Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс Қазақстанның жағдайы халықарлық ұйымдар арқылы маған жақсы таныс деді


Бейсенбі күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс Астанадағы Еуразиялық ұлттық университетінде студенттермен, үкіметтік емес ұйымның өкілдерімен және саяси партиялардың жетекшілерімен кездесті. Кондализа Райс кездесуге келгендерге «АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен сыртқы байланысы» деген тақырыпта лекция оқыды. Соңынан АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы студенттер мен саяси партия жетекшілерінің сұрақтарына жауап берді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс Еуразия ұлттық университетінде жасаған баяндамасында Орталық Азия елдеріндегі барлық мемлекеттердің саяси ахуалына тоқталып, Қазақстан Орта Азия елдері ішінде экономикалық дамуы, тұрақтылығы және демократиялық реформалары жағынан көш бастап келе жатқан мемлекет деп атап көрсетті. Кондализа Райс Қазақстанның бүгінгі экономикалық жағдайын есепке ала отырып, ол Қазақстанның инвестициясы Қырғызстан, Ауғанстан және Тәжікстан мемлекеттеріне көп пайда әкелер еді, деген ойын білдірді. Сонымен қатар ол бұл салада қазақстандық кәсіпкерлердің де ойларынан хабардар екендігін айтты. Кондализа Райстың сөзінше, қазақстандық кәсіпкерлер Ауғанстан мемлекетін қалпына келтіріп, оны дамыту үшін өздерінің қаржыларын құюдан қашып отырған жоқ. Баяндамасында, әрине Кондализа Райс Қазақстан мен АҚШ мемлекеті арасындағы байланысқа тоқталып өтпей кеткен жоқ. Ол екі жақты қарым-қатынаста есірткі саудасына қарсы күрес, халықаралық терроризм және қауіпсіздік мәселелері, экономикалық байланстың өзара дамып келе жатқанын сөз етті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы сөзінде, Орталық Азия елдеріне келгендегі мақсаты АҚШ демократиясын насихаттау емес екендігін, әр мемлекеттің демократиялық құндылықтары мен түсініктері де өзгеше болатындығын айта келіп, бірақ демократияның кейбір құндылықтары барлық мемлекетке ортақ, олар, сөз бостандығы, наным-сенім еркіндігі және президент сайлауының ашық әрі таза өтуі, - деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс. Осыларды айта келіп, АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанда желтоқсан айында өтетін президент сайлауы ашық, әділ болатынына сенемін деді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс Орталық Азия елдеріне жасаған сапарында Өзбекстанға баруға бас тартқанымен, бұл мемлекеттің қазіргі билігі саяси жүйесін өзгертеді ме, жоқ па, бұған қарамастан АҚШ Өзбекстанмен ынтмақтастығын жалғастыра береді, - деген пікірін жеткізді.

Кондализа Райс ханым, баяндамасын оқып болғаннан кейін онымен кездесуге келгендер сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Залда отырған студенттердің дені өздерінің сұрақтарын Кондализа Райсқа ағылшын тілінде қойды. Студенттердің қызықтырған тақырыптары негізінен екі мемлекет арасындағы байланыс, білім алу мәселесі болды. Олардың бірі АҚШ мемлекеттік хатшысынан Қазақстандағы білім жүйесіне көзқарасын сұрады.

Бұл сұраққа Кондализа Райс ханым мен байқап отырмын, залда отырғандардың дені көп тілде сөйлейді, соған қарағанда Қазақстанның халқы білімді, білім саласы да жоғары деп есептеймін деді.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысына сұрақ қойған «Әділетті Қазақстан үшін қозғалысының» мүшесі Болат Әбілов сіз қалай ойлайсыз, демократиялы, халқы жоғары білімді мемлекетте саяси тұтқын болуы мүмкін бе, мен өзім куә ретінде айта аламын, біздің оппозициялық қозғалыстың мүшелерін әрбір аймақтарда күн сайын тұтқындайды, тәуелсіз басылымыдарды тұншықтырады, тәуелсіз газеттерді жабады. Мысалы кеше ғана Алматы қаласының ортасында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының сайлау штабаның жетекшісі Төлен Тоқтасыновты беттеріне маска киген 20-шақты полиция қызметкерлері тұтқындап алып кетті. Сіз қалай ойлайсыз, бір жағында жоғары білімді халық бола тұрып, екінші жағында авторитарлы билік осындай әрекеттерге барып отыр? - деді Болат Әбілов.

Бұл жағдай Қазақстанда ма, деп сұраған АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондализа Райс, ең алдымен алдағы президент сайлауы міндетті түрде еркін, әрі таза болуы керек және ашық сайлау өтуіне Қазақстан халқы лайық деп санаймын деп жауап берді Кондализа Райс ханым, ол сонымен бірге Қазақстандағы жағдай өзіне халықаралық ұйымдар арқылы жақсы таныс екенін жеткізіп, алда Қазақстанда болатын сайлауға Америка тарапынан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан бақылаушылар келетінін айтты. Кондализа Райс сөзінің соңында егер келесі жолы келуге де мүміндік туса, Қазақстанның өз тілімен сөйлетін болам деді.

Ал Кондализа Райспен кездесуге келген, Қазақстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Серікболсын Әбділдин, АҚШ мемлекеттік хатшысы сайлау алдында, халық жайын, пікірін өз көзімен көріп, байқауға әдейі келіп отыр, - деді.

Ал «Нағыз Ақ жол» партиясын ұйымдастырушылардың бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы Кондализа Райс кездесуді өте дипломатиялы түрде өткізді, бірақ ол Қазақстанның қазіргі саяси жағдайын жақсы біліп отыр, - дейді.

Дегенмен Серікболсын Әбділдин АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапарынан елдегі жағдай өзгере салмайды, ең алдымен қазіргі президент тағынан кетуі тиіс, - дейді.

Ал бұрынғы елші Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл сапардың артында АҚШ-тың өзінің мүддесі бар екенін жасырмайды, ол АҚШ Орталық Азияға ықпалын күшейтіп жатыр, - дейді.

Кондализа Райс ханым залдан шығып кеткеннен кейін, американдық журналистердің барлығы «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшілерін қоршап алып, сұрақтарын қойып жатты.

Ал американдық журналистердің кетуін тосып, залдан шығып кетуге асықпаған студенттер қауымы, шетелдік журналистер кете салысымен, оппозициялық күштердің жетекшілерін жан-жақтан қаумалап, олардың қолтаңбаларын алып қалуға асығып жатты.

Ал Кондализа Райс кездесуден кейін «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай мен «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменовтерді жеке-жеке қабылдады.
XS
SM
MD
LG