Accessibility links

Байқоңыр аймағында тұратын Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы сақталып отыр ма?


Ресми ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, Ресей мемлекеті таяу уақытта Байқоңыр аймағында тұратын қазақстандық азаматтардың конституциялық құқығының сақталу мәселесін шешуге уәде берген. Қазақстан Республикасының әділет министрі Зағипа Бәлиева Мәскеу қаласына іссапармен барғанда бұл туралы оны Ресей Федерациясының әділет министрі Юрий Чайка хабардар етіпті.

Сарапшылардың айтуынша, Ресейдің мұндай мағынадағы уәде беруіне Байқоңыр аймағында тұратын көптеген қазақстандық азаматтардан олардың конституциялық құқығының сақталмайтындығына байланысты шағымдануының жиілеп кетуі себеп болыпты. Жұма күні «Азаттық» радиосына берген қысқаша түсініктемесінде Байқоңыр аймағындағы Қазақстан өкілдігінің қызметкері Ертай Жұмағазиев әлі бұл мәселе қаралып жатқандықтан, қандай да бір түсініктеме берудің ерте екендігін айтты. Сондай-ақ, Ертай Жұмағазиев өздерінде бұл жөнінде ақпараттардың бар екендігін, алайда мәселе шешілгенше ол туралы ештеңе айта алмайтындығын да хабарлады.

Біз осы жағдайға орай түсініктеме алу үшін, Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген, өзін Елена Петровна деп таныстырған адам, барлық мән-жай бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз баянында айтылғандықтан, қандай да бір ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сондай-ақ, Елена Петровна аталмыш мекемеде бұл мәселеге байланысты ешкімнің де түсініктеме бере алмайтындығынан да хабардар етті.

«Сізге бұл мәселеге байланысты ешкім де түсініктеме бере алмайды. Өйткені бұл жұмыспен шұғылданған азаматтардың бәрі де қазір басқа іспен айналысып жатыр. Атап айтқанда Ресейге барған азаматтардың бәрі басқа жақтарда іссапармен жүр», - деді ол.

Қазақстан Республикасының әділет министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 1997 мен 2004 жылдар аралығында 26-шы ресейлік гарнизондық сотта Қазақстан азаматтарына қатысты 85 қылмыстық іс қаралыпты. Және олардың бәрі де Ресей Федерациясының мүддесіне қайшы келмейтін жеке адамдардың басына байланысты істер болған. Мәскеуде өткен кездесу барысында Ресей Федерациясының әділет министрі Юрий Чайка бұл мәселелерді заңдық тұрғыдан шешуге уәде беріпті. Ал, жұма күні Байқоңырдағы 26-шы ресейлік гарнизондық соттың төрағасы Сергей Михаилович Ходоковке телефон шалғанымызбен, ол қандай да бір түсініктеме бере алмайтындығын айтты.

Кезінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Байқоңыр аймағында тұратын Қазақстан азаматтарының көптеген проблемалары әлі күнге шейін шешілмей келеді.

«Біріншіден, Байқоңырда жұмыс істеп, кейін зейнетке шыққан әскери адамдар бар. Олар қазіргі кезде Қазақстанның азаматтары. Бірақ, әскери зейнетақыны алу мәселесінде ресейліктер оларды санаттан шығарып тастаған. Олар сол жерде жұмыс істегендіктен, Ресейден әскери зейнетақы алуға толық құқы бар. Ал, екіншіден қазақстандық азаматтарды ол жерде өкінішке қарай жұмысқа алмайды. Үшіншіден, мына Байқоңырда қай мемлекеттің тәртібі жүреді және қай мемлекеттің ішкі істер органдары жұмыс істей алады? Қазақстандікі ме, әлде жерді жалға алған ресейдікі ме? Қазақстан мен Ресейдің арасында осыған байланысты түрлі даулы мәселелер болған», - деді, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Соңғы алынған ресми мәліметтерге жүгінсек, Ресей жағы Байқоңыр аймағында тұратын қазақстандық азаматтардың конституциялық құқығының сақталуына қатысты қазан айының ортасына дейін нақты бір шешім қабылдайтындығын мәлімдепті.
XS
SM
MD
LG