “ешкімге қия бастырмау” сынды іс-әрекет - еш жемісін бермейтін іс...", - деді Ресей президенті.

В.Путин, сондай-ақ, Латвия үкіметінің жабуға тырысып жатқан орыс тілді мектептердің жұмыс істей беруіне көмек беремін деп уәде берді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG