Accessibility links

Бали аралындағы қастандық жарылыстарынан 26 адам қаза болды


Сенбі күнгі бомбалық шабуылдарды ұйымдастырушыларды іздестіру мақсатында Индонезияның қауіпсіздік қызметкерлері ел бойынша жоғарғы дайындық дәрежесіне келтірілген. Бали ресторандары аймағында болған ол үш бомбалық шабуылдар барысында 26 адам қаза болып, 130-дайы жараланған болатын. Индонезия елбасы Сусило Бамбаң Юдхойоно лаңкестік топтар елде бұдан да көп шабуылдарды жүзеге асыруы мүмкін, деп дүйсенбі күні ескертті.

Полиция тарапынан жинақталған айғақтар ішінде демалушылардың бірінің оқыстан түсіріп алған бейне таспасы да бар болып шықты. Онда сенбі күні жағажай ресторанында демалып отырған туристер бейнеленген. Кенет, үстіне қара футболка киген, рюкзак асынған ер адам ресторанға кіріп бара жатады. Біраз секундтардан кейін әлгі жарылыс орын алған болатын. Жимбарандағы басқа ресторандарда тағы жалғасты жарылыстар іле-шала жүзеге асқан екен.

Екі қала бойынша айғақтар жинастырған полиция өкілдерінің айтуынша, бұдан өзге, тағы да бұлтартпас, бірақ адам жанын шошытатын дәлелдер бар көрінеді. Атап айтқанда, денесі жоқ үш бас пен алты аяқ табылған. Бұл- әдетте жанкештілер тірлігіне саяды, дейді ресми өкілдер. Мәйіттердің бұл қалдықтарының суретін зерттеушілер шұғыл түрде теледидар арқылы көрсеткен екен. Мүмкін оларды танығандар зерттеу ісіне көмектесер, деген мақсат көзделген болатын. Олардың бірі Кута, ал екеуі Жимбаран қалаларынан, деп танып отыр полиция өкілдері.

Әсіресе, зерттеушілер аталған әрекеттерді Жемаах Исламия тобы жүзеге асырмады ма екен, деген сауалға дәлелдер іздеуде. Әл-Қайдамен байланыс бар, деп есептелетін аталған топ 2002-ші жылғы Бали жарылыстарына жауапты, деп біледі заң орындары.

Индонезия елбасы Сусило Бамбаң Юдхойоно лаңкестер бұдан да әрі шабуылдарды үдете түсуі мүмкін. Сондықтан сақтық шараларын күшейту керек, деді. “Лаңкестік әрекеттерге қарсы ел бойынша күресте біз бұдан да көп жұмыс атқаратын боламыз. Лаңкестік әрекеттерден қорғану, оған қарсы күрес жолындағы біздің іс-шараларымыздың дұрыстығын бағалауды біз одан әрі жалғастырмақшымыз. Террорлық әрекеттерге қарсы күресте әлемдік, аймақтық, жергілікті дәрежеде әріптестікті өрістете отырып, біз Индонезиядағы лаңкестік әрекеттерге қарсы жалғасты түрде күресуге бел байлағанбыз”, деді елбасы.

Сонымен, елдегі полиция күштері жоғары дайындық дәрежесіне келтірілген. Сенбідегі бұл шабуылдар Балидің туризмге құрылған өнеркәсібіне де айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. 2002-ші жылғы шабуылдардан кейін бұл аймақ жаңадан ғана ес жинай бастаған еді.
XS
SM
MD
LG