Accessibility links

Қазақстандық ақпарат құралдары “Таза сайлау үшін” деп аталатын Хартияға қол қойды


Қыркүйек айының 29-ы күні «Айқын», «Алтын Орда», «АиФ-Казахстан», «Егемен Қазақстан», «Известия» басылымдары мен «Хабар», «Қазақстан», «31-ші арна» және т.б. қазақстандық ақпарат құралдары «Таза сайлау үшін» деп аталатын Хартияға қол қойды. Хартияға қол қойған басылым редакторлары мақсатымыз - алдағы сайлауда лас технологияларға жол бермей сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне үлес қосу, дейді.

«Таза сайлау үшін» атты Хартияға ұзын саны 22 бұқаралық ақпарат құралдары қол қойған. Олардың ішінде 5 қазақ тілді мерзімді басылым бар. Хартияда негізінен лас саяси технологиялар мен қаралау шабуылдары секілді әдіс-тәсілдерді болдырмау, бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеті - ол баға беру немесе көзқарасын таңу емес, шынайы ақпарат тарату, үміткерлердің телеарналар мен басылым беттерінде тең көрінуіне жағдай жасау дген тұрғыдағы шарттар қарастырылған.

«Бұл кімнің бастамасы болса да өте жақсы бастама. Сайлауды неғұрлым әділ, таза, мөлдір өткізген дұрыс қой. Сайлау кезінде небір технологиялар қолданылатынын білесіздер. Және ол технологияларды кімнің қалай қолданатыны кейде белгісіз қалып жатады. Неғұрлым таза технологияға, таза сайлауға ұмтылыстан туған дүние болғандықтан біз қол қойып отырмыз”, - дейді Қазақстанда қазақ тілінде күнделікті жарық көретін «Айқын» газетінің бас редакторы Серік Жанболат.

Алайда, бұл құжатта айтылған жайттарды қоштағанымен, осы құжатқа қол қойып, таза сайлау өткізуге үндеп отырған ақпарат құралдарының өздері құжатта айтылғандарды сақтайды дегенге күмән білдіретіндер де бар.

«Хартияға қол қойып, үндеу жариялап отырған ақпарат құралдары сайлауды әділ өткізеді дегенге сенбеймін. Тәуелсіз әлде оппозициялық дейміз бе, қалай атасақ та билікті сынайтын, оппозицияның пікірін халыққа жеткізетін бір топ газет шықпай қалып жатқанда, мынандай үндеудің шығуы адамның күлкісін келтіреді”, - дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы төрағасының кеңесшісі Жасарал Қуанышәлі. Оның айтуынша, үндеу жариялап отырған ақпарат құралдарының өкілдері газеттері шықпай қалған әріптестерін қолдап, үндеу жарияласа түсінуге болады.

«Хартияда үміткерлерлерге телеарналарда тең құқылы пікір білдіруге мүмкіндік берілсін делінген. Дәл қазір оппозицияның газетіне шығуға тиым салынып, мемлекеттік басылымдар бетіне оппозицияның жалпы өкілдері емес, басшыларының өзі шыға алмай отырғанда қандай тең құқылы пікір білдіру болады?”, - дейді Жасарал Қуанышәлі.

Ал «Егемен Қазақстан» басылымының директоры Нұртөре Жүсіп: «Мұндай хартиясыз да бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеті - халыққа шынайы ақпарат тарату. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң, мемлекетіміз қабылдаған бірқатар осындай құжаттар, оған қоса Конституциямыз бар. Демек, сөз бостандығы болған кезде мұндай құжаттардың қол қойылып, тасқа басылғандығы ғана мәселені анықтамайды» дейді. Оның айтуынша, бұл мәселе әрбір журналистің, редакция ұжымының ұстанған азаматтық позициясына да тікелей байланысты. «Жалпы, бұл хартия қабылданған ретте алдағы сайлауға бір себебін тигізсе құба-құп нәрсе. Сайлаудың таза әрі әділ жүргені барлық қазақстандықтар үшін керек нәрсе”, - дейді Нұртөре Жүсіп.

«Сайлау басталмай жатып-ақ баспаханалардың оппозициялық газеттерді басудан бас тартуы, газеттерді оқырмандарға жеткізбей Атырауда, Қарағандыда тартып алу жағдайлары көп кездесіп жатыр. Егер кандидаттардың барлығына бірдей талап қойылатын болса, сайлаудың алдында ондай жағдайлар болмау керек”, дейді Алматыда аштық жариялап жатқан “Жұма таймс” апталығының редакторы Бақытгүл Мәкімбай “Азаттық” радиосына. Оның пікірше, бұл жерде биліктен түсетін кандидаттарға ғана жол ашылсын деген мәселе қойылып отыр.
XS
SM
MD
LG