Accessibility links

Абу-Ғрайб түрмесінде ирақ тұтқындарын азаптады деп айыпталған АҚШ-тық солдат әйелге үш жыл түрме жазасы кесілгенімен, Ирақтағы басқа да абақтыда осындай әрекеттер орын алды деген жаңа деректер де естіліп қалды


АҚШ Армиясының сарбазы болған Линди Ингландқа үш жыл түрме жазасы кесілумен қатар, ол барлық жеңілдіктері мен марапаттауларынан айрылып, әскер қатарынан босатылды. Ингланд өрескел айуандық әрекеттері үшін Одақтас күштерден және тұтқындардан кешірім сұрап, өзінің мұндай ұятты жағдайға қалуына сол кездегі жігітімнің араласуы себеп болды деп жігітіне кінә артты. Ингланд Абу-Ғрайб түрмесінде Ирақ тұтқындарына қиянат жасағаны үшін жазаланып жатқан кезде АҚШ-ң басқа да абақтысында Америка әскерлері тұтқындарға осы тәріздес қорлық-зорлық әрекеттеріне барды деген жаңа мәліметтер айтылды.

Ингланд Абу-Ғрайб түрмесіндегі тұтқындардың азапталуына байланысты жауапқа тартылып, соның нәтижесінде үш жыл мерзімге түрмеге жабылып отыр. Ол Техастың әскери сотында өзіне шығарылған үкім оқылған кезде қосымша ешнәрсе айтпады, тек басын төмен салып жылап тұрған еді. Қазір жасы 22-гі Линдидің, Абу Ғрайб түрмесіндегі тұтқындарға зорлық көрсетіп, оларды шешіндіріп тастап, тыр жалаңаш масқаралағандығы, кезінде фотосуреттер арқылы бүкіл әлемге тараған болатын. Мұның алдында Ингланд өзінің мәлімдемесінде Коалиция күштері мен өзі азап пен қорлық көрсеткен тұтындар мен олардың отбасыларынан кешірім сұраймын деген. Ол өзінің сотта берген жауаптарында сол кезде мұндай қиянат әрекеттерге баруына дос болған жігітінің ықпалы болғанын айтқан. Ингландтың айтып отырған дос жігіті - Абу-Ғрайб тұтқындарына азаптау әрекеттерін атқарғандардың жетекшісі ретінде он жылға бас бостандығынан айрылған Чарлс Грэнер еді. Өткен жылы айтқан бір сөзінде Ингланд өзінің тек тапсырманы орындаушы болғанын мәлімдеген.

- Маған өзімнен жоғары шенде тұрған адамдардың нұсқауын орындауға тура келді, олар бұл әрекеттердің бәрін өз уыстарында ұстап, камераға қарап тұрды және олар психологиялық операциялар үшін суреттер түсірген. Менің бар білетінім осы.

Ингланд 2003-2004 жылдары Абу-Ғрайб түрмесіндегі тұтқындардың азапталуы турасындағы жанжалға байланысты заң алдында жауапқа тартылған ең соңғы - тоғызыншы сарбаз. Бірақ осылайша Абу-Ғрайб жанжалына қатысты айыпты деп табылған ең соңғы солдатқа жаза кесіліп жатқан уақытта Ирақтаға басқа бір түрмеде АҚШ әскерлері тұтқындарға зәбір көрсетті деген сөздер естіліп қалды. Human Rights Watch ұйымының адам хұқтары тобы жұма күні 2003-2004 жылдар аралығында 82-ші әуе-десанттары дивизиясының адамдары Фаллужа қаласына жақын жердегі қамау орнындағы тұтқындарға қиянат көрсеткен дегенді айтты. Бірақ хұқық қорғаушылар нақты ешбір солдаттың атын атамаған, дегенмен де газеттердің бірінде капитан Жан Фишбактың есімі келтіріледі. Сейсенбі күні АҚШ-тың қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд мұндай кез-келген мәлімдемені зерттеп-тексеруге уәде етті.

- Біз мұндай айтылған айыптаулардың әрқайсысына жете мән береміз. Бұл менің есімдегі осы іс бойынша ұзынқұлақтан жеткен барлық ақпарат. Біздің баспасөзден көргеніміз бен оқығанымыз, онда яғни Фишбакта нақты мәлімет болған дегенге көз жеткізбейді, бұл оның да біреулерден естігендеріне ұқсайды. Менің білуімше мұның бәріне әскерде ерекше мән беріледі. Қылмыстарды тексеру дивизиясы мұны зерттеп жатыр. Егер кімде-кім ондай әрекеттерге барған болса, олар жазаланбай қаламыз деп ойламасын. Қалай болғанда да барлық жайттың шындығына көз жеткіземіз.

Рамсфелд пен басқа да жоғары әскери шенділер ешқандай азаптауларға жол берілмейді және орын алған оқиғалардың бәрі де тексеріледі деп атап көрсетті. Олар Абу-Ғрайб түрмесінде тұтқындарды азаптау жайттары әскери киім киген кез-келген адам үшін масқара болып табылады және оларды Ақ үй де, Пентагон да кешірмейді дегенді айтады.

Бірақ Адам хұқтары тобы сияқты сыншылар АҚШ саясатындағы қабылданған шешімдер тұтқындарға қорлық көрсету жайттарының орын алуына мүмкіндік беретін климат жасайды, ал бар кінә мен айыптауды төменгі шендегі қарапайым солдаттар мойнына алады дегенді айтады. Ингландтың жазаға тартылуы Абу-Ғрайб жанжалына нүкте қоюы тиіс еді, бірақ олай болмай шықты, жаңадан айтыла бастаған талаптар тұтқындарға тізе батыру әрекеттері әлі де басты тақырып болатындығын көрсетіп берді.
XS
SM
MD
LG