Accessibility links

Жапондық Itochu компаниясы Қазақстаннан уран сатып алатын болды


Жапониядағы үлкендігі жағынан үшінші - Itochu Corp сауда компаниясы Қазақстаннан табиғи уран сатып алу туралы келісім жасады. Бұл туралы Itochu компаниясының хабарламасында айтылады. Қазақстандық уранды табу жолы басқа елдермен салыстырғанда оңай, сондықтан, оның өзіндік құны да айтарлықтай қымбат емес деген пікір бар. Негізінен жергілікті уран Америка Құрама Штаттарының атом электр стансаларына ядролық отын ретінде сатылады. Оның сыртында, Кореяға жыл сайын мың тонна уран сату жөнінде келісім жасалған. Қазір, Ресейге де уран сату мәселесі қарастырылып жатыр.

Жапон компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» мемлекеттік компаниясынан шамамен 10 жыл бойы жалпы есеппен 3 мың тоннаға жуық уран сатып алуды жоспарлап отыр. «Қазатомөнеркәсіп» 2007 жылдан кешіктірмей Шығыс Мыңқұдық кенішіндегі уран өндірісін жылына 1 мың тоннаға жеткізгеннен кейін, аталмыш компания уранды Жапония мен АҚШ-қа сата бастамақ. "Казатомпром" компаниясы уран сатуға рұқсаты бар жалғыз кәсіпорын. Бірақ, қазақстандық уран толығымен дерлік шет елге шығарылады. Өйткені, Қазақстанда Маңғыстау облысында тек бір атом стансасы бар. Сондықтан, елдегі ішкі тұтыну мөлшері аз, дейді мамандар. Оның үстіне, бұл атом стансасы қазір тоқтап тұр. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қоғамдық байланыс басқармасының бастығы Шынар Жәнібекованың айтуынша, Қазақстанда шығарылған уранды компания тек шет елге шығаруға мәжбүр:

АҚШ-тағы ядролық отын мәселелері жөніндегі апталық мәліметі бойынша, Қазақстан әлем бойынша, уран шығаратын елдердің арасында үшінші орынға шыққан. Бірінші орында Канада, ал, екінші орында Австралия тұр. Ал, Қазақстанның уран шығаратын кәсіпорыны өз табысын екі есеге дейін ұлғайтып, 6 миллиард теңгеге жеткіземіз, деген мәлімдеме жасады. Мамандардың есебіне қарағанда қазір Қазақстандағы уран қоры әлемдегі қордың 25 пайызын құрайды. Тек барлаудан өткен қордың арқасында Қазақстан 1 миллион тонна уран шығара алады. Ал, әлемде жыл сайын уранның 5 мың тоннасы іске жаратылады. Демек, Қазақстандағы уран қоры арқылы әлі көптеген жылдар бойы табыс табуға болады, дейді мамандар. Бірақ, жергілікті экологтар уранды шығару қоршаған ортаға кесірін тигізеді деген пікірлерін білдірген. Ал, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қоғамдық байланыс басқармасының бастығы Шынар Жәнібекованың айтуынша, Қазақстанда уран табылған кезде экологияға кесірі тимейді. Ал Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаевтің айтуынша да, «Қазатомпром» компаниясы халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді:

- Төтенше жағдай министрі «Қазатомпромға» кіретін кәсіпорындарда болды. Сонда айтқаны, «Компанияның өндіріс технологиялары халықаралық стандарттарға сай».

Қазақстанның бас еңбек инспекторы Серікқали Бисеқаевтің айтуынша, «Қазатомпром» компаниясы жоғары технологиялармен жұмыс істейді, сондықтан, онда аурулар саны кемде кем:

- 60-70 жылдардағы технологияларды салыстыруға болмайды қазіргімен. Мысалы, шахтадағы көмірмен істейтіндер арасында 100 адам кәсіби аурумен ауырса, уранмен істейтіндерде тек 2-3 адам болады.

Бірақ, қазір уранның әлемдік бағасы қырғи қабақ соғыс кезімен салыстырғанда күрт төмендеп кеткен. Салыстыратын болсақ, бірнеше жыл бұрын уран бағасының бір келісі 100 доллар шамасында тұрса, қазір оның бағасы 50 доллар шамасында. Бірақ, ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, бағаның төмендеуіне де қуануға болады. Өйткені, әлемдегі уран шығаратын шағын кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін, ал, бұл әлемдегі бәсекелестікті азайтады, дейді олар.
XS
SM
MD
LG