Accessibility links

Еуропа парламенті Түркияға жаңа қатаң талаптарды қойды


Еуропа парламенті Түркия мен Еуропа Одағы арасындағы кеден одағын кеңейту келісімін ратификациялауды кейінге қалдырды. Еуропа парламентінің сәрсенбі күнгі мәжілісінде Түркияның Еуропа Одағына қосылу мәселесі дау туғызды, Түркияның одаққа қосылу дайындығы төмен деген сын көп айтылды. Түркия Кеден одағы келісімін қабылдаймыз, бірақ Кипр республикасымен бұл келісім шеңберінде жұмыс істегіміз келмейді деген болатын.

Еуропа Одағымен кеден одағын кеңейту келісіміне Түркия 29 шілдеде қол қойған. Келісім Кеден одағының шеңберін Еуропа Одағының жаңа он мүшесімен кеңейтеді. Алайда, Түркия Кипр республикасына келісімнің қатысы жоқ деген сөзінен қайтпады. Кипр аралының оңтүстігінде орналасқан Кипр республикасын Түркия әу бастан мойындамай келеді, Кипр республикасы болса Еуропа Одағының жаңа мүшесі. Түркия ұстанымы Еуропа парламентінде қызу пікірталас туғызды, Түркияға сын көбірек айтылды, жаңа талаптар қойылды. Еуропа парламенті 1915 және 1918 жылдары армяндардың жаппай қырылғанын Түркия зұлмат ретінде Еуропа Одағына қосылмай тұрып мойындасын деген қаулы шығарды. Түркияның одаққа қосылу келіссөздері үшінші қазанда басталмақ. Еуропа парламенті бұл құбылысты тоқтата алмайды, дегенмен Түркиямен өткізілетін келіссөздердің негізгі ережелеріне қатаң талап қойып отырған мемлекеттердің қарсылықтарына уәж қосуы мүмкін. Келіссөздердің тәртібі де үшінші қазанда бекітілмек. Еуропа парламентінің беталысы Түркияға жақпайтыны анық. Түркия ресми өкілдері келіссөздердің тәртібі бізге қолайсыз болса келіссөздерден бас тартуға тура келетін шығар деп тағы ескертті сәрсенбі күні.

Еуропа парламентіндегі пікірталас Түркия мен Кипр мәселесі жайында әр түрлі көзқарас танытатын депутаттарды бір бірімен сөз жарыстырды. Бір депутаттар Түркия Кипр республикасын мойындасын, одаққа қосылу келіссөздері содан кейін басталсын дейді. Екінші депуттар Кипр республикасын мойындау талабын келіссөздер жүріп жатқан кезде де қоюға болады дейді. Кипр мәселесінде сабырлыққа шақырғандардың бірі Британияның Еуропа істері жөніндегі министрі Дуглас Александр болды:

- Түркия Еуропа Одағына жақын арада қосылмайды. Отыз бес мәселе көтеріліп, соңына шейін жеткізілу керек. Жаңа реформалар іске асырылуға тиіс. Одақтың кейбір мүшелері Түркияның қосылу мәселесін өз елдерінде референдумға шығару ойларын қазірдің өзінде айтып отыр. Еуропа Одағына қосылатын Түркия бүгін көріп отырған Түркиямыздан шынтуыйтында өзге мемлекет болуға тиіс. Ол кезде Еуропа Одағы да өзге қалпында болуы мүмкін.

Бірақ Дуглас Александрдың үндеуіне құлақ асқандар аз болды. Парламенттегі ең үлкен консерваторлық топтың басшысы Ханс-Георг Поттеринг Түркия Кипрды келіссөз басталмай мойындасын, фракциямыздың мүшелері жеке дауыс беруге құқылы деп ескертті. Кеден одағын кеңейту келісімін бекітуді кейінге қалтыруға дәл осы сөз әсерін тигізді. Еуропа парламенті депутаттарының шешімі Еуропа Одағының атқарушы ұйымы Еуропа Комиссиясының көзқарасына қайшы. Еуропа Комиссиясы Кипрды мойындау мәселесін кейінге қалтыруға болады, бірақ Түркия Кипр кемелері мен ұшақтарына теңіздері мен әуежайларын қазірдің өзінде ашсын дейді. Түркия бұған да келіспей отыр.

Кейбір депутаттар Түркия мен Хорватиядағы жеке жағдайды салыстырып, Түркия Еуропа Одағына Хорватиядан бұрын неге өтуге тиіс деді. Хорватия соғыс қылмыскері деп күдіктеліп отырған Анте Готовинаны Гаага сотына ұстап бере алмаған. Депутат Поттеринг бұған бола Хорватияның одаққа қосылу мәселесін кейінге қалдыруға болмайды, талап барлығына бірдей болу керек, Түркиядағы мәселелерге көз жұмып отырмыз ғой әйтпесе деді. Депутат Поттеринг Түркия одақтың толық мүшесі емес, жақын серіктесі болсын деген жобаны алға тартты, адам құқытарын жақсартуға Түркияға соңғы мерзім берілу керек деді. Поттерингтің сөзіне парламенттің екінші үлкен тобының басшысы Мартин Шульц қатты сын айтты:

- Поттеринг мырзаны мұқият тыңдасаңыз – бір нәрсені ғана анық түсінесіз. Поттеринг мырза, Түркияның Еуропа Одағына толық қосылуын қаламаймын деп айтқаныңыз тұра болар еді. Сөзіңіздің мәні осы, Поттеринг мырза, соны анық айтыңыз енді!

Еуропа Одағының делегациясы Түркия делегациясымен Люксембург қаласында үшінші қазанда кездеспек. Еуропа Одағының сыртқы істер министрлері бейсенбі күні мұның алдында жеке кездесіп, келіссөздер тәртібі жайында келісіп алмақ.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG